15 Наурыз, 2014

ПАРЛАМЕНТ

210 рет
көрсетілді
18 мин
оқу үшін

"Егемен Қазақстанның" арнаулы беті

5

Жұмыла кіріссек, алынбайтын асу жоқ

СадибековЕлбасының жыл сайын ха­­­лыққа арнайтын Жолдауының мән-маңызы зор. Н.Назарбаевтың «Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты биылғы Жолдауының бас­қаларынан негізгі айырмашылығы – Президент алғаш рет еліміздің «Мәңгілік Ел» ұлттық идеясын ұсынды. Бұл – ұзақ жылға жоспарланған, бір идея төңірегіне топтастырылған стратегиялық мақсат болып табылады. Ол рас, халықты ұйыстырып, ұлы мақ­саттарға алып баратын па­т­риоттық идея керек. Жаңа Жол­дауда ұлттық идея арқылы мем­лекетті дамытудың жаңа беле­сі айқындалды. Елбасы «Қа­зақ елінің ұлттық идеясы қан­дай болуы керек?» деген сұ­раққа толыққанды жауап берді. Елбасының өзі айтпақшы, «Мәңгілік Ел» жобасы – елдігіміз бен бірлігіміз, ерлігіміз бен ең­бегіміз сыналатын, сынала жүріп шыңдалатын үлкен сынақ, оны мүлтіксіз орындап, сүрінбей өту – ортақ парыз, абыройлы міндет». Тәуелсіздік алған 22 жылдың ішінде Қазақстан басшысы экономикасы дамыған, саяси бағдары айқындалған жасампаз мемлекеттің іргесін қалады. Бұдан бұрынғы Жолдауында Елбасы 2050 жылға дейінгі стратегиялық бағытты айқындаса, биылғы Жол­да­уында стратегияны жүзеге асы­рудың тетіктерін көрсетіп берді. Ел дамуының жаңа бағыты бүкіл қазақстандықтардың алдына жаңа мақсат-міндеттер қойып отыр. Бұл еліміздің даму жолында жеңіл жол болмасы да анық. Ел дамуының негізгі өзегі – экономика. Қазіргі жаһандық дамудың үлгі-көрінісі болып отырған, құрамына 34 ел кіретін «Экономикалық ынтымақтастық пен даму» ұйымы дүниежүзілік ішкі жалпы өнімнің 60 пайызынан астамын өндіреді. Сондықтан да, көптеген елдер жоғарыдағы елдердің санатына кіруге аса мүдделі. Олар – Бразилия, Қытай, Үндістан, Индонезия, Ресей, Оңтүстік Африка Республикасы. Елбасымыздың да алға қойып отырған ауқымды міндеті мен ұзақ мерзімді мақсаты сол елдердің қатарынан көрініп, халқының өмір сүру сапасын барынша жоғары көтеру болып табылады. «Тәуелсіздікке қол жет­кіз­­­ген­нен гөрі, оны ұстап тұру әлде­қай­да қиын» деп атап көрсетті өз Жолдауында Елбасы. Тәуелсіз ел болып, ата-бабалар арманы ақиқатқа айналған тұста бізге бірлік пен ынтымақты сақтау аманат. Туған тілімізге қатысты мәселе де жылдар бойы айтылып келеді. Осы жолы Президенттің «Енді ешкім өзгерте алмайтын бір ақиқат бар! Ана тіліміз Мәңгілік Елімізбен бірге Мәңгілік тіл болды. Қазақ тілін даудың тақырыбы емес, ұлттың ұйытқысы ете білгеніміз жөн», деген сөзі ана тіліміздің мәртебесін асқақтата түсті деп ойлаймын. Жолдауда