«Теңізшевройл» ЖШС игеріп жатқан бұл кен орнының әлемде баламасы жоқ. Қазір кен орнында екі жобаны іске асыру аяқталуға таялды. Оның бірі – келешек кеңею, екіншісі – ұңғы ернеуіндегі қысымды басқару жобасы. Бұл жобалар іске қосылғанда «Теңізден» алынатын «қара алтын» көлемі 12 млн тоннаға артып, жылына 39 млн тоннаға жетеді.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, Атырау өңіріндегі экономикалық әрі стратегиялық маңызды ірі өнеркәсіп орындарына әскери күзет қойылды. Оның ішінде «Теңіз» кен орны да бар. Бұл кеніштегі өндіріс орындарын Қазақстанның Қарулы күштерінің әскерилері мен облыстық полиция департаментінің қызметкерлері «Теңізшевройл» компаниясының күзет қызметі өкілдерімен бірлесе күзетіп тұр. Олардың арасында Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының (ҰҚШҰ) әскерлері жоқ» деп хабарлады облыс әкімінің баспасөз қызметі.
Мұнайлы шаһарға төрт бағыттан кіретін автокөлік жолына қойылған блок-бекеттерде жүргізушілер мен жолаушылар, көліктің жүк салғышы жіті тексеріліп жатыр. Төтенше жағдай енгізілгеннен бері коменданттық сағат талабы 78 рет бұзылғаны белгілі болды. Мәселен, 9 қаңтарға қараған түні Атырау қаласында түнгі мезгілде жұмыс істеп тұрған үш азық-түлік дүкенінің жұмысы тоқтатылды.
Облыстық аурухананың бас дәрігері Ербол Иманғалиевтің мәліметіне сүйенсек, жаппай тәртіпсіздіктен кейін дәрігерлерге түрлі жарақат алған 62 адам жүгінген. Қазір 7 адам ауруханада жатыр. Оның ішінде 5 науқастың жағдайы тұрақты, ал құқық қорғау органында жұмыс істейтін 2 қызметкердің халі орташа ауыр деп бағаланып отыр.
Ал Атырау магистралдық желі бөлімшесінің директоры Елубай Сапаровтың мәліметіне сүйенсек, жергілікті теміржолшылар қан қорын молайтуды ұйғарды. «Елімізде болған жаппай тәртіпсіздіктен құқық қорғау органдары мен әскерилердің қаза тапқаны жанымызға батып отыр. Зардап шеккендер де аз емес. Өңірдегі темір жол саласында жұмыс істейтін 2 мыңға жуық теміржолшы жарақат алғандарды қолдау үшін қан тапсыруға ұйғарым жасады. Алдымен 70-ке жуық теміржолшы жаппай тәртіпсіздіктен зардап шеккендер үшін қан тапсырды», деп мәлім етті ол.
Атырау облысы