Өнер • 18 Қаңтар, 2022

Хьюстондағы домбыра мектебі

1818 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Қазақстан Күйшілер одағының төрағасы, домбырашы-ұстаз Асқар Кенжеғалиевті оралдықтар ғана емес, басқалар да жақсы білетін сияқты. Қазақтың күй өнерін насихаттау бағытында талай-талай игі шараға мұрындық болғаны бір төбе. Сол Асқар бүгінде мұхит асып, АҚШ-тың Хьюстон қаласында домбыра мектебін ашуға талпынып жатыр.

Хьюстондағы домбыра мектебі

 Жаңашылдық

2022 жылдың алғашқы күні Америка топырағына табаны тиген кейіпкеріміз бір жыл бойы онлайн-сабақ өткізіп, бірнеше күй үйреткен шәкірттерімен жүздескен. Бұйырса алда біраз жос­пар тұр. Біз Асқармен де, оны елден арнайы шақыртқан мұндағы қазақ диаспорасының жетекшісі Қуатбекпен де телефон арқылы сөйлестік.

– Америкада, Нью-Йорк қаласында осыдан 6 жыл бұрын концерттік гаст­рольмен келген едім. Міне, тағы да дәм бұйырып, осы кезге дейін онлайн дәріс берген шәкірттерімнің жанына келіп қалдым, – дейді Асқар Кенже­ғалиев.

Асқарды Америкаға жеткізген – жа­ңашылдығы дер едік. Қазақстан­ның бір шеті – шағын ғана Орал қаласын­да жүріп-ақ республикалық Күйшілер ода­­­ғына жетекшілік етті. Алыс-жа­қын­­­мен араласып, тыным таппайды. Орал қаласындағы Қадыр сарайы­нан Күй бөлмесін ашқанын 2019 жы­­лы жаз­ған­быз. https://egemen.kz/article/204125-oraldaghy-qadyr-ortalyghynda-kuy-bol­me­si-ashyldy Осы бөл­медегі өз­дігінен күй тартатын «элек­трон­ды дом­быра» – Асқар­­дың көп ізде­ні­сінің бірі ғана.

– 2007-2008 жылдары домбыраны компьютермен үйрену деген бағдарлама жасап едім. Ол кезде Шыңғыс Мұқан Оралда болатын. Қолдап, жергілікті газет­терге мақала жариялады. Бірақ Орал­да бағдарламашы жігіттер аз, бағ­дарлама қиындықпен жасалды, ескі ком­пьютер тілінде болып, кейін қолда­нылмай қалды. Бірақ өзім тәжірибе жинай бердім. Әрине, үйретуші ұстазсыз, ком­пьютердің көмегімен домбыра үйрену оңай емес. Үйретуші жаныңда тұр­са, мүмкіндік көп. Ал бағдарламада оның бәрін қамти алмайсың. Сондықтан іс-әрекет, методика өзгеруі керек болды, – деп еске алады Асқар.

Асқар Кенжеғалиевтің шетте жүр­ген қазақ балаларына домбыра үйретуі ­де кеше ғана басталған іс емес. Ресей­дің Сарытау (Саратов) облысындағы қа­зақ балаларына жылына 4-5 мәрте ­өз қаражатымен барып, емтихан алып, ­қол­дап жүреді. Ол жақтағы домбыра­шы-ұстаз Жазира Жақсыбаеваға ба­рын­ша қолдау білдіріп жүретін. Ресей­дегі тұңғыш қазақ қуыршақ театрын ашуға талпынып жүрген Жазираны оралдық театр мамандарымен жалғаған да Асқар.

 2

Әкімдердің уәдесі

Шынайы өнерпаз басшы жағала­майды. Асқар да сондай. Дегенмен, жекелеген адамдардың жансебілдігімен ғана алға басып жатқан кей жұмысты мемлекет қолдап кетсе, тау қопарар ма едік дейді кейіпкеріміз.

Мәселен, Асқар Ресейдегі, АҚШ-тағы немесе басқа да шетелдердегі қан­дас­тарымыздың домбыра үйренуіне жағ­дай тудыру, курстар ашу, методикалық нұсқаулықтар дайындау және аспаптармен қамтамасыз ету мәселесін көп­тен көтеріп жүр. Тіпті жұмысты респуб­ликалық Күйшілер одағы жұмы­сының бір бағыты етіп ұсынған.

– Осыдан 7-8 жыл бұрын Күйшілер одағының БҚО-дағы жетекшісі ретінде біраз ұсынысымды тізіп, сол кездегі өңір басшысы Алтай Көлгіновке бердім. Оның ішінде шетелдегі қазақ ұландарына домбыра үйрету кластарын ашу, қолдау туралы ұсыныс болды. Себебі АҚШ-тың Техас штатындағы Хьюстон қаласында жұмыс істеп жатқан қазақ мектебімен байланыста едім. Әкім алыстағы қазақ балаларына ұлттық аспап – домбыра сыйлауға уәде бергенімен, сөз күйінде қалды, – дейді Асқар Кенжеғалиев.

