Қазір жасы жетпістен асқан аға толқынның өмір өткелдеріне ой жіберіп, көз тоқтатсаң өсу жолдары оңай болмағанын аңғарасың. Өткен ғасырдың ортасына қарай дүниені дүр сілкіндірген сұрапыл соғыс тұсында олардың балалық шағы бақытты сәттен гөрі әкелері майданға кеткенде орнын басып, аналарына қолқанат болған қарекетінен сезесің. Біз сондай қилы кезеңдердің қиындығына мойымай кешеден бүгінге келген ұрпақ өкілдерінің бірі – Рақыш Әміреұлы дер едік. Оның әкесі Әміре Қараев 1942 жылы әскерге шақырылып, соғыста хабарсыз кетіп, елге оралмапты.
Қанаты қатып, бұғанасы бекімеген жеті жасар Рақыш анасының қасында жүріп егін егіп, оны ору жұмысына қатысады. Қырманда атқа мініп, бидай басуға септігін тигізеді. Сегіз жасында мектеп табалдырығын аттайды.
Оңалған тірлік алдағы күнге үміт арттырып, жоғары білім алуға талпындырады. Осы ниеті жас жігітті Қызылорда қаласындағы мемлекеттік педагогикалық институттың жаратылыстану факультетіне әкеледі. Бес жыл оқып, химия, биология және ауыл шаруашылығы негіздері бойынша мамандық алады.
Ғылымға деген талпынысы оны қайтадан жоғары оқу орнына оралтады. Өзі білім алған институттағы химия кафедрасына оқытушылық қызметке тұрады. Сабақ бере жүріп, органикалық химия бойынша тиянақты зерттеулер, жан-жақты ізденістер жүргізеді. Ол өз нәтижесін беріп, білімімді тереңдетсем деген ойы ақталып, Мәскеу қаласындағы КСРО Ғылым академиясы элементтіорганикалық қосылыстар институтының аспирантурасына түседі. Органикалық химия мамандығы бойынша кандидаттық диссертациясын жоғары дәрежеде қорғағаннан кейін, оны Қызылорда мемлекеттік педагогикалық институты химия кафедрасының меңгерушілігіне шақырады. Осында жүргенде өзі кандидаттық қорғаған институт басшылығы аға ғылыми қызметкер болуға тілек білдіреді. Сонда жүріп органикалық химиядан докторлық диссертациясын даярлайды. 1987 жылы Беларусь Ғылым академиясының Биоорганикалық химия институтында химия ғылымдары докторы диссертациясын абыроймен қорғайды. Осы арада ғалымның ғылыми еңбегіне жетекші ұйым М.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университеті, ал ресми оппоненттері КСРО Ғылым академиясының академиктері М.Воронков пен Г.Толстиков және Беларусь Ғылым академиясының толық мүшесі Ю.Ольдекоп болғанын айта кетсек дейміз. Осының өзінен-ақ Рақыш Әміреұлының ғылыми еңбегінің салмағының қандай екенін бірден білесің.
Енді профессордың бүкіл өмірін арнаған органикалық химия саласындағы зерттеу еңбектеріне аз-кем тоқтала кетсек дейміз. Ол аталмыш саладағы бос радикалдар химиясы бойынша жан-жақты ізденістер жүргізген. Басты бағыты – галогенді алифатты йодты қосылыстардың гомолитті реакцияларын зерттеуге құрылған. Соның нәтижесінде йодолифатты қосылыстарды синтездеудің жаңа тиімді әдістерін ойлап тауып, қолданысқа енгізген. Сонымен қатар, ғалымның кейбір ашқан жаңалықтары тоқыма материалдарының өртенбеуіне, отқа төзімді қасиеттерге ие болуына мүмкіндік беруде. Мұндай заттар антипирендер деп аталады. Ол синтездеген кейбір антипирендер қазір үлкен сұранысқа ие екен. Жалпы, Рақыш Әміреев 160-тан аса ғылыми және ғылыми әдістемелік еңбектер жариялаған. Оның ішінде екі көлемді монографиясы, ондаған авторлық куәліктер бар. Көптеген зерттеу дүниелері, нақтылай түссек, Ресей, Ұлыбритания, АҚШ, Жапония секілді елдерде жарық көрген.
Профессор Рақыш Әміреұлы – ғылыми-зерттеу жұмыстарымен қатар, білім беру саласына да белсене атсалысқан азамат. Ол өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары қазіргі Алматы технологиялық университетінде кафедра меңгерушісі, одан кейін Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде проректор қызметтерін атқарған. Сол секілді Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінде химия кафедрасын басқарып, ғылыми кеңестің шешімімен «ТарМУ-дың құрметті кафедра меңгерушісі» академиялық атағына қол жеткізген.
Білікті ғалым, білімді ұстазды С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеті шақырып, химия кафедрасын ұйымдастыруды тапсырады. Сенімге селкеу түсірмей, бұл жұмысты да ойдағыдай орындап, жаңа кафедраны жасақтайды. Кейін бұл химия және химиялық технологиялар кафедрасы болып өзгереді. Мұндай өнегелі іс екінің бірінің қолынан келе бермесі анық. Осыған қарап, азаматтың ақыл-ойының биік, кейінгіге көрсетер үлгісінің ерендігін білуге болады. Өмір өткелдеріндегі небір сын сағаттардан қажыр-қайратымен, ақыл-парасатымен, еселі еңбегімен өткен профессордың ғылымдағы сорабы, ел ішіндегі беделі талайларға үлгі болары анық.
Сансызбай МОЛДАЖАН.