14 Наурыз, 2014

Өрісті өнеге

454 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін
Сонау бір жылдары Целиноград аталған қалада, бүгінгі елордада ырымға бір-ақ қазақ мектебі қалған күндер де болған. Естуге ерсі, айтуға ауыз бармайтын-ақ тіршілік еді-ау, бұл. Шүкір! Тә­уелсіздік таңы атып, Қазақ елінің астанасында бірқатар қазақ мектептері ашылды. Солардың бірі болып, Көктал-2 кентінде болашақ өскелең талапқа сай №68 орта мектеп ғимараты бой көтерді. Айтпай кетуге болмас, іргемізде салына бастаған құрылыс бірер жыл тұрып та қалған еді. Мердігерлер жиі ауысып, біраз қиыншылықтарды басынан кешірді. Абырой болғанда, «сабақты ине сәтімен» дегендей, 2011 жылдың қыркүйегінде мектептің білім қақпасы айқара ашылып, алғашқы қоңырауы қағылды. DSCF0006 Бүгінде аталмыш білім оша­ғына келсеңіз, дәліздердің жина­қылығы, безендірулердің жоғары эстетикалық талғам деңгейі көзі­ңізге бірден түседі. Анау маң­дай­ша­дағы Хакім Абайдың «Талап, еңбек, терең ой, қанағат, рақым ойлап қой» деген даналық сөздері көп жайдың бетін ашып тұрғаны ақиқат. Немесе, тарихымызды қайтадан таразылап жатқан осынау кезде Елба­сының «Қасиетті қазақ жері – ата-бабаларымыздың даңқты тарихын атының тұяғымен жазып кеткен жер» деген сөздері бекерден-бекер орналастырылмаса керек. Мектептегі игі істермен тереңі­рек танысудың да сәті түсті. Қо­лымда «Мек­­теп хабаршысы» жур­налы. Аяғын ен­ді тәй-тәй баса бастаған жас ұжым – бі­лім ұя­сы ашамай ерді місе тұтпай, бір­ден тұлпардың жалына жармасқанға ұқсайды. Мектеп директоры Шә­ріпхан Жакенбай бас болып, ұжым қосшы болып, осы әдемі ша­руа­ны бірден-ақ қолға алған. Мек­теп ше­жіресі жазыла баста­ған. Жур­налда жарияланған мақала­лар­­дың әрқайсысы жеке-жеке ба­сы­лымдарға сұранып тұрған дүниелер. «Адамға ең бірінші білім емес, тәр­бие берілуі керек, тәрбиесіз берілген білім – ­адам­заттың қас жауы, ол келешекте оның барлық өміріне апат әкеледі», де­ген ұлы ғұлама ғалым, бабамыз Әл-Фа­рабидің сөзін білім ұясы өзіне бас­ты бағдар етіп алғанға ұқсайды. Неге дей­сіз ғой? Мектепте бір өзі мәдениет сарайына бергісіз акт залы бар. Бұл зәулім сарайдың (иә, сарайдың) сахнасына кімдер келіп, кімдер кетпеген. Әне, оқушылар сахнаны күмбірлеткен «Ақ жауын» камералық оркестрінің өнерін тамашалауда. Оркестр арнайы шақырумен келген. Шеберлігімен, нәзіктігімен ерекшеленетін Секен Тұрысбек басқаратын оркестр сол кеште небір күйлерді күмбірлетті. Осынау күмбірлеген күйге Көктал-2 кентінің біраз тұрғындары тамсаныс білдіріп, қол соқты. Қазақ теледидарының шежіресін сомдаған қоғам қайраткері Сұлтан Оразалин ағамыз да мектепке кездесуге келіпті. Жай келмепті: қос Ғабеңді «ерте келіпті». Кезінде қазақ әдебиетінің алыптары Ғабит Мүсірепов пен Ғабиден Мұстафин туралы фильм түсіргені белгілі. Осы кинофильмді оқушылар мен мұғалімдер тамашалады. Әрі ғалым ағаларының салиқалы әңгімесін тыңдады. Білім ошағының шежіресі одан әрі жалғасуда. Міне, мектеп ұжымы тағы бір кездесуге жиналып жатыр. Қазақ философия ғылымының көрнекті өкілі бұрынғы Сенат депутаты Ғарифолла Есім мен Халық Қаһарманы, Ауған соғысының батыры, Мәжіліс депутаты Бақытжан Ертаев ағалары да ғибраты мол әңгімелердің тиегін ағытса керек. Манағы, «ашамай ерді місе тұтпай, бірден тұлпардың жалына жармасты» деуімнің сыры да осында еді. Бұл пікірімді ашылғанынан үшінші ғана оқу жылын басынан өткеріп жатқан жас ұжымның сан қырлы іс-әрекеттері дәлелдей түседі. Мектеп жұмысының басты көрсет­кіші білім сапасы