Өйткені Президенттің астарында талай терең ой жатқан бұл сөзі халықтың әділетті жаңа қоғам құрылатынына деген үмітін оята алғаны анық. Мемлекет басшысы біздің еліміздегі қазіргі экономикалық және әлеуметтік жағдайға толық сараптама жасады. Осы пәтуалы сөзімен алдағы уақытта талай батыл қадамға баратынын білдірді. Қарапайым халықтың жанын жегідей жеген проблемаларды терең зерделей отырып, мемлекеттің дұрыс жолмен дамуының алғышарттарын көрсетіп берген Қасым-Жомарт Тоқаев елде орын алған олқылықтардың бәрін жедел сауықтырып, түбегейлі реформалар жасауға дайын екендігін дәлелдей алды. Айтары жоқ, Қасым-Жомарт Тоқаев елдегі ахуалды толық білетіндігімен және барлық проблеманы қарапайым халықпен бірлесіп атқара алатын өзінің саяси күш-жігерін танытқаны көп үміт ұялатады.
Ал енді Президент сөзінде көтерілген мәселелердің кейбіреуіне тоқтала кеткенді жөн көріп отырмын.
Ең бастысы, Президент дәл қазір елімізде теңсіздік мәселесі, мүліктік жіктелу байқала бастағанын, сондай-ақ халықтың әлеуметтік проблемалары әлі күнге дейін толық шешілмей жатқанын жасырмай айтты. Ол өз сөзінде көпшіліктің көкейінде жүрген «Самұрық-Қазына» қоры және басқа да квазимемлекеттік компаниялардың сатып алуларының ашықтығына қатысты мәселелерді, олардың жекешелендіруге қатысты шешімдерінің толық, ашық әрі айқын болуы, экономикадағы олигополия, бизнесті қолдауға арналған мемлекеттік шаралардың кемшіліктері, жемқорлық секілді мемлекеттің дамуын тежейтін проблемаларды шешу үшін жаңадан жасақталған Үкіметке нақты тапсырмалар берді.
Мемлекет басшысы алдағы уақытта халықтың табысын арттыруға бағытталған барлық құралдар мен тетіктерді қарастыратын Әлеуметтік кодексті әзірлеу мен қабылдау туралы ойын да жеткізді. Президенттің айтуынша, осы халық үшін өте қажетті құжаттың болмауы салдарынан көптеген адам жұмыссыздықпен бетпе-бет келіп және әлеуметтік қорғаусыз қалып жатыр. Сонымен бірге халықтың табысын арттыру бағдарламасын әзірлеу қажеттігіне де тоқталды. Жұмыс нақты әрі әр азаматқа бағдарланған болуы керектігін тапсырды. Басқарудың әр деңгейінде кедейлікті төмендетудің нақты көрсеткіштерін бекітудің қажеттілігін де ескертті.
Президент субсидияны тұрақты беруге қатысты мәселеге де жеке тоқталды. Ол Үкіметке бұған дейін де субсидиялау тәсілдерін қайта қарау қажеттігі туралы тапсырма берген болатын. Енді бұл жұмысты қысқа мерзім ішінде атқаруға пәрмен берді. Судсибия алуды жеңілдетуді, оның қолжетімді болуын және ашықтығын қамтамасыз етуді бақылауында ұстайтынын айтты. Сонымен қатар алдағы үш жылда азық-түлік қауіпсіздігі мәселесін түбегейлі шешудің қажеттігін қадап айтты. Президент мұның өзі Үкімет пен әкімдердің алдында тұрған негізгі басымдық екеніне айрықша назар аударды.
Президент өз сөзінде экономикалық өсім мемлекеттің экономикадағы үлесін азайтумен тығыз байланысты екенін тілге тиек ете келе, жекешелендіру процесінің жүйелі және ашық жүргізіліп жатпағанын сын тезіне салды. Бәсекелестік ортаға берілуі тиіс активтерді іріктеу тәсілдері әлі де айқындалмағанын айта келе, оны шұғыл әзірлеуді Үкіметке тапсырды. Сонымен бірге экономиканы әртараптандыру мәселесіне айрықша тоқталған Президент онсыз азаматтарымыздың әл-ауқатын арттырып, тұрақты жұмыс орындарын ашу мүмкін еместігін ескертті. Қасым-Жомарт Тоқаев бұл жұмыстың басты бағыты өңдеу өнеркәсібін дамытуда екенін астын сызып тұрып айтты.
Ең бастысы, бүкіл халықтың наразылығын туғызып жүрген олигархиялық топтардың заңсыз әрекеттері шектеліп, шағын және орта бизнестің еркін дамуына жол ашатын жаңа экономикалық даму кезеңі басталатынына деген сенім оянды. Себебі заңды белінен басып, атқарушы биліктің төбесінен қарап, оларға айтқанын орындатып жүрген топтардың әдепсіз әрекеттері ашық айтылып, жуық арада қатаң бақылауға алынатыны белгілі болды. Бұл халықтың көптен күтіп жүрген жаңалығы еді, сол күн де туды.
