Технология • 17 Қаңтар, 2022

Цифрлы даму серпіліс әкелуге тиіс

116 рет көрсетілді

Қазақстан 30 жылда толыққанды цифрлы мемлекет құра алды ма? Рас, БҰҰ-ның электронды үкіметті дамыту жөніндегі рейтингісінде еліміз 200-ге жуық мемлекеттің арасында отыздыққа кіреді. Ал мемлекеттік басқару бағытында жағдайымыз қандай? Ауыз толтырып айтарлықтай нәтижелер бар ма? Бар болса, бұл салада атқарылған істерді Мемлекет басшысы сынамас еді ғой.

Сурет «Егемен Қазақстанның» архивінен алынды

Цифрландыру – сәнді құрал емес

Айтсақ сенбеуіңіз мүмкін, бірақ мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелеріндегі хат алмасулардың 65%-ы мәлі­мет­терді өзектендіруге байланыс­ты. Бұл дегеніміз мемлекеттік ап­­па­раттың тиімділігі 35%-дан аспайтынын аңғартады. Мұндай дерек еліміздегі ірі ақпараттық-ком­муникациялық холдинг жүр­гізген талдауда көрсетілген. Бұған әлі кеңірек тоқталармыз, алдымен Президенттің мына бір айтқандарына үңіліп көрейікші:

«Бүгінде мемлекеттік орган­дар тапсырманы мазмұнды түр­де іске асырғаннан гөрі оны бюро­кратиялық мәнерде орындауға асық. Көлемі жағынан үлгілі бол­ға­нымен, мазмұны бос құжаттар дайындалады.

Негізгі ақпараттық жүйе­лер­дің интеграция­ланға­нына қарамастан мемлекеттік органдар бұрынғысынша макулатура мен мағынасыз хат алмасуды жүр­гізіп келеді.

Мемлекеттік органдардың ақпа­раттық жүйелеріндегі дерек­терді ресми құжат ретінде танып, оны қағаз жүзінде қайта бе­кі­туді талап ету артық. Онда не себепті біз цифрландыруды ен­гі­зе­міз?

Цифрландыру – бұл сәнге ай­налған құрал емес. Ол іс жүзінде жұ­мыс істеп, мемлекеттік аппа­раттың функцияларын орындау тұрғысынан пайдалы болуы керек», деген еді Қасым-Жомарт Тоқаев.

 

Data-Driven Government жұмысты жақсарта ма?

Қазақстан – планетамыздағы жер көлемі жағынан 9-мемлекет, халық саны – 19 млн адам. Енді осы 19 млн халықтың әлеуметтік-экономикалық және басқа да сұраныстарын қанағаттандыру үшін мә­ліметтерді ұршықша иіріп, оларды бас­қара білу керек. Бытыраңқы күйде жатқан деректерді бір ізге келтіріп, онымен жұмыс істеу үшін Үкімет Data-Driven Government немесе Деректерді басқаратын үкімет тұжырымдамасын іске асырмақ ниетте.

Естеріңізде болса, былтыр ел билігі­нің ресейлік «Сбер» компаниялар тобымен цифрлы трансформация жөніндегі уағдаластығы қоғамда әжептәуір тал­қы­ланып, резонанс тудырған болатын. Көпшілік мұны «eGov порталы ресей­ліктердің қолына өтіп, жеке мәлі­мет­тері­мізден айырылып қаламыз» деп түсін­ген еді. Алайда бұл жерде мәселе элек­тронды қыз­метте емес, тұтастай мем­ле­кеттік бас­қарудың тиімді цифрлы транс­фор­ма­цияға ауысуында жатқанын айтқан-ды Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин.

