Экономика • 19 Қаңтар, 2022

«Қазақстан халқына» қорына түскен қаржы қайда сақталады?

374 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

«Қазақстан халқына» қорына түскен қаржы 7 қазақстандық банкте сақталады. Қаржы неліктен 7 банкте сақталады? Бұл сұраққа қор басшысы Болат Жәмішев «Ошакбаев LIVE» телебағдарламасының эфирінде жауап берді, деп хабарлайды Egemen.kz.

«Қазақстан халқына» қорына түскен қаржы қайда сақталады?

«Қорға түскен қаржы 7 банкте болады. Барлығы да - отандық банктер. Яғни, қайырымдылық жасаған адам немесе ұйым қаржыны қай банк арқылы жібереді, ақша сол банкте болады. Қор ашыла сала алғашқы қаржы Halyk Bank арқылы түсті.

Одан кейін kaspi.kz және тағы 5 банкке қайырымдылық қаржысы түсе бастады. Қаржыға біз жауапты болғандықтан, халық сеніміне кірген, несие жүйесі оң жолға қойылған банктер таңдалды.

Одан әрі отандық ірі кәсіпорындармен тікелей жұмыс істейтін боламыз. Ал орта және шағын кәсіпорындармен «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы арқылы меморандум жасаймыз», деді Б. Жәмішев.

Сондай-ақ қор басшысы қатысушылар кеңесінің құрылатынын алға тартты. Ол кеңесте қаржының қаншалықтың тиімді жұмсалып жатқаны қаралады.

«Көлеңкелі табысқа кенеліп жүргендер қорға қаржы аударсын деген ұсыныстарды естіп жатырмын. Қаржы халық игілігіне жұмсалады. Сондықтан қорға адал жолмен тапқан табыстың түскенін қалаймыз. Мен үшін қайырымдылық қаражаттың қайда жұмсалатыны өте маңызды», дейді ол.

Одан бөлек, Болат Жәмішев өзінің қор төрағасы болып тағайындалуына қатысты бір ауыз пікір білдірді.

«Мені төраға етіп қордың қамқоршылық кеңесі мүшелері сайлады», деп қысқа қайырды.