Бокс • 17 Қаңтар, 2022

Қырғызға қарсы шығады

205 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Атақты аралас жекпе-жек шебері Хабиб Нұрмагомедовке қарасты Eagle FС промоушенінің ұйымдастыруымен 18 ақпанда Мәскеуде халықаралық турнир өтеді.

Қырғызға қарсы шығады

Аталған жарыста қырғызстандық Бұсыр­манқұл Әбдібаитұлына тиесілі жартылай жеңіл салмақтағы Eagle FС ұйымның чемпиондық белбеуі сарапқа салынады. Оның қарсыласы – Жасұлан Әкімжанов. Бұсырманқұл жайында айтар болсақ, ол 1993 жылдың 27 қаңтарында Ош облысында дүниеге келді. Жастайынан белбеулі күреспен айналысты. 2010 жылдан бері аралас жекпе-жекке ден қойды. Арада бес жыл өткеннен соң кәсіпқойлар арасында өзінің тұсаукесер кездесуін өткізді. Оған дейін грепплингтен Мәскеуде өткен әлем чемпионатында топ жарды. Сол аралықта 19 рет октагонға шыққан ол 14 бәсекеде басымдық танытып, 10 айқасты мерзімінен бұрын аяқтады. Үш рет ұтылып, тағы бір жекпе-жекте тең есеп тіркелді. 2015 жылы қырғыз спортшысы біздің Ержан Еста­новпен күш сынасып, ұпай санымен есе жіберген еді. Тағы бір айта кетерлік жайт, 2015 жылы Әбдібаитұлы салмағы небәрі 66 кило тартқанына қарамастан, алыптармен айқасып, грепплингтен Қырғызстанның абсолютті чемпионы атанды.

Ал Жасұланның жүріп өткен жолы қазақ жанкүйерлерінің көз алдында. Ол да жас­тайына­н бірқатар спорт түрімен шұғыл­данды. Аралас жекпе-жектен 10 кездесу өткізіп, жетеуінде жеңіске жетті. Бес бәсекеде айқын басымдық танытты.