Елбасымыз Үкі­мет­ке 2014 жылдан бастап еліміздің әлемнің дамыған 30 елі қатарына енуінің негізгі 15 бағыты бойынша нақты тапсырмалар жүктеді. Бұл бағыттардың барлығы да уақыт талабымен үндескен. Елімізде ішкі жалпы өнім көлемінің өсімін 4 пайыздан түсірмеу, жан басына шаққандағы ішкі жалпы өнім көлемін 13 мыңнан 60 мың долларға дейін, яғни 4,5 есеге арттыру, ғылымды қаржыландыру көлемін ішкі жалпы өнімнің 3 пайыздық деңгейіне жеткізу, қазақстандықтардың өмір сүру жасын ұлғайту, алдыңғы қатар­­­лы және бәсекеге қабілетті ұлт­тық білім беру жүйесін қалып­тастыру міндеттерінің маңы­зы зор. 2050 жылға қарай ішкі жалпы өнімнің 3 пайызы ғы­лым­ға бөлінсе, өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығында үлкен серпіліс болмақ. Өнімнің өзіндік құны төмендеп, сапасы артады. Ғылымның сапасын арттырып, оны өндіріспен үйлестіру үшін білім саласында да оң өзгерістер жасалуы керек. Сол мақ­сатта университеттердің дербес­тігі қам­тамасыз етілмек. Ал мек­теп­тердің тапшылығы алдағы үш жыл ішінде шешімін табады. Қазіргі уақытта елімізде экономиканы инновациялық жобаларды дамыту арқылы өркендету маңызды. Осыған байланысты баламалы энергия көздерін пай­далану, оны өмірге енгізу жұ­мыс­тары нақты қолға алынуда. Жолдауда Елбасы мобильді және мультимедиялық, нано және ға­рыштық технологияларды, ро­боттық техника саласын, гендік инженерияны дамыту, бола­шақтың энергиясын жасау өмірлік маңызды міндет екенін атап өтті. Әлемде технологиялар мен инновациялық экономика дамыған қазіргі уақытта біздің мемлекетіміз өзгелерден қалып қоймай, жасампаз ел болуы қажет дегенді де баса айтты. Бұл айтылған мән-маңызы зор міндеттер Қазақстанның саяси-экономикалық жағынан да, тарихи жағынан жаңашыл даму жолына түсетінін көрсетеді. Ал даму үшін Елбасы қойған міндеттерді бұлжытпай орындау ләзім. Оған жұмылған күш, біріккен білек керек. Әрбір қазақстандықтың өз болашағына үлкен сеніммен қарай алатындай мүмкіндігі болуы тиіс. Ал сенім жоғалған жерде болашақтың да болмайтыны ақиқат. Елбасы Қазақстанның кемелді келешегін құру жолында «Қазақстан-2050» Стратегиясын асқан жігерліліктің, зор еңбек пен табандылықтың арқасында дүниеге әкелді. Жүзеге асатын жүйелі жоба болғандықтан, оған қолдау аса қажет. Біз өз елімізді табысты, өркениетті елдердің қатарынан көргіміз келсе, соған сәйкес өнімді еңбек талап етілетінін ұмытпауға тиіспіз. Біз сонда ғана бабалар армандаған «Мәңгілік Ел» бола алатынымызға сеніміміз зор. Ұласбек СӘДІБЕКОВ, Мәжіліс депутаты, «Нұр Отан» партиясы фракциясының мүшесі. ERA_8830 * Сауал салмағы

