Парламент • 19 Қаңтар, 2022

«Саяси партиялар туралы» заңға түзетулер енгізу қажет – Қанат Мусин

724 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Әділет министрлігі Мәжілістің қарауына еліміздегі партиялық тізімдерге әйелдерді, жастарды, сонымен қатар, мүгедектігі бар адамдарды енгізуді көздейтін заң жобасын ұсынды, деп хабарлайды Egemen.kz.

«Саяси партиялар туралы» заңға түзетулер енгізу қажет – Қанат Мусин

«Бұл Мемлекет басшысының квоталанатын санаттарды кеңейту жөніндегі тапсырмасын іске асыруға байланысты, оған сәйкес «Сайлау туралы» Конституциялық заңнан бөлек «Саяси партиялар туралы» Заңға тиісті түзетулер енгізу қажет. Заң жобасын қарау барысында депутаттар Қауіпсіздік Кеңесі мен Қазақстан халқы ассамблеясы қызметінің мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілерге түзетулер енгізуге бастама жасады», деді Әділет министрі Қанат Мусин.

Өз кезегінде Мәжіліс депутаты Геннадий Шиповских бүгінде елімізде 700 мыңға жуық қазақстандықтың мүгедектігі бар екенін ескеріп, олардың партиялық жұмысқа қаншалықты  дайын екенін сұрады.

«Әрине талдау жүргізілді. Министрлік ерекше қажеттілігі бар адамдардың мүдделерін білдіретін ұйымдардың өкілдерімен диалог құрды. Жалпы халықты әлеуметтік қорғау саласындағы мүдделі органдар мүгедек жандардың партиялық жұмысқа дайын болмауы туралы күмән білдірген жоқ. Сондай-ақ мүгедектігі бар адамдардың Парламент Мәжілісі депутаттығына кандитатурасын қарау туралы министрлікке жүгіну фактілері бар. Ерекше қажеттіліктері бар адамдардың саяси заңнама жұмыстарына, заң шығару жұмысына дайын деп санаймыз», деді Қанат Мусин.

Заң жобасын қабылдаудың мақсаты квоталанатын санаттарды оған мүгедектігі бар адамдарды енгізе отырып кеңейту болып саналады.

Мәжіліс депутаттары аталған заң жобасын бірауыздан қабылдады.