Коронавирус • 18 Қаңтар, 2022

«Қызыл аймаққа» қайта енді

196 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Коронавирус матрицасы бойынша «сары аймаққа» кіргеніне үш-ақ күн болған Батыс Қазақстан облысы 14 қаңтарда ең қауіпті «қызыл аймақ» қатарына қосылды.

«Қызыл аймаққа» қайта енді

Жаңа жылдың 13 күнінде өңірде 537 адамға COVID-19 диаг­нозы қойылған. Ал жалпы эпидемия басталғалы облыста 40 607 адам COVID-19 жұқтырып, 15 282 адам инфекциялық стацио­нарларда ем алған. 857 адам осы дерттен көз жұмды.

«Батыс Қазақстан облысында 13 қаңтар күні ғана 186 адамның ауырғаны тіркелді. Жаңа жылдан бері облыста 18 оқушы, 14 мұғалім, 3 балабақша қызметкері, 4 студент осындай диагнозбен тіркелді», деді облыстық денсаулық сақтау басқармасы Медициналық кө­мекті ұйымдастыру бөлімінің басшысы Айгүл Құлбарақова.

Науқастардың көбі, яғни 360-ы Орал қаласында тұрады. Бәйтерек ауданында – 64, Бөрлі ауданында – 59, Теректі ауданында – 17, Жаңақала ауданында 14 жағдай тіркелген.

Соңғы аптада өткен аптамен салыстырғанда аурушаңдық деңгейі 85,9%-ға (65-тен 464-ке) өскен.

«Коронавирус инфекция­сы облыста да, елі­мізде де өршіп, ахуал нашарлап барады. Сон­дай-ақ жа­ңа «Омикрон» штамын жұқтыру қаупі бар. Жаңа штамның ерек­шелігі сол, жұқтыру қаупі жоғары әрі вирусты қайта жұқтыру ықти­малдылығы да өте үлкен. Вирус бірінші түсетін жоғары тыныс жолдарында «Омикрон» «Дель­та» штамына қара­ған­да 70 есе тез көбейеді», дей­ді облыс­тық са­ни­тариялық-эпи­демио­ло­гия­лық бақылау де­партаменті басшысының орынбасары Нұр­лыбек Мұстаев.

Мамандардың айтуынша, әзірге науқастарды емдейтін стационардан да, медикаменттен де тапшылық жоқ. Ауруханаларда арнайы дайындалған төсектің 78 пайызы бос тұр.

2021 жылдың 1 ақпанында вак­циналау жұмысы бастал­ғалы өңірде екпенің бірінші компонентімен – 258 101 (39%) адам, екінші компонентімен – 244 900 адам (37%) егілген. Сондай-ақ облыста 22 902 адам (9,3%) ревакциналау­дан өткен. Екпе алғысы келе­тін тұр­ғындарға бірнеше таң­дау бар. Соның ішінде «Спут­ник Lite» вакцинасына қатыс­ты партияның бір бөлігі Қазақ­станға келіп жеткен. Жақын күндері облысқа да жеткізіліп, тиісті қаулы шыққан соң қол­данылады.

Ведомствоаралық комис­сия­ның шешіміне орай, эпи­де­миялық ахуал жақ­сарғанға дейін облыс аума­ғында қоғам­дық орындарда, көшеде және отбасында да барлық көпшілік шараларды өткізуге тыйым салынды. Бұл жерде марқұмды соңғы сапарға шығарып салу үшін ғана 30 адамға дейін жиналуға рұқсат беріледі. Ал театр, филармония, цирк, концерт залдарында көп­шілік шаралар уақытша тоқ­тайды, діни құлшылықтар өт­пейді. Түнгі клубтар, караоке барлар тоқтайды. Жеке кездесулерде 10 адамнан артық жиналуға болмайды және бұл адамдар екпе алған болуы тиіс. Қоғамдық тамақтану орындарында бір үстелде 4 адамнан артық отыруға тыйым салынады. Ashyq жобасына қатысатын кинотеатрлар залдың 30 пайызына ғана билет сатады. Ком­­му­налдық шаруашылық кәсіпорындарынан бөлек мем­­ле­кеттік мекемелер 70 пайыз­ға дейін қызметкерлерін қашықтан жұмыс режіміне ауыстыруы тиіс.

Жақын күндері орта білім саласында қысқы каникул аяқ­­т­ал­мақ. Н.Мұстаевтың ай­туынша, «қызыл аймақ» мәртебесі кезінде өңірдегі оқу­шы саны 600-ге жетпейтін ауыл мектептерінде оқу үрдісі әдеттегідей жүреді. Ал шәкірт саны 600-ден асатын ірі мектептер онлайн оқу форматына көшеді. Колледждер мен жоғары оқу орындары студенттері жағдайға қарай аралас форматта білім алады.

 

Батыс Қазақстан облысы