Облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметінен мәлім еткендей, биылғы 3 қаңтардан бері қауіпті вирусты жұқтырушылар қатары көбейген. Мәселен, 3 қаңтарда – 20, 6 қаңтарда – 22, 8 қаңтарда – 33, 9 қаңтарда – 42, 10 қаңтарда – 97 адамның Covid-19 инфекциясын жұқтырғаны анықталған. Ал 11 қаңтарда 139 адам Covid-19 инфекциясына шалдықты.
– Қауіпті вирусты жұқтыру дерегі әсіресе, Атырау қаласында көбейіп отыр. Шаһарда 11 қаңтарда Covid-19 инфекциясын жұқтырудың 110 жағдайы расталды. Жылыой ауданындағы Теңіз кен орнында 29 науқас шалдықты. Коронавирус инфекциясы симптомды белгісі 77 науқаста бар, – деп хабарлады басқарманың баспасөз қызметі.
Қазір коронавирус инфекциясын жұқтырған 190 адам үй жағдайында емделіп жатыр. Ал модульдік ауруханада – 142, Теңіз кен орнындағы инфекциялық стационарда – 126, аудандардағы стационарларда 17 науқас оқшауланған. Өңірдегі инфекциялық стационарларда 580 төсектік орын бар. Стационарларда қауіпті вирусқа шалдыққан 285 науқас емделіп жатыр. Мұндағы жүктеме – 49,1%. Инфекциялық стационарлардың 58 орынға есептелген жансақтау бөлімінде жатқан 8 науқастың жағдайы нашарлады. Жағдайы өте ауыр бір пациент өкпені жасанды желдету аппаратына қосылған. Бұл бөлімдегі жүктеме 15,5%-ды құрайды.
Дәрігерлердің айтуына қарағанда, қауіпті вирусты тежеудің бір ғана жолы бар. Бұл – вакцина салдыру. Сол себептен өңір тұрғындарына вакцинаның маңызы туралы ақпараттық түсіндіру жұмысы қайта қолға алынды. Қазір Атырау облысында коронавирус инфекциясына қарсы салынатын вакцинаның төрт түрі бар. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметі таратқан ақпаратқа сүйенсек, былтырғы 1 ақпаннан бері вакциналардың І компонентін 259 970 адам салдырыпты. Ал вакциналардың ІІ компонентін ектіргендердің саны 242 704 адамға жеткен.
– Атырау облысындағы екпе бекеттерінде коронавирус инфекциясына қарсы салынатын 4 вакцинаның қоры жеткілікті. Мәселен, QazVac вакцинасы екпе салдыратын бекеттердің бәрінде бар. Ал VeroCell вакцинасын Атырау қаласындағы №2, 3, 5 және Геолог, Еркінқала елді мекендерінде емханаларда, сондай-ақ темір жол ауруханасы мен «МедикерЖайық» мекемесінде алуға болады. Бұл вакцинаның қоры Қызылқоға ауданында да жеткілікті дей аламыз. Спутник-V вакцинасы Атырау қаласының №1, 2, 3, 4, 5, 7 және Геолог елді мекеніндегі екпе бекетінде бар. Махамбет және Құрманғазы ауданындағы екпе бекеттері аталған вакцинаның жеткілікті дозасымен қамтылды, – деп мәлім етті басқарманың баспасөз қызметі.
Мұнайлы өңірге былтыр 19 қарашада Pfizer вакцинасының екі компонентіне арналған 32 760 дозасы жеткізілген еді. 12 мен 18 жас аралығындағы балалар саны 63 138 адамды құрайды. Ал бала емізетін және жүкті әйелдер саны – 35 362. Былтыр 20 қарашада вакцинаны жасөспірімдер мен аналарға салу басталды. Содан бері Pfizer вакцинасын 3 120 адам салдырды. Оның ішінде бала емізіп отырған 1 558 ана мен 164 жүкті әйел бар. Сондай-ақ 12-18 жас аралығындағы 1 398 жасөспірім аталған вакцинаны алған.
Атырау облысы