Күйшінің кейінгі әкімнің қабыл­да­­уында болғаны да «қызық». 2021 жылы ақпан айының 22-сі күні Ғали Есқа­лиевтің қабылдауына жа­зылды. Екі айдан аса уақыт күтті. Сәуірдің 29-ы кү­ні кезегі жетті. Облыс бас­шысының алдын­да отырып, бар жос­парын айтты. Респуб­ликалық Күйшілер ода­ғының мәселесі, күй өнері кенжелеп қалып бара жатқаны, композиторлар байқауын өткізу, көне домбыра фес­ти­валі секілді идеяларын ортаға салды. Өзінен онлайн сабақ алып жүрген америкалық қазақ балалары туралы да ұмытпады.

Америка деген сиқырлы сөз әкімді елең еткізді. Сол кезде құрылысы жүріп жатқан, желтоқсан айында пайдалануға берілетін «Атамекен» өнер сарайын ашу салтанатында шетелдік қазақ балаларын домбыраға үйрететін онлайн-мектепті астаналық дөкейлерге таныстыратын «креатив» идея туды.

Осыдан кейін тағы 4-5 ай хабарсыз кеткен әкімдік өнер сарайының ашылу қарсаңында ғана «тіріліпті». Өнер сарайының ашылуына вице-премьер Ералы Тоғжанов келмек екен. Астаналық дөкейдің су жаңа «Атамекен» өнер сарайымен танысуы Асқар Кенжеғалиевтің онлайн мектебінен басталатын болды. Кешкі сағат 6-да Калифорния, Ва­шингтон, Хьюс­тон қалаларынан 15 қазақ баласы домбырасын ұстап, экран алдында да­йын тұрды. Ол кезде АҚШ-та таңғы сағат 5.00. еді...

Сонымен, бәрі сәтті болды. Үкі­мет төрағасының орынбасарын «Бал­бырауын» күйімен қарсы алған Асқардың алыстағы шәкірттері «Кеңес», «Еркем-ай», «Ерке сылқым» күйлерін ғана емес, «Адай», «Көңіл толқыны» секілді күрделі шығармаларды да қа­шықтан үйреніп алыпты. Екі езуі құлағына жеткен ұстаз ел Үкіметі басшыларының алдында бар ойын айтты. Қазақ күй өнерін әлем бойынша наси­хаттау үшін ойдағы жоспарларын ортаға салды.

– Мүмкін болса түркітілдес елдердің наурыз мерекесін өткізу үшін «Орал сазы» ансамблін АҚШ-қа апарайық. Олар­ға америкалық шәкірттерімді қо­сып, үлкен оркестр көлемінде әдемі концерт берейік, – дейді Асқар.

– Қандай көмек керек? – дейді вице-премьер.

– Америкада домбыра үйреніп жүр­ген балаларды қазақы ұлттық киім­мен, аспаппен қамтиық. Қазақстан Тәуел­сіздігінің 30 жылдығына біріккен концерт берейік, – деді Асқар.

– Жасаймыз! Керек болса, ол балалар­ды Қазақстанға да алдырамыз, – деді Ералы Тоғжанов.

Сол кезде кейіпкеріміздің қалай қуан­­­ғанын көрсеңіз! Төбесі көкке сәл жет­­­педі. Бұл әңгіменің бәрін америкалық шә­­кірт­­тері де, ата-аналары да тікелей эфир­де тыңдап тұрды. Тәуелсіздіктің 30 жыл­дығына Америкада концерт өткі­зе­ті­нін ойласа, жүрегі алабұртып ке­те­тін. Бірақ осының бәрі қиялшыл өнер ада­мы­ның бір сәттік алдамшы қуанышы ғана екен. Өмірдің прозасы басқа болып шықты.

Қараша айының басында вице-премьер сапарының хаттамасы, облыста жасалатын жұмыстардың жоспары келді. Бірақ ол хаттамада домбыра мектебі ту­ралы бір ауыз сөз жоқ! Басқарма әкім­дікке, әкімдік басқармаға сілтеді. Асқар­дың көңілі су сепкендей басылды. Амал жоқ, бұл хабарды мұхиттың арғы жа­ғына да жеткізді.