Ет дегенде, бет бар ма?!.

Осыдан үш жыл бұрын Президент Нұрсұлтан Назарбаев 2016 жылға дейін экспортқа ет шығаруды 60 мың тоннаға дейін жеткізу туралы Үкіметтің алдына міндет қойған еді. Оған Қазақстанның табиғи, климаттық мүмкіндігі молынан жететінін бәріміз де білеміз. Бірақ сол мүмкіндік тиімді пайдаланылмай келеді. Тапсырма берілген соң ғана біршама іс-қимылдар жасалып, ет өндіруді көбейту жұмыстары қолға алынған. Соның ішінде азды-көп жер тырнап, егін егіп жүргендерді жергілікті әкім-қаралар мал алыңдар деп біраз дігерлеген. Тіпті, мал өсірмесең, жеріңді тартып аламыз деген қорқытуларға дейін барғанын білеміз. Алайда, қанша күштесе де бұл тапсырма орындалмады. Сыртқа ет шығармақ түгіл қазақстандық ет өндірушілер ішкі рынокты толығымен қамтамасыз ете алмай отыр. Жуырда, елдегі барлық экономикалық, әлеу­­­меттік мәселелердің қалың жұрт біле бермейтін қырларын қопарып жүретін Мәжіліс депутаты, экономика ғылымдарының докторы Тұрсынбек Өмірзақов Премьер-Министр С.Ахметовке сауал жолдап, осы мәселенің шешілмеу қырларына назар аударды. Ресми статистикалық мәліметтерге қарағанда, ет өндіру соңғы бес жылда 15 пайызға ғана артқан. Соның ішінде 2012 жылы барлық өндірілген ет көлемі 934 мың тонна болса, 2013 жылы ол 1-ақ пайызға көбейіп, 943,4 мың тоннаны құрапты, дейді депутат. Ал осы аралықта... елдің ішкі рыногындағы ет тұтыну көлемі жыл сайын 7 пайызға артып отырған. Бұл да елдің тұрмысының жақсарып келе жатқандығының бір көрінісі болса керек. Өйткені, ең қуатты, ең дәмді, сонымен қатар, ең қымбат тағамды қолдану ұлғайған болса, бұл халқымыздың тұтынушылық әлеуетінің де артқандығының белгісі. Ал тұтынушылық әлеуеттің артуы – халықтың тұрмысының жақсарғандығының бір көрінісі. Сөйтіп, депутат Т.Өмірзақовтың келтірген дерегіне қарасақ, қазақстандықтар 2012 жылы 1 млн. 178 мың тонна ет тұтыныпты. Соның 79,3 пайызын ғана ішкі өндіріс қамтамасыз еткен. Демек, ішкі өндіріске ғана қарап отырар болсақ, қазақстандықтар жылына 55 кило ғана ет жей алады екен. Ал Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДСҰ) белгілеген нормасы бойынша әрбір адам жылына 80 кило ет жеуі керек. Ет жетіспеушілігін бүгінгі күнге дейін импорт жауып отыр. Өзгені сырттан әкелсек те етті сырттан тасығанымыз ұяттау, әрине. Бірақ амал жоқ, «ет дегенде бет бар ма» демекші, жетпеген соң оны сырттан тасуға мәжбүрміз. Соңғы бес жылда ғана ет импортының көлемі 10 есеге артыпты! Егер 2008 жылы ол 23,7 мың тонна болса, 2012 жылы 249,7 мың тоннаға жеткен. Әрине, бұл еттің көбісі Ресейден келеді және оның негізгі бөлігі мұздатылған жағдайда жеткізіледі. Ал мұздатылған (үсітілген) еттің сапасы мүлде төмен болатыны айтпаса да түсінікті. 2013 жылғы деректерге қарасақ, оның 3 тоқсанында 3 млн. 192 мың тонна ет енгізіліпті. Кеден одағын келісіміне сәйкес, ішкі ет өндіру­шілердің мүддесін көздеп, сырттан келетін етке кедендік салықты арттыра алмаймыз. Сондықтан ресейлік және беларусьтік ет өтімді болып, күн­нен-күнге Қазақстан рыногын жаулап барады. Осындай жағдайда экспорт туралы сөз қозғаудың өзі артық. 2012 жылы бар болғаны 1,5 мың тонна, ал 2013 жылдың 10 айында 4 мың тонна ет және ет өнімдерін сыртқа шығара алыппыз. ERA_8686Өзінің сауалында осындай деректерді келтір­ген депутат Ауыл шаруашылығы министрлігінің мал шаруашылығын дамытудағы жұмысы жоққа тән екенін атап көрсете отырып, Премьер-Министрден Үкімет Елбасының 2016 жылы сыртқа ет сатуды 60 мың тоннаға жеткізу туралы тапсырмасын қалай орындайды деген сұрақ қояды. Сонымен бірге, ол қазақстандықтарды отандық ет өндірушілер қашан толық қамтамасыз ете алатын болады? Егер олардың бағасы сырттан әкелетін еттен арзан болса, халық сырттың үсіген етін емес, өзіміздің жас етті алмас па еді, дейді депутат. Ауыл шаруашылығы ет өндірушілерінің экспорттық әлеуетін арттыруды көздеген арнайы бағдарлама да қабылданған. Депутат осы бағдарламаны орындауға сәйкес, етті малдың саны қаншалықты артқанын да білгісі келген екен. Өзекті мәселе болғандықтан, бұл сауалға Т.Өмірзақовпен бірге бірнеше депутат қол қойыпты. Жауаптың қандай боларын біз оқырмандарға міндетті түрде жеткізуге тырысамыз. Жақсыбай САМРАТ, «Егемен Қазақстан». * Жазылған жайдың жалғасы

