Елбасы • 18 Қаңтар, 2022

Елбасы қазақстандықтарға үндеу жолдады

7225 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қазақстанның Тұңғыш Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қазақстандықтарға үндеу жолдады, деп хабарлайды Egemen.kz Елбасының ресми сайтына сілтеме жасап.

Елбасы қазақстандықтарға үндеу жолдады

«Құрметті отандастар!

Ардақты ағайын!

2022 жыл халқымыз үшін күрделі де қатерлі сынақтан басталды.

Баршаңызға мәлім, ұйымдасқан экстремистік топтар елімізде жаппай тәртіпсіздік орнатып, террористік шабуыл жасады.

Соның салдарынан бейбіт тұрғындарымыз зардап шекті.

Қасіретті оқиға кезінде қаза болғандардың жақындары мен туған-туыстарының қайғысына ортақтасып, көңіл айтамын.

Лаңкестер елдігіміз бен егемендігімізге, тыныштығымыз бен тұтастығымызға қауіп төндіріп, жұрттың берекесін қашырды.

Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың шұғыл шешімдерінің арқасында ел іргесі сөгілген жоқ.

Мемлекет басшысын қолдау – баршамыздың азаматтық борышымыз.

Ендігі кезекте осы оқиғадан сабақ алып, мұндай бассыздыққа жол бермеуге тиіспіз.

Бабаларымыз ғасырлар бойы аңсаған тәуелсіздіктің отыз жылы ішінде атқарған істеріміз аз емес.

Қазақстан әлемге танылған еңселі елге айналды.

Ұлан-ғайыр шекарамыз түбегейлі бекітілді.

Елімізде іргелі реформалар жүзеге асып, Орталық Азияда көш бастадық.

Еуразия жүрегінде, Сарыарқа төсінде жаңа астанамыз бой көтерді.

Бірлік барда ешбір жау сағымызды сындыра алмас», делінген Елбасы үндеуінде.