Медицина • 17 Қаңтар, 2022

Донор болу – өмір сыйлау

575 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Кейінгі күндері елордада қан тапсырып, донор болуға ниет білдірген азаматтардың қатары күрт көбейді. Қаңтардың 5-10 күндері аралығында Трансфузиология ғылыми-өндірістік орталығына 1 500 адам қан тапсыруға келіпті.

Донор болу – өмір сыйлау

Астана эпидемиялық ахуал бойынша «қызыл аймақта» тұр­ға­нына қарамастан, орталыққа келуші ағайынның қатары сиреген жоқ. Әрине, мекемеде санитарлық талаптың, маска тағу режімінің сақталуы қатаң қадағаланып отыр. Трансфузиология ғылыми-өн­дірістік орталығының Қанды алу және оны дайындау бөлімінің дәрігері Зәуреш Әлменованың айтуынша, қазір донорлық қан тапшылығы жоқ, ауруханаларды қамтамасыз ету үшін донорлық қан толық көлемде бар.

– Біздің орталыққа келіп тұрақ­ты түрде қан тапсырып тұратын донорлар баршылық. Әдетте күніне 120-130 шақты адам қан тапсырады. Бірақ жақында елімізде болған төтенше оқиға кезінде қан тапсыруға ниет білдірген адамдардың қатары едәуір артты. Дәлірек айтсақ, күн сайын 300-ге жуық адам донор болуға келді. Жалпы, 5 қаңтардан бастап 10 қаңтарға дейін 1 500 донор қан тапсыруға келді. Оның ішінде тек 1 213 донор өтті. Енді донор боламын деп келгендердің бәрінің денсаулығы көтере бермейтінін де ескереміз ғой. Қазір 730 литр қан дайындап қойдық. Қандай да оқыс оқиға болса, басқа аймақтарға көмек керек болып жатса, бізде қан және оның компоненттері ар­тығымен қорда тұр. Мұның бәрі – елде болып жатқан жағдай­лар­ға бейжай қарамай, қолдан келер көмегін көрсеткісі келген ағайынның арқасы. Бұл аза­мат­­тардың барлығына шексіз ризашылы­ғымызды білдіреміз, – дейді дәрігер.

Оның айтуынша, донор болуға көбінесе ер адамдар, оның ішінде жастар көп келеді екен. Мысалы, 2021 жылдың қорытындысы бойынша жалпы донор болған азаматтардың 70%-ын ер адамдар құрады.

– Бүгінде қан тапсыруға лек-легімен келіп жатқан азаматтар бұдан кейінгі уақытта да тұрақты келіп тұрса, абзал болар еді. Өйткені қазір алынып жатқан қанның сақтау мерзімі шектеулі. Мысалы, қызыл қан түйіршектерін 42 күнге дейін, ал тромбоциттерді 5-7 күн ғана сақтай аламыз. Сондықтан донорлардың үнемі қан тапсырып тұрғаны – үлкен көмек. Былайғы күнде де жол апаты, басқа да оқыс оқиғалар, босанған әйелдерден қан кету сияқты жағдайлар орын алып жатады. Мұндай шұғыл көмек көрсетуге тура келетін кездерде қажетті мөлшерде қан керек болып қалады, – деді З.Әлменова.

Негізінен донор болған азамат­тарға 0,25 АЕК мөлшерінде, яғни 729 теңге төленеді. Сондай-ақ дәрігердің анықтамасымен екі күн жұмысқа бармауына болады. Бірақ көмектесемін деген ниетпен келген жұрттың бәрі бұған қарамастан, қан тапсырып жатыр екен.

Соңғы жаңалықтар

Көлікпен дәулет құраған

Қоғам • Бүгін, 10:40

Әлжанның алтын медалі

Таным • Бүгін, 10:20

Ақылды келіншек

Ең қысқа әңгіме • Бүгін, 10:00