Қазақстан • 17 Қаңтар, 2022

Жаңа Қазақстанды құру – халқымызға ортақ міндет

4993 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісінің отырысында сөйлеген «Қасіретті қаңтар» сабағы: Қоғам тұтастығы – тәуелсіздік кепілі» деп аталатын сөзі жақсылықтың жар­шы­сындай көрінгеніне күмәнім жоқ.

Жаңа Қазақстанды құру –  халқымызға ортақ міндет

Өйткені Президенттің астарында та­лай терең ой жатқан бұл сөзі халық­тың әділетті жаңа қоғам құрылатынына деген үмітін оята алғаны анық. Мем­лекет басшысы біздің еліміздегі қазіргі экономикалық және әлеуметтік жағ­дай­ға толық сараптама жасады. Осы пәтуалы сөзімен алдағы уақытта талай батыл қадамға баратынын білдірді. Қа­рапайым халықтың жанын жегідей жеген проблемаларды терең зерделей отырып, мемлекеттің дұрыс жолмен да­муының алғышарттарын  көрсетіп берген Қасым-Жомарт Тоқаев елде орын алған олқылықтардың бәрін жедел сауықтырып, түбегейлі реформа­лар жасауға дайын екендігін дәлелдей алды. Айтары жоқ, Қасым-Жомарт Тоқаев ел­дегі ахуалды толық білетіндігімен және барлық проблеманы қарапайым ха­лық­пен бірлесіп атқара алатын өзінің сая­си ­күш-жігерін танытқаны көп үміт ұяла­тады.

Ал енді Президент сөзінде көтеріл­ген мәселелердің кейбіреуіне тоқтала ­кет­­кенді жөн көріп отырмын.

Ең бастысы, Президент дәл қазір елімізде теңсіздік мәселесі, мүліктік жіктелу байқала бастағанын, сондай-ақ халықтың әлеуметтік проблемалары әлі күнге дейін толық шешілмей жатқанын жасырмай айтты. Ол өз сө­зінде көпшіліктің көкейінде жүрген «Самұрық-Қазына» қоры және басқа да квазимемлекеттік компаниялардың сатып алуларының ашықтығына қатысты мәселелерді, олардың жекешелендіру­ге қатысты шешімдерінің толық, ашық әрі айқын болуы, экономикадағы олигополия, бизнесті қолдауға арналған мемлекеттік шаралардың кемшіліктері, жемқорлық секілді мемлекеттің дамуын­ тежейтін проблемаларды шешу үшін жаңа­дан жасақталған Үкіметке нақты тап­сырмалар берді.

Мемлекет басшысы алдағы уақыт­та халықтың табысын арттыруға ба­ғыт­талған барлық құралдар мен тетік­терді қарастыратын Әлеуметтік ко­дексті әзірлеу мен қабылдау туралы ойын да жеткізді. Президенттің айтуын­ша, осы халық үшін өте қажетті құ­жат­­­тың болмауы салдарынан көпте­ген адам жұмыссыздықпен бетпе-бет келіп және әлеуметтік қорғаусыз қа­лып жатыр. Сонымен бірге халықтың табысын арттыру бағдарламасын әзір­леу қажеттігіне де тоқталды. Жұмыс нақты әрі әр азаматқа бағдарланған болуы керектігін тапсырды. Басқарудың әр деңгейінде кедейлікті төмендетудің нақты көрсеткіштерін бекітудің қажет­тілігін де ескертті.

Президент субсидияны тұрақты беруге қатысты мәселеге де жеке тоқталды. Ол Үкіметке бұған дейін де субсидия­лау тәсілдерін қайта қарау қажеттігі туралы тапсырма берген болатын. Енді бұл жұмысты қысқа мерзім ішінде атқаруға пәрмен берді. Судсибия алуды жеңілдетуді, оның қолжетімді болуын және ашықтығын қамтамасыз ету­ді бақылауында ұстайтынын айтты. Сонымен қатар алдағы үш жылда азық-түлік қауіпсіздігі мәселесін түбе­гейлі шешудің қажеттігін қадап айт­ты. Президент мұның өзі Үкімет пен әкім­дердің алдында тұрған негізгі басымдық екеніне айрықша назар аударды.

