Коронавирус • 14 Қаңтар, 2022

Дерт дендемесін десек...

303 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Дауасыз дерт дендеп тарағалы өңірдің 50 мыңнан аса тұрғыны COVID-19 індетін жұқтырыпты. Жыл басынан бері дерт тағы да өршіп келе жатқандығы байқалады.

Дерт дендемесін десек...

Ел шетіне індет жеткен 2020 жылы 7 247 адам дертке душар болса, 2021 жылы бұл көрсеткіш 6 есеге өсіп, 42 434-ке дейін жеткен. Ал жыл басынан бері 353 адам індетті жұқтырып үлгеріпті. Індеттің етек алу себептерін әл­денеше рет жаздық. Өңірде той-томалақ, ас тыйылмады. Халықтың еті үйреніп кеткен болуы керек, сақтық шаралары да сақтала бермейді.

– Пандемиялық ахуал тұрақ­ты. «Жасыл аймақтамыз». Үміт артқан вакциналау өз нәтиже­сін беруде. Жаппай екпе егу­­дің нәтижесінде COVID-19 інде­тін жұқтырғандар саны 5 есеге азай­ды. Мәселен, өткен жыл­­дың тамыз айында 8 334 адам дерт­­ке шалдығып, науқастардың 1 425-і ста­ционарларға жатқызыл­са, желтоқсан айында індетті жұқ­­­­тыр­ған 1 622 тұрғын­ның 200-і ауруханадан ем алды, – дейді облыстық денсаулық сақ­тау бас­қармасының басшысы Нари­ман Сыздықов.

Бүгінгі таңда жансақтау бө­лімінде жатқандардың са­ны кеміді. Бұл ретте індет жұқты­рушылардың қатары азаюмен бірге ауруханалардағы төсектік орын­дардың да қысқарғанын айта кету керек. Нақты деректерге жүгінсек, өңірдегі ауруха­наларда 1 мыңнан астам төсектік орын қысқартылды. Жансақтау бөлімінде де 56 орын азайтылған. Дегенмен індет ушығып кетсе, қосымша 3 мың төсектік орын дайын. Өткен жылдың ақпан айы­нан бастап 300 мыңнан ас­там ақмолалық екпе салдырса, 25 399 адам үшінші мәрте екпе алған. Ал Pfizer вакцинасының екі компонентін де 2 143 адам алып үлгерген. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мә­лі-
­ме­­тіне қарағанда, өткен жы­лы жал­­пы құны 6,2 млрд теңге кө­­ле­­міндегі дәрі-дәрмек жеткізіл­ген. Оның 99,9 пайызы пайдала­нылған.

– Елде жарияланған төтен­ше жағдай кезінде тегін боса­тылатын дәрі-дәрмектерді өңірге жеткізуге ешқандай кедергі болып отырған жоқ. Науқастар­дың басым бөлігі тегін дәрілермен қамтамасыз етілуде. Қорда да тегін дәрі-дәрмектің көлемі жеткілікті, – деді Н.Сыздықов.

Бұдан басқа, құқық қорғау органдарының мәліметтеріне сүйенсек, өткен жылы дәрі-дәрмектерді жеткізу, тиісті деңгейден бағасын асырмау бағытында тексеріс жұмыстары жүргізілген. Тексеріс барысында облыс орталығында бағаны белгіленген шектен негізсіз өсірген бір дәріхана анықталып, 1 856 815 теңге көлемінде әкім­шілік айыппұл салынды. Фармацевтикалық нарыққа ба­қылау жүргізу жұмысы әлі де жалғаса береді.

 

Ақмола облысы