«Мұндай технологиялық шешім бізге не береді? Мемлекеттегі барлық шешім деректерді талдау негізінде қабылдануы керек. Мысалы, пандемия қолымызда халыққа қатысты нақты мәліметтер­дің жоқ екенін көрсетті. Айталық, кім жұ­мыс­сыз және қандай көмекке мұқтаж деген­дей. Жаңа тәсіл арқылы деректер база­сында кім және қайда, қалай өмір сүріп жатқанын көре аласыз. Демек, бір ба­тыр­маны басу арқылы жәрдемақы және бас­қа да төлемдерді шынайы көмекке мұқ­таж жандарға жіберуге болады. Бұдан бөлек, тиісті өзгерістер мемлекеттік орган­­дардың ақпараттық жүйелерін сүйе­мел­­деу­ге арналған бюджетті барынша оңтай­лан­дыруға мүмкіндік береді», деген еді Б.Мусин.

Мемлекеттік аппараттың тиімділігі 35%-дан аспайды

Егер де Apple, Google және Microsoft сынды технологиялық алыптар өндірістік циклді Қазақстанның Үкіметі секілді басқарса, онда олар баяғыда шығынға батып, құрдымға кетер еді. Бұл – отандық IT-сарапшылардың пікірі. Жоғарыда кел­ті­ріл­гендей, арнайы талдаудың нә­ти­жесі мемлекеттік органдардың ақпа­рат­тық жүйелеріндегі жұмыстың 65%-ы белгілі бір мәселенің жай-күйіне қатыс­­ты хат алмасулар екенін байқатты. Осы­­дан кейін мемлекеттік аппараттың тиім­­ділігі 35%-дан аспай қайтеді дейді мамандар.

«Бұл хат алмасулардың мазмұнына тоқталсақ, олардың 65%-ын белгілі бір жобаға байланысты ақпараттық анық­тамалар мен құжаттар құрайды. Тұтас­тай мемлекеттік органдар өздері­нің басқа бөлімшелеріне қаржы, эконо­микалық, әлеуметтік мәселелерге қатыс­ты сауалдар жіберіп, деректерді өзек­тен­дірумен айналысып отырады. Шартты түрде Алматы облысы әкімді­гіне шағын және орта бизнестің ахуа­лы қандай деңгейде деп сауалхат жі­беріледі. Тиісті жауап да­­йындалып, ор­талық аппаратқа жіберіл­генге дейін жағдай түбегейлі өзгеріп кетуі мүм­кін. Түсінесіз бе, кез келген мәселеге қатыс­ты мәлімет жоғары органға жеткенге дейін оның өзектілігі жоғалады. Сәйкесін­ше Мемлекет басшысы мен Үкіметке бұр­маланған ақпарат жетіп, тиімді ше­шім қабылдау қиындай түседі. Сол себепті де Президенттің сыны орынды. Қандай да бір шешімді жылдам қабыл­дау үшін соған қатысты мәлімет те айлап, жылдап емес, шұғыл арада жетуге тиіс.

Бұдан шығудың амалы – түбегейлі цифрлы трансформацияға ауысу, сон­дай-ақ цифрландыруға қатысты саясатты қайта қарастыру. Осыған дейін біз барлық саланы цифрландыруға тырыссақ, енді мемлекеттік басқаруды тың жүйеге көшірудің жолдарын қарастыруымыз қажет. Бұл деректер негізіндегі тың технология болуға тиіс. Мәселен, тұрғын үй және басқа да нысандарды салу үшін тиісті шешім сол сәтте қабылдануы керек. Яғни құрылыс болсын, басқа да маңызды секторларда ақпаратты жылдам жаңартып, қажетті шешімді қысқа мерзімде шығаруға мүмкіндік беретін цифрлы платформасыз жұмыс оңға баспайды. Дамушы елдер мен жетекші технологиялық корпорациялар бұл үрдіске бұрыннан көшіп үлгерді», деді «Зерде» ұлттық ақпараттық-коммуникациялық хол­дингі» АҚ басқарма төрағасы Арман Әбдірасылов.

 

Платформалық модельдің қайсысы тиімді?

