Мәселен, өткен жылдың басты жетістіктерінің бірі ретінде Халықаралық азаматтық авиация ұйымының (ICAO) Қазақстанда жүргізген тексерісін атауға болады. Тексеру қорытындысы бойынша халықаралық ұйым Қазақстанның ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз ету деңгейін 84 пайызға дейін көтерді. Бұл әлемдік орташа көрсеткіштен 15 пайызға жоғары. Аталған көрсеткіш бойынша, Қазақстан Нидерланд (87 пайыз), Бельгия (87 пайыз), Португалия (87 пайыз), Чехия (87 пайыз), Латвия (86 пайыз), Дания (85 пайыз), Исландия (84 пайыз), Польша (84 пайыз), Словения (82 пайыз), Кипр (82 пайыз) секілді елдермен бір қатарда тұр.
Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі хабарлағандай, Қазақстанның азаматтық авиация саласын тексеру мақсатында Еуропалық комиссияның Еуропалық Одақ елдерінің авиациялық қауіпсіздік жөніндегі агенттігі мен авиациялық билік өкілдері, АҚШ Көлік қауіпсіздігі әкімшілігі (TSA) сарапшылары біздің елге арнайы келді. АҚШ-тың авиациялық сарапшылары министрліктің, авиациялық реттеушінің және әуежайлардың үйлесімді жұмысын бағалап, аудиторлар алдындағы ашықтығын атап өтті.
Бұл ретте «Қазақстанның авиациялық әкімшілігі» акционерлік қоғамы бақылау-қадағалау функцияларын іске асыру шеңберінде 16 әуежайды сертификаттау және 32 инспекциялық тексеру жүргізген. Авиация мамандарына куәлік беру бойынша 2 500-ден астам мемлекеттік қызмет көрсетілген. 9 авиациялық оқу орталығы сертификаттаудан өтіп, 17 инспекциялық тексеру жүргізілді. Биыл Qazaq Air әуе компаниясының әуе кемесі Аруба тізілімінен Қазақстанның азаматтық әуе кемелері тізіліміне қайта тіркелді.
Сондай-ақ былтыр Қазақстан Азаматтық авиацияның еуропалық конференциясына бақылаушы мәртебесіне ие болды және ТМД-дан ЕСАС-қа қабылданған үшінші ел атанды.
«Ішкі тасымалдар көлемі пандемияға дейінгі деңгейде қалпына келтіріліп, одан да асып түсті. Ішкі туризмді дамыту шеңберінде Түркістан, Алакөл, Балқаш, Щучье-Бурабай курорттық аймағы сияқты туристік орындарға әлеуметтік маңызы бар рейстер орындалды. 24 елмен 73 бағыт бойынша халықаралық әуе рейстері жаңартылып, ашылды. Бұл пандемияға дейінгі кезеңнің 66 пайызына тең. Мальдив аралдарымен Алматы – Мале, Қатармен Алматы – Доха, Шри-Ланкамен Алматы – Коломбо, Кувейтпен Алматы – Эль-Кувейт, БАӘ-мен Абу-Даби – Алматы бағыттары бойынша жаңа рейстер ашылды», деп хабарлады Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Азаматтық авиация комитеті.
Сонымен қатар Қазақстан мен АҚШ арасында тікелей тұрақты әуе қатынасын орнату шеңберінде Парламент Мәжілісі ел Үкіметі мен АҚШ Үкіметі арасындағы әуе қатынасы туралы келісімді ратификациялау туралы заң жобасын мақұлдады. Ол тікелей тұрақты рейстерді орындауға құқықтық база қалыптастырады.
Бұдан бөлек әуе көлігінің жерүсті инфрақұрылымын жаңғыртуға да көңіл бөлінуде. Инфрақұрылымды дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде Өскемен қаласы әуежайының ұшу-қону жолағы қайта жаңартылуда. Жолақтарды 300 метрге ұзарту және әуе кемелерінің қазіргі заманғы түрлерін қабылдау үшін жарық-сигналдық жабдықты ауыстыру көзделген.
Жеке инвестициялар есебінен Шымкент қаласының әуежайында жаңа терминалдың құрылысы жалғасуда. Ол терминал алаңын 3,8 мыңнан 35 мың шаршы метрге дейін кеңейтуге және өткізу қабілетін сағатына 150 адамнан 2 мың жолаушыға дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді. Жаңа терминал халықаралық сапа және қауіпсіздік стандарттарына сәйкес келеді.
Батыс Қазақстан облысының әкімдігі жеке инвестицияларды тарта отырып, Орал қаласы әуежайының аэровокзал кешенін жаңғырту бойынша жұмыс жүргізуде. Терминал аумағы екі есе ұлғайып, өткізу қабілеті сағатына 100 адамнан 200 жолаушыға жетеді.
Сондай-ақ былтыр Қостанай қаласы әуежайының аэровокзал кешенін реконструкциялау жұмыстары басталды. Өткізу қабілетін сағатына 200 адамнан 250 жолаушыға дейін арттыру жоспарлануда.
Алакөл туристік орталығының көліктер үшін қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында Үржар ауылы аэровокзалының ұшу-қону жолағын және ғимаратын реконструкциялау бойынша жұмыстар жүргізілуде. Сондай-ақ Үшарал қаласы әуежайының ұшу-қонау жолағын, рульдеу жолын және перронын жаңғырту жұмыстары басталды.
2021 жылы ішкі рейстерде жеке куәліктің түпнұсқасын пайдаланбай, жеке деректерді растау үшін Egov Mobile арқылы цифрлы құжаттар қызметі енгізілді. Жоба еліміздің барлық әуежайында іске қосылды.