Аймақтар • 17 Қаңтар, 2022

Алматыда комендант сағатын бұзғандар әкімшілік жауапқа тартылды

286 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Алматыда комендант сағатын бұзғаны үшін 84 адам әкімшілік жауапқа тартылды. Бұл туралы қалалық полиция департаментінің бастығы Қанат Таймерденов Алматының тыныс-тіршілігін қалпына келтіру жөніндегі қалалық штаб отырысында мәлім етті, деп хабарлайды Egemen.kz

Алматыда комендант сағатын бұзғандар әкімшілік жауапқа тартылды

Оның айтуынша, қаладағы қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге және аса маңызды нысандарды қорғауға 3 800 полиция мен сарбаз жұмылдырылды.

 

Сонымен қатар, ол Алматыда үш ауысымды режимде полиция және әскери қызметкерлерден құрылған жаяу патрульдер жұмыс істеп жатқанын айтты.

 

«Қалада 5 блок-бекет жұмыс істеп тұр. Оған 390 адам жұмылдырылған. Қорғаныс министрлігі әскери қызметкерлері қаланың барлық маңызды стратегиялық нысандарын қорғап тұр. Полиция банктердің 49 есеп айырысу бөлімшесін күзетке алды», деді ол.

 

«Терроризмге қарсы операция басталғалы ішкі істер органдарына жалпы 2300 адам жеткізілді. Олардың 236-сы қарақшы және жаппай тәртіпсіздікке қатысқандар болды, олар қамауға алынды. 84 адам комендаттық сағатты бұзғаны үшін әкімшілік жауапқа тартылды», деді Қанат Таймерденов. Спикердің сөзінше, 7 қару-жарақ дүкенінен 1 347 қару ұрланған. Осыған қатысты арнайы тергеу тобы құрылды. Осы сәтке дейін 127 қару тәркіленді, оның 58-і аңшы дүкенінен ұрланғаны анықталды.