Президент өз сөзінде экономикалық өсім мемлекеттің экономикадағы үлесін азайтумен тығыз байланысты екенін тілге тиек ете келе, жекешелендіру процесінің жүйелі және ашық жүргізіліп жатпағанын сын тезіне салды. Бәсекелестік ортаға берілуі тиіс активтерді іріктеу тәсілдері әлі де айқындалмағанын айта келе, оны шұғыл әзірлеуді Үкіметке тапсыр­ды. Сонымен бірге экономиканы әр­тараптандыру мәселесіне айрық­ша тоқталған Президент онсыз азамат­­та­рымыздың әл-ауқатын арттырып, тұ­рақты жұмыс орындарын ашу мүмкін еместігін ескертті. Қасым-Жомарт Тоқаев бұл жұмыстың басты бағыты өңдеу өнер­кәсібін дамытуда екенін астын сызып тұрып айтты.

Ең бастысы, бүкіл халықтың наразы­лығын туғызып жүрген олигархия­лық топтардың заңсыз әрекеттері шекте­ліп, шағын және орта бизнестің еркін да­муына жол ашатын жаңа экономика­лық даму кезеңі басталатынына деген се­нім оянды. Себебі заңды белінен басып, атқарушы билік­тің төбесінен қарап, оларға айтқанын орындатып жүрген топ­тардың әдепсіз әрекеттері ашық айты­лып, жуық арада қатаң бақылауға алы­натыны белгілі болды. Бұл халықтың көптен күтіп жүрген жаңалығы еді, сол күн де туды.

Мемлекет басшысы атқарушы би­лік халықтың мұң-мұқтажына, заңды талаптарына атүсті қарап, жеңіл шешім іздеуді әдетке айналдырғанын сынға алды. Кейде билік өкілдері олигархия­лық топтардың жетегінде кетіп, халық мүддесіне қарсы, бірақ жеке алпауыт топтардың байлығын еселей түсетін әді­летсіз шешімдерді қабылдауға қы­зы­ғушылық танытқанын да жайып салды. Соның салдарынан шағын және орта бизнес тиісті даму жолына түсе алмай, халық арасында әлеуметтік алшақтық пайда болып, кедейлер саны өсіп кетті. Содан соң соңғы жиырма жылға жуық кезеңде елімізде мемлекет тарапынан орасан зор қаржы бөлініп жатқанына қарамастан, индустрияландыру саясатында нақты жетістіктер аз екенін, өндіру өнеркәсібінің дамуы мардымсыз екенін де қатаң сынға алды. Осы мәселе бұған дейін де Президент тарапынан айтылып жүрген еді, ал бұл жолы тапсырма тура әрі нақты болды, сондықтан енді бір серпіліс болары анық.

Біз осы күнге дейін өзіміз өндіріп отырған шикізаттан, атап айтқанда мыс, алюминий және тағы басқа түрлі түс­ті металдан дайын өнім шығара алмай отырмыз. Сондықтан қолымызда бар шикізатты өңдеп, өнімдердің жаңа түрлерін шығару көптеген жұмыс орын­дарының ашылып, әлеуметтік жағдайды реттеуге көмектесері сөзсіз. Президент әңгіменің төркіні осында жатқанына сендірді.

Көптеген проблеманың басын аша келе Мемлекет басшысы бизнес өкіл­дерінің мемлекет пен қоғам алдын­да­ғы әлеуметтік жауапкершілігінің соң­ғы жылдары төмендеп кеткенін ес­керт­ті. Салықтан жалтару, валютаны сырт­қа әкету, отандық өндірісті дамытуға нем­­құрайды қарау секілді көріністер – со­ның айғағы. Сондықтан «өзінің және ұрпақ­тарының тағдырын Қазақстанның болашағымен тығыз байланыстыратын отаншыл бизнес өкілдері мемлекет тарапынан қолдауға ие болады» деп атап көрсетті Мемлекет басшысы. Өте орынды айтылған ұсыныс. Олай дейтінім, тек бүкіл халық болып жұмылып, иық тіресіп, еліміз үшін қызмет атқарған жағдайда ғана біз өз Отанымызды гүлдендіре аларымыз анық.