Мемлекет басшысы атқарушы билік халықтың мұң-мұқтажына, заңды талаптарына атүсті қарап, жеңіл шешім іздеуді әдетке айналдырғанын сынға алды. Кейде билік өкілдері олигархиялық топтардың жетегінде кетіп, халық мүддесіне қарсы, бірақ жеке алпауыт топтардың байлығын еселей түсетін әділетсіз шешімдерді қабылдауға қызығушылық танытқанын да жайып салды. Соның салдарынан шағын және орта бизнес тиісті даму жолына түсе алмай, халық арасында әлеуметтік алшақтық пайда болып, кедейлер саны өсіп кетті. Содан соң соңғы жиырма жылға жуық кезеңде елімізде мемлекет тарапынан орасан зор қаржы бөлініп жатқанына қарамастан, индустрияландыру саясатында нақты жетістіктер аз екенін, өндіру өнеркәсібінің дамуы мардымсыз екенін де қатаң сынға алды. Осы мәселе бұған дейін де Президент тарапынан айтылып жүрген еді, ал бұл жолы тапсырма тура әрі нақты болды, сондықтан енді бір серпіліс болары анық.
Біз осы күнге дейін өзіміз өндіріп отырған шикізаттан, атап айтқанда мыс, алюминий және тағы басқа түрлі түсті металдан дайын өнім шығара алмай отырмыз. Сондықтан қолымызда бар шикізатты өңдеп, өнімдердің жаңа түрлерін шығару көптеген жұмыс орындарының ашылып, әлеуметтік жағдайды реттеуге көмектесері сөзсіз. Президент әңгіменің төркіні осында жатқанына сендірді.
Көптеген проблеманың басын аша келе Мемлекет басшысы бизнес өкілдерінің мемлекет пен қоғам алдындағы әлеуметтік жауапкершілігінің соңғы жылдары төмендеп кеткенін ескертті. Салықтан жалтару, валютаны сыртқа әкету, отандық өндірісті дамытуға немқұрайды қарау секілді көріністер – соның айғағы. Сондықтан «өзінің және ұрпақтарының тағдырын Қазақстанның болашағымен тығыз байланыстыратын отаншыл бизнес өкілдері мемлекет тарапынан қолдауға ие болады» деп атап көрсетті Мемлекет басшысы. Өте орынды айтылған ұсыныс. Олай дейтінім, тек бүкіл халық болып жұмылып, иық тіресіп, еліміз үшін қызмет атқарған жағдайда ғана біз өз Отанымызды гүлдендіре аларымыз анық.
Мемлекет басшысының айтуынша, мемлекеттік бюджеттің 50 пайызынан көбі әлеуметтік салаға жұмсалады, дегенмен ол әлі де жеткіліксіз. Бұл орайда, денсаулық сақтау, білім беру, балаларды қорғау секілді салаларды қолдау мақсатында Қоғамдық қор тетігін пайдалану туралы Президенттің ұсынысы өте орынды болды. Жалпы, мемлекетті дамытудың ауқымды міндеттерін ашып көрсеткен Президент халықтың жағдайын жіті түсініп, әлеуметтік-экономикалық салаларда белең алып жатқан кемшіліктер мен қиындықтарды еңсеруге бар күшін салатынына бүкіл қоғам сенім арта бастады.
Мемлекет басшысы қоғамда кең етек жайған әділетсіздікке де айрықша тоқталды. Бұл да жалпы әлеуметке белгілі, халықтың ызасы мен наразылығын тудырып жүрген өзекті мәселе еді. Әсіресе заңды өрескел бұзып, ойына келгенін жасап үйренген алпауыт олигархтардың әрекетіне ерекше назар аударылды. Солардың әдепсіз әрекетінен мемлекетке тиесілі қаражаттың бюджетке емес, жеке тұлғалардың қалтасына түсетіні, кеден маңындағы шаруаларды озбыр топтың өкілдері бөліп алып, еш салықсыз кең көлемде заңсыз тауарларды импорттау арқылы бәсекеге жол бермей, мемлекетке орасан зор зиян келтіруі, жекешелендіру деген жалған атты жамылып, мемлекеттің мүлкін талан-таражға салу, энергия көздері мен транспорт тарифтерін көңілдерінен шығатын деңгейде бекітіп, ерекше жеңілдікке ие болуы және т.б. сол сияқты әділетсіздіктерге алдағы уақытта тосқауыл қоюды Үкіметке қатаң тапсырды. Егер осы аталған кемшіліктер түзетіліп, бетімен кеткен алпауыт олигархтар ауыздықталатын болса, онда бұл еліміздің экономикасының еркін қадаммен дамуына тұсау болып отырған көп жағдайдан құтылуға жол ашары сөзсіз.
Көтерілген мәселе көп, соның ішінде ұлттық валютаның тұрақтылығын қамтамасыз ету, инфляцияның өршіп, бағаның өсуіне жол бермеу, халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған нақты шешімдер дайындау, саяси мәселелер шоғырланған аймақтарда арнайы бағдарламалар дайындай отырып, ондағы қордаланған проблемалардың шешілуін жолға қою, жастардың білімі мен біліктілігін жетілдіріп, жаңа экономикаға қажетті кадр тапшылығын шешу секілді өзекті проблемалар да Мемлекет басшысының назарынан тыс қалған жоқ.
Ендігі жерде жаңа Үкімет осы айтылған тапсырмалардың жүзеге асырылуын қамтамасыз ететін арнайы бағдарлама дайындап, іске кірісуге тиіс. Айтылған ой айқын, тапсырмалар нақты болғандықтан, олардың абыроймен орындалатынына күмән аз.
Жалпы, бұл шаруаны іске асыру – бүкіл Қазақстан халқының ортақ міндеті. Сондықтан ендігі кезеңде бір жеңнен – қол, бір жағадан бас шығарып, бірлігімізді сақтай отырып, ынтымақ пен қажырлы еңбектің арқасында экономикасы дамыған, әлеуеті өркендеген жаңа Қазақстанды бірге құратын кез келді, ағайын!
Жақсыбек ҚҰЛЕКЕЕВ,
мемлекет қайраткері