десек, оны көтеруге атсалысып жүрген ұстаздардың бір шоғыры өз шеберліктерімен кеңінен танымал болған. Былтырғы оқу жылында «Атамекен» орталығында үздік сабақ өткізген тарих пәнінің мұғалімі Нағашыберген Карбоз бірінші орынды иеленіп, 100000 теңге сыйақы алса, биылғы оқу жылында сол байқауға осы мектептің бес ұста­зы қатысып, марапатқа ие болыпты. Өткен оқу жылында республикалық ғылыми-әдістемелік журналдарда, халықаралық, республикалық, қалалық ғылыми-практикалық конференциялар мен семинарлар жинақтарында он сегіз мұғалімнің 38 мақаласы жарық көрген. Ал ғылыми жобада, былтырғы оқу жылында «Ғарыштық зерттеулер арқылы ғылым әлемін ашамыз» атты ІХ Халықаралық байқауда жүлдегер атанған 11-сынып оқушысы Ерлік Әбді­камаловтың есімін ерекше атаған жөн. Мектеп мұғалімдерінің озық тәжіри­бесін білім басқармасы орынды баға­лап отырғанын байқадық. Биылғы оқу жылында тәжірибелі ұстаздар Жазы­бек Ештанаев /қазақ тілі мен әде­биеті/, Нағашыберген Кар­боз /Қазақстан тарихы/, Жады­ра Дайрабай /матема­тика/, Гүл­назира Әбділ­дина /бас­тауыш сынып/ Қазақ­стан Респуб­лика­сы Білім және ғылым министр­лігі­нің бұйрығымен жаңа оқулықтарға сараптама жасауға қаты­суда. Сөз арасында айта кеткен жөн шығар, оқу жылы бойы мониторинг жүргізіліп, оқу-тәрбие жұ­мысының әлсіз жақтары да есепке алынып отырады екен. Бұл – құптарлық жайт. Биылғы оқу жылының басында Ха­лықаралық «Л.Н.Толстой және Қазақ­стан» атты конкурсқа қатысқан №68 орта мектебінің оқушылары Әсия Ергеш­бек пен Айжан Жалғасбаева ұлы жазушының Ясная полянадағы музей-усадьбасының директоры Е.Толс­тая қол қойған алғыс хатпен марапаттал­ды. Мектеп оқушыларының табыстары ауыз толтырып айтуға әбден лайық. 3 «А» сыныбының оқушысы Мақ­сұт Нұрай тотықұс құпиясын зерттеп, республикалық «Зерде» зерттеу жұмыстарының жүлдегері атанып, 3-дәре­желі дипломмен марапатталды. Өткен күзде, киелі Абай жерінде өткен рес­публикалық Абай оқуларында Астананың намысын қорғаған 9-сынып оқушысы Рауан Әдетхан 3-орыннан көрінсе, мектеп ашылғаннан бері қыздар волейбол командасы қала бойынша күміс жүлдегер. Ал команда мүшесі Аида Есілбай «Үздік шабуылшы» атанды. Қуанарлық еңбек. Дзюдо күресінен Астана қаласының ашық біріншілігіне қатысқан мектептің 7-сынып оқушылары Алтай Талас, Аслан Қапсаттар және Батырхан Сәкенов Астана қаласының чемпиондары атанды. Ұлттық бірыңғай тестілеу бойынша өткен оқу жылында орташа балл 85,3-ті құрап, бір оқушы мектепті үздік аттестатқа бітірді. Алаш арыстарының жүріп өткен «соқтықпалы-соқпақты» жолы бүгінгі ұрпаққа әркез үлгі болуы керек. Елім деп еңіреген ерлердің тағдыр-талайы сан қилы болды. Терең біліммен, ғылыммен қаруланған осынау парасатты да абзал жандар қазақ халқының басына түсіп отырған ауыр жағдайларға қатты алаңдады. Саяси партия құрды, үкімет жариялады. Алашорда үкіметін бесігінде тұншықтырды. Бірақ Алаш арыстарының асқақ армандары аманат болып бүгінге жетіп отыр. Осы мектепте биылғы оқу жылында «Алаш жолы» тәжірибелік алаңы өмірге жол тартты. Мақсат-мүддесі құптарлық. 2017 жылы «Алашорда» үкіметінің құрылғанына 100 жыл толады. Мақсат – мектеп оқушыларын Алаш арыстарының жолымен алып өту, әрі осы тақырыпта мұражай ашу. Іске сәт! «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» дегендей, мектеп дирек­торы Шәріпхан Қажытайұлының бас­шы­лығымен ұжым атқарып жатқан игі істер осындай. Тілеубек ЫСҚАҚОВ, зейнеткер ұстаз, Қазақстанның білім беру ісінің озық қызметкері. АСТАНА. Суретте: мектеп ғимараты.