Мемлекет басшысының айтуынша, мемлекеттік бюджеттің 50 пайызынан көбі әлеуметтік салаға жұмсалады, дегенмен ол әлі де жеткіліксіз. Бұл орайда, денсаулық сақтау, білім беру, балаларды қорғау секілді салаларды қолдау мақсатында Қоғамдық қор тетігін пайдалану туралы Президенттің ұсынысы өте орынды болды. Жалпы, мемлекетті дамытудың ауқымды міндеттерін ашып көрсеткен Президент халықтың жағ­дайын жіті түсініп, әлеуметтік-эко­номикалық салаларда белең алып жатқан кемшіліктер мен қиындықтарды еңсеруге бар күшін салатынына бүкіл қоғам сенім арта бастады.

Мемлекет басшысы қоғамда кең етек жайған әділетсіздікке де айрықша тоқ­талды. Бұл да жалпы әлеуметке белгілі, халықтың ызасы мен наразылығын тудырып жүрген өзекті мәселе еді. Әсіресе заңды өрескел бұзып, ойына келгенін жасап үйренген алпауыт олигархтар­дың әрекетіне ерекше назар аударылды. Солардың әдепсіз әрекетінен мемлекетке тиесілі қаражаттың бюджетке емес, жеке тұлғалардың қалтасына түсетіні, кеден маңындағы шаруаларды озбыр топтың өкілдері бөліп алып, еш салықсыз кең көлемде заңсыз тауарларды импорттау арқылы бәсекеге жол бермей, мемлекетке орасан зор зиян келтіруі, жекешеленді­ру деген жалған атты жамылып, мемлекет­тің мүлкін талан-таражға салу, энергия көздері мен транспорт тарифтерін кө­ңілдерінен шығатын деңгейде бекітіп, ерекше жеңілдікке ие болуы және т.б. сол сияқты әділетсіздіктерге алдағы уақытта тосқауыл қоюды Үкіметке қатаң тапсырды. Егер осы аталған кемшіліктер түзетіліп, бетімен кеткен алпауыт олигархтар ауыздықталатын болса, онда бұл еліміздің экономикасының еркін қа­даммен дамуына тұсау болып отырған көп жағдайдан құтылуға жол ашары сөзсіз.

Көтерілген мәселе көп, соның ішін­де ұлттық валютаның тұрақтылығын қам­­тамасыз ету, инфляцияның өршіп, бағаның өсуіне жол бермеу, халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған нақ­ты шешімдер дайындау, саяси мәсе­ле­лер шоғырланған аймақтарда арнайы бағдарламалар дайындай отырып, он­дағы қордаланған проблемалардың ше­шілуін жолға қою, жастардың білімі мен біліктілігін жетілдіріп, жаңа экономикаға қажетті кадр тапшылығын шешу секілді өзек­ті проблемалар да Мемлекет басшы­сының назарынан тыс қалған жоқ.

Ендігі жерде жаңа Үкімет осы айтыл­ған тапсырмалардың жүзеге асырылуын қамтамасыз ететін арнайы бағдарлама дайындап, іске кірісуге тиіс. Айтылған ой айқын, тапсырмалар нақты болған­дық­тан, олардың абыроймен орындала­ты­нына күмән аз.

Жалпы, бұл шаруаны іске асыру – бүкіл Қазақстан халқының ортақ міндеті. Сондықтан ендігі кезеңде бір жеңнен – қол, бір жағадан бас шығарып, бір­лігімізді сақтай отырып, ынтымақ пен қа­жырлы еңбектің арқасында экономикасы дамыған, әлеуеті өркендеген жаңа Қа­зақстанды бірге құратын кез келді, ағайын!

 

Жақсыбек ҚҰЛЕКЕЕВ,

мемлекет қайраткері