Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Мәжілістің отырысында айтқан жұмыспен қамту мәселесін шешіп, облыстарда әлеуметтік және мәдени дамуына жағдай жасау керектігі өңірде жүзеге асырылуы тиіс жобаларда негізге алынған. Президент: «Қазақстанның өңірлері бірдей деңгейде дамып жатпағаны баршаға аян. Теңсіздік әлеуметтік жайсыздық пен миграциялық көңіл күйге жол ашады. Соңғы оқиғалар батыс және оңтүстік өңірлерде халықты еңбекпен қамтудың өзекті мәселелерін көрсетті. Бұл өңірлерде бала туу деңгейі жоғары, ал экономика өңір тұрғындарын жұмыспен қамтып үлгере алмай жатыр. Сондықтан жүйелі индустрияландыру, шағын және орта бизнеске көмек көрсету, аталған облыстарда қызмет көрсету саласын дамыту өңірлік емес, ұлттық басымдық болмақ», деді.
Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев индустрияландыру және инвестиция тарту жұмыстары барысы талқыланған мәжілісте Түркістан қаласында түркітілдес елдерді (Түркия, Әзербайжан, Өзбекстан, Қырғызстан, Венгрия) біріктіретін арнайы экономикалық аймақ құру туралы бастама аясында жұмыстар жүргізіліп жатқанын мәлім етті. Аумағы 4 мың гектар болатын TURAN арнайы экономикалық аймағының 67 жобадан тұратын инвестициялық қоржынының жалпы құны 530 млрд теңгеден асқан. Өткен жылы облыстың негізгі капиталына 500 млрд теңгеден астам инвестиция бағытталды. Оның ішінде сыртқы инвестиция көлемі 80,8 млрд теңгені құрады. Облысқа шетелден 350 млн доллар көлемінде инвестиция тарту индикаторы бекітілген. Өңірде жалпы құны 136,4 млрд теңгеге 1 мыңға жуық жұмыс орнын ашумен 33 инвестициялық жоба жүзеге асырылмақ. Бұдан бөлек облыста алдағы 3 жылда ауыл шаруашылығы саласында жалпы құны 832,3 млрд теңгеге 17 мыңнан астам жұмыс орны ашылатын 104 инвестжоба жүзеге асырылады. Шетелдік инвестицияларды өңірге тарту мақсатында, Түркістан облысы делегациясының Түркия Республикасына жасаған сапары аясында шамамен 20 түркиялық компаниямен келіссөз жүргізілген. Нәтижесінде, жалпы құны 7 млн долларға тең, шамамен 140 жұмыс орны құрылатын Teksan Madencilik цинк концентратын өндіру зауыты және YSL Group үй жиһазын шығару зауытын іске асыруға келісім жасалынды. Аппараттық мәжілісте бүгінде түркиялық инвесторлар өз жобаларының құрылыс-монтаждау жұмыстарын жүргізіп жатқаны айтылды. Сонымен қатар Сауран ауданында «Агропаркте» жеміс-жидек дақылдарын өсіру бағы, интенсивті бақ өсіру, жоңышқа өсіру жобалары жүзеге асырылуда.
Жаңа жұмыс орындарын ашуға «Ауыл – ел бесігі» жобасы да оң септігін тигізуде. Облыста аталған жоба аясында қолға алынған шаруа көп. Мысалы, биылға 320 жобаны іске асыруға 18 млрд теңге қажет. Ұлттық экономика министрлігіне ұсыныс енгізіліп, 11,7 млрд теңгеге 223 жоба қолдау тапқан. Ө.Шөкеев өңірдің бюджетаралық қатынастарын жетілдіру және «Ауыл – ел бесігі» жобасын жүзеге асыру барысындағы жұмыстарды саралап, тиісті басшыларға жұмысты жандандыруды тапсырды. «Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент Мәжілісінің отырысында бірқатар тапсырма берді. Оның ішінде халықтың табысын арттыру, жанар-жағармайдың бағасын тұрақтандыру, «Ауыл – ел бесігі» жобасы және бизнестің «Бизнестік жол картасы» бағдарламалары шеңберінде оңтүстік өңірлер үшін жекелеген бағыттар әзірлеу жүктелді. Сондықтан бұл бағдарламаларға баса назар аудару керек. Бюджетаралық қатынастарды реформалау, аграрлық кешенді субсидиялауды жетілдіру, мал азығымен қамтамасыз ету, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасын тұрақтандыру, жастарды жұмыспен қамту, білікті педагогтерді тарту, дін, азаматтық қоғам және жастар саясаты бойынша жоспарланған шаралар мен міндеттерді айқындау керектігі де айтылды. Облыста осы бағытта жұмыс күшейтіледі», деді Ө.Шөкеев. Ал облыстық стратегия және экономикалық даму басқармасының басшысы Қанат Қайыпбектің айтуынша, «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасының 109 жобасын жүзеге асыруға қосымша 7,8 млрд теңге қажет. Осыған байланысты республикалық бюджетті нақтылауға тиісті өтінімдер енгізу бойынша жұмыс басталған. Жалпы жоба аясында 5 жылда 614 елді мекенге жаңғырту жұмыстарын жүргізу жоспарланған. Салалық басқармалар, аудан және қала әкімдіктерімен іске асырылатын жобалардың тізбесі қалыптастырылады. Сондай-ақ өңірде білім беру саласы мамандарына «Дипломмен – ауылға» жобасы аясында 100 АЕК мөлшерінде (306,3 мың теңге) біржолғы жәрдемақы және тұрғын үй салу немесе сатып алу үшін жеңілдетілген кредит түрінде әлеуметтік қолдау қарастырылған. «Дипломмен – ауылға» жобасы іске асырылғаннан бері жалпы 11 595 маманға 2,1 млрд теңге көлемінде біржолғы жәрдемақы ұсынылған. Оның 7 911-і – мұғалімдер. Сондай-ақ 11,6 млрд теңге көлемінде бюджеттік кредит ұсынылып, нәтижесінде 3 573 маман баспаналы болды, оның ішінде 2 265 білім саласының өкіліне қолдау көрсетілген. Алдағы уақытта өңірге қажетті мұғалімдер санын анықтап, «Дипломмен – ауылға» жобасы аясында ұсынылатын қолдау шаралары мөлшерін ұлғайту бойынша ұсыныс енгізілмек.
Түркістан облысы