Қара орманымыздың қалыңдай түскенін қалаймыз

«Егемен Қазақстан» газетінде Парламент Сенатының депутаты Жабал Ерғалиевтің «Орманды сақтау өзімізге байланысты» атты мақаласы (11 қаңтар, 2014 жыл) жариялануы Ақмола облысы жұртшылығы арасында айтарлықтай қоғамдық пікір туғызды. «Депутат дауысы» айдарымен оқырманға ұсынылған материалда Қазақстан Үкіметінің 2004 жылғы 23 сәуірдегі қылқан жапырақты орман алқаптарынан ағаш кесуге тыйым салу туралы қаулысының күшін тағы да он жылға жалғастыру мәселесі көтерілді. Біз осыған байланысты Бурабайдағы Қазақ орман шаруашылығы ҒЗИ директоры, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор Болат Мұқановты әңгімеге тартып, өз толғамдарымен бөлісуді өтінген едік. KTS_9268-1 – Болат Мәжитұлы, біздің пайымымызша, Парламент депутаты бұл мәселені ел Үкіметінің 2013 жылғы 9 тамыздағы №815 қаулысын негізге ала отырып жариялаған сияқты. Онда 100 және одан да жоғары жастағы қылқан жапырақты ағаштарды қайта кесу жалғасатыны айтылған. Бұған сіздің көзқарасыңыз қалай? – Сенатор салмақты мәселе көтеріп отыр. Облыс аумағындағы айрықша қорғалатын табиғи алапты «Бурабай» және «Көкшетау» ұлттық парктері мен Қорғалжын мемлекеттік қорығы біріктіреді. Елбасы тапсырмасына сәйкес, 1997 жылдан бастап Астананың жасыл белдеуін қалыптастыру мақсатында 65 мың гектардан астам жерге ағаш көшеттері егілді. Қазір аталған «жасыл аймақты» Щучье-Бурабай курортты аймағындағы табиғи ормандармен жалғастыру жұмыстары қызу жүргізілуде. Қойылған міндетті іске асыру заманауи ғылым жетістіктерін тиімді қолдануға негізделеді. Бұл орайда, институтымыз Ақмола облысының аумағында да кең көлемді жұмыстар атқаруда. Мәселен, қарағайдың жаңа 7 түріне қатысты патент алдық. Оның екеуі көріктендіру міндетін атқарады, ал бесеуі гендік құндылығы жоғары тұқымдар алуға бағытталған. Бұған қосымша, Көкшетаудың таулы-қыратты алабындағы өнімділікті артты­­­­­­руға қатысты ұзақ мерзімді зерттеулер қорытындысымен ғалымдарымыз орман қорғау мақсатындағы ағаштар мен өскіндердің – 87, жасыл белдеуге қолайлы 200-ге жуық түрін өндіріске ұсынып отыр. Мұның қайтарымы көңіл­­­дегідей. Бірақ, орман күтімі мен зиянкес­термен күрес, өрт қаупі жөніндегі ғылы­ми талдамалар, ішкі жағдайдың мони­торингі үнемі бақылауда ұсталуы қажет. – Халық қалаулысы ел Үкіметінің 2004 жылдың 23 сәуіріндегі №460 қаулысынан кейінгі 10 жылда орман алабындағы, жалпы өс­­­­­кін­дерге қатысты жағдайдың жақ­­­­сарғанын алға тартады. Бұл қандай мәселелерде көрініс тапқан еді? – Шындығында, мораторий жария­­­­­­ланған уақыт аралығында орман бай­­лығымыз молая түскені дау тудырмайды. Әсіресе, генетикалық тұтастығымен ерекшеленетін Ақмола ормандары, оның ішінде гранитті тау қойнауындағы қылқан жапырақты өскіндер алабы қоюланып, түрленгенін байқаймыз. Тіпті, ғалымдар тарапынан мұндай алқаптарға айрықша қорғалатын табиғи аймақ мәртебесін беру туралы ұсыныстары да қолдауға тұрарлық. Мұндай оң өзгерістер Ақмола аумағына ғана емес, еліміздің өзге өңірлеріне де тән. – Мәселен. – Бір ғана мысал айтайын. Инсти­тутымыз «Республика аумағын­­­дағы ормандарды сақтау және оны ұлғайту» жобасы аясында мақсатты жұмыстар атқарды. Шығыс Қазақстан облысындағы 7 мекеме қарауындағы орман алқабы 52,4 мың гектарға, осы құрамдағы жұпарлы желек 22,8 пайызға артты. Жаппай кесу алаңдарындағы талдамаларға көз салсақ, он жыл ішінде әр гектарға шаққанда 10-13 мың дана өскін бой көтергенін байқаймыз. Орман өскіндерінің түрі де көбейіп, қазір ол бес мыңнан асады. Ағаштар мен бұталардың 620 түрі есепке алынса, соның 28-і 1981 жылы «Қызыл кітапқа» енгізілген болатын. Ел Үкіметінің 2006 жылғы 31 қазандағы қаулысымен оның саны 40-қа жеткізілді. Біздің соңғы сегіз жылдағы алдын ала зерттеулеріміз оның қатары ұлғая түсетінін көрсетуде. Бірақ, биоәркелкілікті сақтау қажырлы, ыждағатты еңбекті талап етеді. Депутаттардың халқымыздың тұтастығын бейнелі суреттейтін «қара орманымыздың» қалыңдай түскенін қалайтыны, оған жанашыр болып отырғаны қуантады. «Мәңгілік Елге» жайнаған халқымызбен, жайқалған табиғатымызбен барудың өзі ғанибет. Бірақ, жиырма жыл бойы үздіксіз мораторий жариялау ғылыми тұрғыдан болсын, табиғи талаптар тұрғысынан болсын артықтау. Сондықтан, елімізде сексеуіл ағаштарын кеспеу туралы 2018 жылға дейін шектеу қойылған мерзімді қылқан жапырақты өскіндерге де қолданған тиімді деп есептейміз. Әңгімелескен Бақберген АМАЛБЕК, «Егемен Қазақстан». АҚМОЛА. * Достық дәнекері

