Қысқы спорт • 18 Қаңтар, 2022

Тұңғыш рет қатысады

359 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

4-20 ақпан аралығында Қытайдың бас шаһары – Бейжіңде өтетін қысқы Олим­пия ойындарына Сауд Арабиясы құ­ра­масы тұңғыш рет қатысқалы отыр.

Тұңғыш рет қатысады

Дәл қазіргі кезде аталған мемлекеттің екі спортшысы ғаламдық додаға даярлануда. Олар – Салман әл-Хувайш мен Файек Абди. Екеуі де тау шаңғысынан өткен жарыстарда қажетті ұпайларға иелік етіп, жолдаманы қалтаға басты. Осылайша, жоғарыда есімдері аталған екі спортшының есімі ақ Олимпиадаға қатысқан Сауд Арабиясының тұңғыш азаматтары ретінде тарихта қалмақ.

Ал жазғы ойындарға саудиялықтар 1972 жылдан бері қатысып келеді. Сол аралықта төрт жүлдеге қол жеткізді. Атап айтсақ, 2000 жылы Сиднейде алауы тұтанған Олимпиадада 400 метрге кедергілер арқылы жүгірген жеңіл атлет Хади әл-Сомайли күміс медальды мойнына ілсе, ат спортынан Хамед әл-Эйд қолаға қол созды. 2012 жылы Лондонда сол елдің ұлттық құрамасы ат спортының командалық сайысында үшінші орынға табан тіресе, 2020 жылы Токиода каратэші Тарик Хамеди екінші орынды иеленді.