Қош, платформалық модель бүкіл мәселемізді шешіп береді делік. Енді оның қайсысын таңдап, қандайына басымдық берген жөн? Мамандардың пікіріне сүйенсек, екі таңдау бар. Атап айтқанда, не өзіміз дайындап шығара­мыз, иә болмаса дайын шетелдік өнім­ді сатып аламыз. Отандық өнімге басым­дық бергіміз келсе, оған кемі 5 жыл уақыт ұттырып алуымыз мүмкін. Ал шетелдік жүйе арзан болмасы анық, бірақ оның нәтижесі көп күттірмейді деген пікірде сарапшылар.

«Бұл мәселеде мұқияттылық қажет. Отандық өнімді әзірлеп, ақшаны үнемдеуге болады әрине. Десе де уақыт жоғалтып алуымыз ғажап емес. Сол себепті де уақыт оздырмағанымыз жөн. Менің есептеуіме сәйкес цифрлы платформа арқылы шамамен 2-3 трлн теңге бюджет ақшасын үнемдеп, оны маңызды жобаларға жұмсай аламыз. Сол секілді ІЖӨ-ні екі есеге арттыруға жол ашылады. Міне, осындай міндеттерді алдымызға қоюымыз қажет. Бұл жобаға шамамен 3 трлн теңге жұмсалуы мүмкін. Алайда оның жыл сайынғы қорытындысында бюджет кірісі кемінде 5 трлн теңгеге ұлғаяды деп болжанып отыр. Былайша айтқанда, осы арқылы тұрмыстық және жүйелік жемқорлық тыйылып, бюджет қаражатын оңтайландырумен бірге мемлекеттік аппарат санын қысқартуға болады», деді А.Әбдірасылов.

Мамандар айтқандай, еліміздің мемлекеттік басқару стратегиясына Сингапур, Оңтүстік Корея сынды дамы­ған елдердің модельдері сәйкес келеді. Батыс Еуропа елдерінің экономикасы бұрыннан қалыптасып үлгергендіктен, оның моделін Қазақстанда енгізу қиынға соғады деп нақтылады сарапшылар.

 

Халықтың сұранысы жылдам өтелуге тиіс

«Мемлекеттік басқарудағы цифр­лан­дыруды келесідей салаларға енгіз­ген тиімді болар еді. Біріншіден, халық­тың өтіні­шіне мемлекет жылдам жа­уап бере білуі керек. Бұл чат-бот және бас­қа құралдар арқылы іске асырылуы мүмкін. Осы тармақ бойынша эконо­микалық тиімділікті бизнеске жасалған жағдайдың жақсаруынан байқауға болады. Осылайша, халыққа Үкімет­пен жұмыс істеу түсінікті және ыңғайлы бола­­ды деп санаймын.

Екіншіден, мемлекеттік органдардың тиімді жұмысы жөніндегі ақпарат шынайы түрде жасанды көрсеткіштерсіз интернет құралдары арқылы автономды жағдайда жинақталуға тиіс. Бұл арқылы қандай елде өмір сүріп жатқанымызды жақсы түсініп, Президент ұсынған және Үкімет қолға алған шаралардың қаншалықты тиімді екенін байқаймыз.

Үшіншіден, мемлекеттік органдар­да жылдам хат алмасу мен нақты үй­лес­тіру тетігін енгізген артық болмас. Нәтижесінде, бюрократиялық тәуе­­кел­­дер мен қағазбастылық азайып, мем­ле­кеттің әрекеті жылдамдап, ведомство­лар арасындағы үйлестіру үрдісі жақ­сарады», деді экономист Расул Рыс­мамбетов.

Тиісті тапсырма берілді. Ал оны Әлихан Смайылов бастаған Үкімет қанша­лықты іске асыра алатыны уақыт­тың еншісінде.

 

Соңғы жаңалықтар

Доллар қымбаттады

Қаржы • Бүгін, 16:25

Ұқсас жаңалықтар