Қазақстан • 14 Қаңтар, 2022

Елордаға заңсыз келген 41 адам Қазақстан аумағынан шығарылды

213 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Төтенше жағдай режимі кезеңінде елордаға заңсыз келген 41 адам Қазақстан аумағынан шығарылды. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қалалық Полиция департаментінен мәлім етті, деп хабарлайды Egemen.kz

Елордаға заңсыз келген 41 адам Қазақстан аумағынан шығарылды

«Қазіргі уақытта елордада жағдай тұрақты. Құқық қорғау органдары тиісті қоғамдық тәртіп пен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуде. Қала периметрі бойынша 6 блокбекет тәуліктік режимде жұмыс істеп тұр. Бір тәуліктің ішінде қалада 11 қылмыс, 105 жол-көлік оқиғасы тіркелді, жарақат алғандар жоқ. Төтенше жағдай режимі жарияланғаннан бері белгіленген режимді бұзу немесе мемлекеттік орган белгілеген талаптарды орындамаудың 353 фактісі тіркелді. Кінәлілерге қатысты шешімді сот қабылдады», деп атап өтеді департаменттен.

 

Ведомство мәліметінше, төтенше жағдай кезінде елорда көшелері мен қоғамдық орындарда тиісті құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету мақсатында Нұр-Сұлтан қаласының полиция қызметкерлері Қазақстан Республикасында болу қағидаларын бұзған шетелдіктерді анықтау бойынша іс-шаралар жүргізуде. Базарлардың, сауда үйлерінің, супермаркеттер мен құрылыс нысандарының және тағы басқа нысандардың аумағында жергілікті-рейдтік іс-шаралар өткізілуде.

 

Көші-қон заңнамасын бұзудың 1 300-ден астам фактісі анықталды. Оның ішінде 295 фактісі шетел азаматтары тарапынан жасалған, 41 шетел азаматы елден шығарылды. Сонымен қатар тіркеусіз немесе жеке басын куәландыратын құжаттарсыз тұрып жатқаны және тұрғын үй иелерінің өз үйлерінде тұрмайтын адамдарды тіркеуге жол бергендері үшін Қазақстан Республикасының 940-тан астам азаматы жауапқа тартылды.

 

«Еліміздің көші-қон саласындағы заңнамасын бұзғаны үшін шетелдіктерді қабылдаған 82 азамат әкімшілік жауапқа тартылды. Осы бағыттағы жұмыстар жалғасуда. Аталған алдын алу іс-шарасын өткізу барысында полиция қызметкерлері елде болу мерзімі өткеннен кейін кетуден жалтарған екі шетел азаматын анықтады. Құқық бұзушыларға қатысты ӘҚБтК-нің 517-бабы 4-бөлігі бойынша әкімшілік хаттама толтырылды. Әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соттың шешімімен шетелдіктер Республикадан тысқары жерге шығарылды. Учаскелік полиция инспекторлары 5882 жалдамалы тұрғын үй мен 490 хостелді тексерді», - делінген ведомство мәліметінде.

 

Соңғы жаңалықтар