Білім • 18 Қаңтар, 2022

Оқыту әртүрлі форматта ұйымдастырылады

501 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Еліміздің әр өңіріндегі эпидемиялық ахуалға байланысты үшінші тоқсанда оқыту әртүрлі форматта басталады. Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларында балалар қашықтан оқиды. Оларға қажетті техникалық құралдар таратылып жатыр. Ал студенттер аралас форматта білім алады. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Білім және ғылым министрлігінің өкілдері хабарлады.

Оқыту әртүрлі форматта ұйымдастырылады

Баспасөз конференциясында бірінші болып сөз алған Мектепке дейінгі және орта білім комитеті төрайымы Гүлмира Каримова: «600-ден аса оқушысы бар қалалық мектептер қашықтан оқытады. Бұл ретте 1-2-сыныптар үшін оқытудың штаттық форматы, ал 3-5-сыныптарда кезекші сыныптар болады. Сыйымдылығы 600 оқушыға дейінгі қала мектептері және барлық ауыл мектептері штаттық форматта жұмыс істейді. Санитарлық дәрігерлердің шешіміне байланысты балабақшаларда оқыту және тәрбиелеу жұмыстары штаттық форматта жүргізіледі. Ел бойынша штаттық форматта оқитын оқушылар саны 2 млн-нан асады, ал қашықтан оқитын оқушылар саны – 1,5 млн-ға жуық. Яғни оқушылардың 60%-ы штаттық форматта, 40%-ы қашықтан оқиды. Сонымен қатар бұл өңірлерде мектептен тыс ұйымдарда оқыту жеке немесе топтық сабақтар кезінде штаттық режімде – 10 адамға дейін ұйымдастырылады. Арнайы ұйымдарда түзету кабинеттері, ресурс­тық орталықтарда мүмкіндігі шектеулі балалар үшін штаттық режімде жұмыс істей береді. Мұндай ұйымдарда жұмыс жеке және 8 адамнан аспайтын топтарда ұйымдастырылады. Республика бо­йынша осындай 160 мыңнан аса оқушы бар», деді.

Комитет төрайымының айтуына қарағанда, елорда мен Алматы, Шымкент қалаларында балалар қашықтан оқиды, эпидемиялық ахуал жақсарса, оқытудың дәстүрлі форматына ауысады. Штаттық форматта жұмыс істейтін білім беру ұйымдарында балаларға тамақ беріледі. Шектеу іс-шаралары аяқталғанға дейін балалар мектепке іскерлік, классикалық стильде ыңғайлы киіммен бара алады. Үшінші тоқсан 18 наурызға дейін жалғасады. Ал Денсаулық сақтау министрлігі жанындағы басқарманың басшысы Марал Рахимжанованың мәлімдеуінше, COVID-19 таралуы­на жол бермеу жөніндегі ведомство­аралық комиссияның шешімі бо­йынша вакцинаны толық алған балалар сабақты офлайн оқи алады.

Жоғары оқу орындарында көктемгі семестр 24 қаңтарда басталады. Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім департаменті директоры Әділет Тойбаев университеттерде оқыту аралас форматта жүргізілетінін жеткізді.

«Жоғары оқу орындары каскад­тық әдісті қолдана алады, яғни студенттердің жинақталуын барынша азайту үшін оқуды бастау оқу курсына, оқу бағыттарына байланысты 24 қаңтар мен 6 ақпан аралығында кезең-кезеңімен ұйымдастырылуы мүмкін. Мысалы, 1-курс студенттері үшін оқу 24 қаңтарда басталса, 2-курс студенттері 31 қаңтардан, 3-4-курс студенттері үшін 7 ақпаннан бас­тауға болады. Көктемгі семестрде оқы­ту дәстүрлі және аралас форматта болады. Атап айтқанда, жоғары оқу ор­нының шешімі бойынша оқу про­цесі толығымен дәстүрлі формат­та немесе аралас форматта ұйым­дас­тырылуы мүмкін. Сонда дәрістер онлайн, ал практикалық және семинар/зертханалық сабақтар офлайн режімде өтеді. Студенттердің практикасы да офлайн режімінде практика базалар­ын­да жүзеге асырылады», деді Ә.Той­баев.

Департамент директорының айтуынша, студенттерден ПТР тестін тапсыру талап етілмейді. Бірақ Ashyq қосымшасымен өтеді, «жасыл» және «көк» мәртебесі бар студенттер университетке емін-еркін кіріп-шыға алады.