– Мені жұбатқан – америкалық қазақ­тар болды. «Уайымдама, Қазақстанды білеміз ғой. Өз жолымызбен жүре бере­міз» деді. Сөйтіп, олар өздері ұйым­дасып, Америкаға алты айлық виза жасап берді. Менің шаруамның құқықтық шараларын реттейтін адам жалдады. Сөйтіп, екі рет АҚШ елшілігіне әңгі­ме­лесуге бардым. Ақыры виза қолыма тиді. Бірақ біз концертті Қазақстан Респуб­ликасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына қойып үлгермедік. Енді бұйырса Нау­рыз мерекесіне дайындаламыз, – дейді домбырашы.

 

Домбыра – қазақтың жаны

«Біз, АҚШ-тың Техас штатындағы қазақтар, өзіміз бен балаларымыз үшін тіліміз бен салт-дәстүрімізді, күйіміз бен биімізді үйрену мақсатында 2012 жылы қазақ мектебін ұйымдастырған едік. Былтыр пандемия уақытында жабылып қалды. Енді Асқар мырзаның келуімен мектебіміздің екінші тынысы ашылады деп отырмыз» дейді Хьюс­тон қазақтарының белсендісі Қуатбек Махум.

Он жыл бедерінде Хьюстондағы қа­зақ мектебінің тәлім-тәрбиесін 200-дей қазақ баласы көрген. Туған жерден, қазақы ортадан алыс жүрген жандар үшін мұның өзі дәтке қуат.

Қуатбек Баян-Өлгейде туыпты. 1993 жылы Қазақстанға көшіп келген. 1998 жылы Түркияға, 2006 жылы АҚШ-қа қоныс аударған. Айтуынша, Хьюстонның өзінде 2 мыңдай қазақ тұрады.

– Осы жаққа келгелі балаларымызға қараймыз, ағылшынға жұтылып барады. Азғантай халықтың өзін өзі сақтап тұруы оңай емес. Осыған алаңдап жүрген едік. Қадырдың «Нағыз қазақ – қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра!» деген әйгілі сөзі бар ғой. Балаларға ұлттық өнер мен салтты үйрететін алғашқы мектебімізді 2012 жылы аштық. Домбыра, би сабақтарын беріп жүрдік. Бұл мектепке әр жылдары 20-25 оқушыдан қатысып отырды. Бұл жаққа келіп жатқандардың бір тобы уақытша келеді, басқа жаққа көшіп кетеді. Кейбірінің балалары үлкейіп, өсіп кеткен соң мектепке келмейді. Ковидтің кесірінен бір жылдай мектебіміз жабылып қалды. Жалпы, бүгінге дейін 9 жыл ішінде 200-ге жақын оқушы шықты. Байқағанымыз, домбыраның ерекше қасиеті бар. Тіл білмейтін сақаудың бо­йында да қазақтың рухын оятып жі­береді-ау! Талай жерде тілдің орнына сөйлеген, Жошы ханның өлімін жет­кізген қара домбыра ғой. Халықтың рухани тәрбиесін, тарихын жеткізетін қасиетті аспап екендігіне тәнті болдым. Екі жыл бұрын Димаш Құдайберген келгенде де Америка қазақтары ерекше рухтанып қалған еді. Енді, міне, ортамызға Асқар сынды өнерпаз келді. Біздің арманымыз – қазақ жүрген жерде домбыра мектебі болса екен, – дейді Қуатбек Махум бізге.

Қуатбектің ата-анасы Алматы облысында тұрады. Өзі де елге келген са­йын қос-қос домбыра алып қайтады екен. Кеше Асқар өзімен бірге екі домбыра, бір сырнай, қылқобыз, ұлттық киімдерін арқалап барған. Бір жыл бойы тек экраннан көріп, онлайн ұстаздық еткен күйші өз шәкірттерімен бетпе-бет жүздесіп, нақты шеберлік сабақтарына кірісіп те кеткен. Америкалық қазақтар арасында елден мықты ұстаз арнайы келге­ні туралы хабар тарап, ұл-қызын домбы­ра мектебіне бергісі келетіндер де көбейген.

«Біздің елде түрік лицейінің беделі қандай! Білімі мен тәрбиесі озық бұл мектептің атағы талай елге жайылған. Мен де шеттегі қазақтарға мақтаныш болатын «қазақ мектебі» деген бренд қалыптасса екен деп армандаймын», дейді Асқар Кенжеғалиев.

– Әр нәрсе арман-тілектен туады ғой. Адамды арман ғана алға жетелейді. Американың үлкен-үлкен қалаларында біздің балаларымыз, тек қана қазақ емес, басқа ұлтың балалары бас қосып, оркестр құрып, қазақтың үнін жеткізсек деген ниетіміз бар. Арамызда мықты рухты адамдар бар. Басында мектебіміз үйірме секілді басталып, кейін үлкейіп, өнер-білім ордасына айналса деп армандаймыз, – дейді Қуатбек.

 

Батыс Қазақстан облысы