14 Наурыз, 2014

Дүбірге толы дүние

246 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
ҚАЙШЫЛЫҚ – УГО ЧАВЕСТЕН ҚАЛҒАН МҰРА Қазір шетелдік телеарналар күн сайын Венесуэладағы жағдайды көрсетіп жатады. Полициямен шайқасқан халық бетінен қайтпайтын сияқты көрінеді. VENEZUELA ELECTIONS Атап айтарлық бір жай – бұл қарсылық акциялар өткен айдың орта шенінде басталса, әуелгіде бұл елде 14 жыл билік тізгінін ұстаған Уго Чавестің қайтыс болуының бір жылдығына арналып өткізілген болатын. Қазіргі билік өз көсемдерінің бейнесін құрметтеуге байланысты шаралар белгілесе, қарсылыққа шыққандар Чавестің мұрагері президент Ни­колас Мадуроны сол биліктен тайдыруды көздейді. Сарапшылардың болжамына қарағанда, бұл елде халық екіге тең бөлінген: бір жағы билікті қолдаса, екінші жағы – оған оппозиция. Биліктің қолында күш бар, қарсыластарын ұрып-соғады, түрмеге жабады. Бәрібір жеңе алмайды. Билік Уго Чавестің жолын ұстанады. Оның жолы – социа­листік қоғам орнату еді. Оның өзі тұрпайылау социа­лизм болды. Жеке меншік кәсіп­орындарды күшпен мемлекетке алып берді. Дүниежүзінде мұнайға ең бай ел – Венесуэла. Халық пайдаланатын бензиннің бағасы қазіргі ішетін сумен тең. Бірақ халықтың жағдайы жақсара қойған жоқ. Қазір елде ең зәру зат – дәретханалық қағаз. Оны капи­талистік елдерден ал­ғысы кел­мейді, ал өздері жасай алмайды. Көзі тірісінде Чавес Саддам Хусейнмен, Муамар Каддафимен, Александр Лукашенкомен, Дми­трий Медведевпен, Ахма­дине­жадпен дос болды. Осыдан да біраз жайды аңғаруға болғандай. Бұларды достастырған – АҚШ. Сол елге қарсылық. Қазіргі билік бар қиындықты АҚШ империализмінен көреді. Ал оппозициялық «Жаңа заман» партиясының көсемі Альфонсо Маркина 14 жыл бойы эконо­миканы Чавестің жолымен жүргі­зуден көреді. Соны жұртқа ұқ­тыру үшін олар күресіп келеді. Қайсысы жеңері белгісіз. Бір өкі­ніш­тісі – күш құрылымдарымен қақ­тығыстар кезінде екі жақтан да, яғни наразылық шеруіне шы­ғушылар мен полиция жағынан да көзжұмғандар бар.   ШЕТЕЛГЕ БАРУДЫҢ ЖАҢА ТӘРТІБІ Өзбекстанда ел президенті қол қойған қызық құжат жарық көрді. «Лауазымды адамдардың шетелге шығу тәртібін жетілдіру шаралары туралы» деп аталады. Оған байланысты, үлкен қызметтегі адамдар шетелге бару үшін мемлекет басшысынан рұқсат сұрауы қажет екен. Ташкент вокзал Әрине, әр елдің өздеріне тән тәртібі болады. Қазақша айтқанда, «салты басқа, иттері қара қасқа». Тәртібін де, салтын да сыйлауға тиістісің. Сөйтсе де, жалпақ дү­ниеге жария етіп отырған соң, жоғарыда аталған құжат туралы пікір айтуға құқымыз бар. Сол төңіректе ой өрбітіп көрейікші. Сонда бұл құжат нені көз­дейді? Қызметкерлердің жауап­кершілігін арттыру ма? Бұл өзі олардың қызметтік әдебінен де айқын емес пе? Тіпті, оларды сол қызметке тағайындағанда да ескертуге болмас па еді? Сірә, мұнда тереңірек мән болса керек. Қаулыда сыртқа шыққанда президенттен рұқсат сұрайтын тізімде 25 лауазым көрсетіліпті: үкімет басшысы, оның орынбасарлары, парламенттің екі палатасының спикерлері, Орта­лық банк же­текшісі, бас прокурор, омбудсмен, министрлер, Ташкент қаласы және облыс әкім­дері. Қазіргі ел басшысы Ислам Каримовтен рұқсат алмай, ешқайсысы шетелге шыға алмайды. Министрден, облыс әкім­дерінен бір саты төменірек бас­тықтар, айталық, аудан басшылары қайтпек? Оларды да өздерінің тікелей басшылары сыртқа жібере алмайды, үкімет шешеді. Кейбір стратегиялық кәсіпорын басшылары да сыртқа шығу үшін үкіметтен рұқсат сұрауға тиіс. Рұқсатсыз сыртқа аяқ баспайтын үшінші топтың қарасы көптеу. Құқық қорғау, сот жү­йесінің жауапты қызметкерлері мен жо­ғары оқу орындарының ректор­ларын президент аппараты қадағалайтын болады. Басқаларын былай қойғанда, ректорлардың жүріс-тұрыстарын шектеу қандай қажеттіліктен туған? Жалпы, бұл не қылған сенімсіздік? Жауап қана емес, болжам айту қиын. Өйткені, шетелге шығу тәртібін бұзғандарға қылмыстық және әкімшілік жаза қолдану жөнінде әділет министрлігіне, жоғарғы сот, прокуратура және ұлттық қауіпсіздік қызметімен бірлесе отырып, үкіметке ұсы­ныс енгізу жөнінде тапсырма беріліпті. Бүгінгідей ай­налаңдағылармен аралас-құралас болу қажеттілік заманда басшыларды тұсап ұстау неге қажет дейсің. Бұдан ел оқ­шау­ланып қалмай ма? Әлде бұл елде жұрттың бәріне күдікпен қарау заманы туған ба? Оның үстіне, мұндай шектеуге халықаралық ұйымдар, әсіресе, демократиялық қауым қалай баға береді дейсің. Әркімнің өз шаруасы бар дегенмен, өзбек ағайындар бізге көрші ел. Барыс-келісіміз бұрынғыдан да қиындамас па екен деген ой да қажайды бір жағынан. Мамадияр ЖАҚЫП, «Егемен Қазақстан».