Аймақтар • 19 Қаңтар, 2022

Бақыламаса, жол да сапалы салынбас

220 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Өткен жылдың қорытындысына қарағанда, Солтүстік Қазақстан облысының автомобиль жолдарын салу, жөндеу және сақтау жұмыстары мәз емес екенін көруге болады. Барлық автомобиль жолдарының ұзындығы 8 996 шақырым болса, соның 1 970 шақырымы республикалық маңызы бар жолдарға жатады. Осы жолдардың 22 пайызы, яғни бестен бірі бүгінге дейін қанағатсыз жағдайда қалып отыр. Ал 7 026 шақырым облыстық және аудандық маңызы бар жолдардың төрттен бірі қанағатсыз жағдайда. Бұл жолдардың кейбір учаскелерін жол деп айтуға да ауыз бармайды, әбден тозған.

Бақыламаса, жол да сапалы салынбас

Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Осыған қарап жол жөндеу жұмыстарына бөлініп жатқан қаражат аз екен деуге болмайды. 2021 жылы жергілікті жолдарды жөндеуге және жобалық-сметалық құжаттар жасауға 24,4 млрд теңге қаражат бөлінген. Әрине, орасан қаражаттың пайдасы да біршама. Облыс­тық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының бастығы А.Қылыш­бековтің айтуына қарағанда, барлық жөн­делген жолдар көлемі 813 шақырым болса, соның ішінде «Тайынша – Чкалов» жолы (оның да әлі 8 шақырымы бар), «Арықбалық – Чистополь» бағытындағы екі көпір, «Смирнов – Қиялы», «Саумалкөл – Қазан» және т.б. бағыттардағы автожолдар, сондай-ақ «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасымен 4,3 млрд теңгеге 189 шақырымдық ауыл жолдары жөнделген. Әрине, ауданаралық жолдарды, сондай-ақ елді­ мекендердің ішіндегі жөнделген көше жол­дарын айтсақ, істелген жұмыс көп сияқты. Бірақ соңғы нәтиженің қандай екенін жоғарыда айттық.

Жөнделген жолдардың сақталуын қадағалау да осы саладағы маңызды жұмыстардың бірі. Миллиардтаған теңге құйылып, жөнделген жолдардың ай өтпей жатып талқаны шығып жатқанын жиі көретін болдық. Оның бас­ты себебі, онсыз да ауыр жүктерді таситын автомобильдердің белдігіне қосымша сал­мақ салып, шектен тыс жүк арту. Сол­түстік Қазақстан облысында жолдардың сақта­луын қадағалайтын көліктік бақылау инс­пекциясының қарамағында «Хюндай» көлігіне орналасқан үш жылжымалы бекет, 25 қызметкер бар. Олар шетелдің аумағынан енетін жүк тасымалдаушыларды да бақылайды. Осы инспекцияның бастығы Р.Сейдалиннің айтуына қарағанда, 2021 жылы 4 790 жүк автомобилі тексерілген. Аса ауыр салмақты жүк артып, жолдың бұзылуына соқтырғандарға 1 187 әкімшілік іс қозғалып, 64,2 млн теңге айыппұл өндірілген.

Бірақ осы қызметтің автожолдардың сапасын сақтаудағы тиімділігі шамалы. Өйткені жолды бұзып келе жатқан жүк автомобильдерін жүргізбей қоюға құзыреті жоқ, тек айыппұл салумен шектеледі. Ал сол айыппұл жолдың бүлінген учаскелерін жөндеуге кететін шы­ғындарды жаба алмайды. Ауыр салмақты жүктерді тасымалдап, жолдарды бүлдіретін Қытайдың автомобильдері айыппұлдарға пысқырмай, жолдарды бұзуын жалғастыра береді. Р.Сейдалин бұл көліктерді құм, қиыр­шықтас және т.б. инертті материалдарды тасы­малдауға қолдануды тыю үшін тапсырыс берушілер мен тасымалдаушылар арасында жасалатын келісімшартта аталған мәселені қарастыру керек екенін ескерткендерін айтады. Бірақ ондай ескертуді кім тыңдап жатыр?! Жергілікті, тіпті жоғары билік осыған арнайы назар аударып, нормативтік құжат шығарса жөн болар еді. Ал қазір бұл инспекцияның жұмы­сынан тиімділік күтудің өзі артық. Кейбір жүргізушілер олардың көліктерді өл­шеу туралы талаптарына да бағынбайды екен. Ал мәж­бүрлеуге бұлардың құқы жоқ. Сондай-ақ айып­пұл алаңдарының да қарымы шектеулі көрінеді.

Жолдардың құрылысын жүргізу барысының сапасын қадағалайтын тағы бір аты дардай қызмет бар. Бұл барлық облыста өзінің филиалдарын ашқан Жол активтерінің сапасы жөніндегі ұлттық орталық. Бұл қызмет жол құрылысын, басқаруын, жөндеу және күту жұмыстарын сарапқа салады. Облыстағы атал­ған орталық филиалы директорының мін­детін атқарушы М.Дәрібаевтың айтуына қарағанда, былтыр 27 жол нысанының сапасы сарапқа салынған. Аудандар бұл қызметпен келісімшартқа отырып, жол құрылысын, қолданылатын материалдардың сапасын са­рапқа салдырады. Бірақ былтыр облыстағы 13 ауданның жартысы ғана осы қызметпен келісімшартқа отырған. Демек, мемлекет қы­руар қаржы бөліп, арнайы құрған қызметті көптеген әкімдік керек те қылмайды. Филиал жыл бойы аудандық маңызы бар жолдар мен көше жолдарының сапасын қарау үшін 225 сынама алған. Қолданылған материалдар бойынша 27 ескерту жасалып, 68-інде нор­мативтік-техникалық құжаттарға сай еместігін анықтаған.

Әрбір жол құрылысында мамандардан тұратын техникалық бақылаушы болуы керек. Олар нысанның басында үнемі болуы тиіс. Бірақ тексеріс барысында олар некен-саяқ болған немесе бір бақылаушыны тапсырыс берушілер бірнеше нысанды бақылауға қойған. Бұдан бақылаудың сапасы төмендемесе жоғарыламасы анық. Бақылау болмаған жерде сапалы жол да болмайды. Мысалы, Преснов ауылында былтыр ғана жөнделген жол әлден жарылып жатыр, шұңқырлар да пайда болған. Мамлют ауданындағы «Қызыләскер – Раз­дольный», Айыртау ауданындағы «Антоновка – Лавровка – Горный» және т.б. былтыр ғана тө­­селген жолдардан осындай кемшіліктер шы­ғуда.

Былтыр жол сапасын бақылау орталығының филиалы Солтүстік Қазақстан облысындағы республикалық маңызы бар жолдардың 1 474 шақырымына сарап жасап көрсе, соның 681 шақырымы, яғни 46 пайызы халықаралық стан­дарттарға сәйкес келмейді екен. Демек, барлық жолдардың тең жартысы сапасыз деген сөз. Ал жол жасау мен жөндеуге бөлінген қаражат жеткілікті болған. 165 шақырым облыстық маңызы бар жолдардың да төрттен бірі халық­аралық нормаға сәйкес емес. Осындай деректерден сабақ алып, жергілікті билік жол құрылысы мен жөндеу жұмыстарының сапасын арттыруды қолға алса құба-құп болар еді. Бұл үшін, әрине, ең бірінші кезекте, бақылау жұмыстарының тиімділігін еселеген жөн.

 

Солтүстік Қазақстан облысы