Сенаторлар елшімен жүздесті

Парламент Сенаты Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Икрам Адырбеков Армения Республикасының елшісі Ака Саакянды қабылдады. Кездесуге, сонымен бірге, сенатор Георгий Ким де қатысты. Жүздесушілер екіжақты қатынастардың жоғары деңгейін және Қазақстан мен Армения халықтарының арасындағы тарихи байланыстарды атап өтті. Одан басқа, олар парламентаралық өзара іс-қимыл, аймақтық қауіпсіздік мәселелерін, сондай-ақ, еуразиялық кеңістіктегі ықпалдастық жобаларын іске асыру барысын егжей-тегжейлі талқылады, деп хабарлады Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының баспасөз қызметі. *  Әріптестік әлеуеті

Депутаттың екіжақты кездесулері

Парламент Сенатының депутаты, Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің хатшысы Бірғаным Әйтімова Грекияның Қазақстандағы елшісі Эфтимиос Пандзопулоспен кездесті, деп хабарлады Сенаттың баспасөз қызметі. Кездесу барысында екіжақты ынтымақтастық, оның ішінде парламентаралық байланыстарды дамыту мәселелері талқыланды. Қазақстан Парламентінің екі палатасында Грекия заң шығару органымен ынтымақтастық топтары жұмыс істейді. Сонымен бірге, Грекия Парламентінде «Грекия-Қазақстан» достық тобы бар. Сенатор елшіні Астанада алдағы уақытта болатын ЭКСПО-2017 көрмесі туралы хабардар етіп, оған грек жағының белсенді түрде қатысатынына сенім білдірді. Б.Әйтімова, сондай-ақ, ЕҚЫҰ-ның Астанадағы Орталығының басшысы Наталья Заруднамен де кездесті. Тараптар Қазақстан мен ЕҚЫҰ арасындағы ынтымақтастықты дамыту мәселелері бойынша пікір алмасты. Депутат Қазақстан Парламентінің маңызды саяси әріптесі болып табылатын ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясымен сындарлы ынтамақтастықты одан әрі дамытуға біздің еліміздің мүдделі екенін жеткізді. Суреттерді түсірген Ерлан ОМАРОВ.