Әлем • 19 Қаңтар, 2022

Ауғанстан көмекке мұқтаж

451 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

ЭДИНБУРГ/ЖЕНЕВА. АҚШ пен Батыс елдерінің сарбаздары Ауғанстаннан шығарылғанына да төрт айдан асты. «Талибан» елді бақылауға алған кезде Батыстағы мемлекеттер арнайы рейстер жалдап, босқындарды қабылдау ережелерін жеңілдетіп, қаражат бөлу арқылы бірнеше мың ауғанды қауіпсіз жерге жеткізді. Әйтсе де елде қалғандар – «Талибанды» жақтайтыны бар, жақтамайтыны бар, әлемнің қалған бөлігінен ажырады. 

 

Ауғанстан көмекке мұқтаж

Шетелдерде Ауғанстанмен арадағы халықаралық банктік транзакциялар мен сауда тоқтатылған-ды. Негізінен Америка Құрама Штаттарының талабына сәйкес, бұған дейінгі 20 жылда орнатылған терроризмге қарсы ере­желердің кең ауқымын енгізу ар­қылы қол жеткізілді. Соның салдарынан Ауған­­стан­ның мемлекеттік секторында жалақы азайып, экономикасы құл­дырап кетті. Көптеген дамуға септігін тигі­зе­тін жобалар қаншалықты маңызды еке­ніне қарамастан қызметі шектеліп, тоқы­рауға ұшырады.

Ауған қысының қақаған мезгілінде баға шарықтап, азық-түлік тапшылығы күшейе түсті. Елдегі мектептер, емханалар мен ауруханалар жұмысын тоқтатты. Осылайша, ауған халқының көмекке мұқтаждығы көбейген тұста оларға тіпті қарапайым мәселеде қол ұшын созатындар азайды. Бұл «Талибан» билігіне қымбатқа түсіп тұр.

Халықаралық гуманитарлық көмек қызметкерлері мен ауған қауымдастығы азық-түлік көмегін, емханалар жұмысын және ұлдар мен қыздардың мектепте білім алуын қамтамасыз етуге бар күшін салып жатыр. Бірақ қиындықтар өте көп. Ауғандықтар қазір кедейшілікпен, тіпті ашаршылықпен бетпе-бет келіп отыр.

Мұндай ахуал жалғаса берсе, биыл бүкіл ел ауыр кедейлікке душар болады. Осы қыстың соңына қарай бүкіл ел, халықтың 97 пайызы сырттан көмек келмесе, ашаршылыққа ұшырауы мүмкін.

Әлемнің қалған бөлігі, әсіресе дамы­ған елдер есікті тарс жауып алып, күннен-күнге артып келе жатқан трагедияны ұмытып кете аламыз деп ойламауы керек. Адамгершілікті былай қойғанда, Ауғанстанның күйреуі салдарынан болатын тұрақсыздық жақын маңдағы мемлекеттердің бәріне де сезіледі. Көптеген ауғандық жақсы өмір іздеп, болашақты шетелден іздеуі мүмкін. Ал табысы таусылған фермерлер отандық есірткі айналымын күшейтіп жібереді.

Сондықтан Біріккен Ұлттар Ұйымы мен халықаралық көмек агенттіктері Ауған­станды тығырықтан шығару үшін қажетті қаражатты жинауға тыры­суы тиіс. «Талибан» басшылығына салын­ған санкциялар күтпеген жерден көмек агент­тіктерінің қаражат жинау және жұм­сау қабілетіне кедергі келтіріп отыр. Дегенмен қазіргі кезде мұндай шектеу­лерді алып тастауға қадам жасала бас­тады.

Әрине, ауған қыздарының білім алуын қолдау өте дұрыс. Бірақ жақында Лондон университетінің Шығыстану және Африкатану мектебінің ауған сарапшысы Орзала Немат айтқандай, қыз­дарды тірі қалдыратын негізгі қыз­меттерге – тамақ, су және денсаулық сақтау қызметтеріне көмек көрсетуден бас тарту дұрыс емес.

Ауғанстандық көзқараспен қарасақ та, Батыс саясаткерлерінің жеке мүдде­лері тұрғысынан қарасақ та, қазіргі күйзе­лістің ақыры өте қорқынышты. Ха­лық­аралық қоғамдастық басын «құм­ға тығып алмай», әрекет етуі қажет. «Тали­бандарды» қолдамай-ақ атқары­латын үш бағыт бар.

Біріншіден, ақша қолжетімді болуы керек. БҰҰ 2022 жылы Ауғанстандағы ең осал топтағы адамдарға көмектесу үшін 4,5 миллиард доллар жинауға тырысады. Осындай қадам арқылы азық-түлікке, баспанаға, дәрі-дәрмекке және қорғауға мұқтаж 21 миллионнан астам адамға көмек көрсетіледі. Мұндай соманы халықаралық қоғамдастық таба алатыны сөзсіз. Жыл басында осыған орай өткізілетін конференция аталған мәселелерге назар аударуға көмектеспек.

Бұған қоса, жақында БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі гуманитарлық қызметті кейбір «Талибан» мүшелеріне салынған санкциялар режімінен бөлек қарастыратын қарар қабылдады. Бұл шара қаржы инс­титуттары мен коммерциялық субъек­тілерге гуманитарлық ұйымдарға қолдау көрсеткен кезде қолданыстағы санкция­ларды бұзбайтынына заңды кепілдік береді. Елдер мен қаржы институттары жаңа мүмкіндікті барынша пайдалануы керек. Ендігі жерде шегінерге жол жоқ.

Екіншіден, донорлық қаржылан­дыруды пайдалануды икемдеу керек. Мысалы, Дүниежүзілік банкте Ауған­станға арналған 1,5 миллиард доллар сенімгерлік қоры бар. Сондай-ақ жақын­да 280 миллион доллар аударуға келіс­кенін жариялады. Қаражаттың бір бөлі­гі денсаулық сақтауды қамтамасыз ету үшін БҰҰ Балалар қорына (ЮНИСЕФ), келесі бөлігі Дүниежүзілік азық-түлік бағдарламасына беріледі. Енді биылғы қыста ауған халқына көмек­тесу үшін бүкіл қорды қайта қарау керек.

Сондай-ақ донорлық қаржы­лан­дыруды бюджеттік сала қызметкер­лерінің жалақысын төлеуге және ауған­дық мекемелердің денсау­лық сақ­тау мен білім беру секілді негіз­гі қыз­мет­терді көрсетуге көмектесу үшін пай­далануға болады. Бірақ бұл «Талибанды» қолдау ретінде қарасты­рыл­мауы керек. Маңызды мемлекеттік функцияларға жасалған мұндай қолдау ауғандықтардың болашаққа үмітін оятып, өз елінде қалуға жол ашады. Қаңырап қалған мемлекет, керісінше, азап пен тұрақсыздықтың кілті.

Үшіншіден, халықаралық қоғам­дастық Ауғанстанға қатысты ұстанымын нақты білуі керек. Қазіргі уақытта әлем «Талибан» режімінен не күтетінін нақты анықтамай-ақ оның түрлі халықаралық нормаларға сай болуын күтеді. Ал «Талибан» ұйымы мұны орындауға ынталы емес немесе олардың ниеттері қандай екені түсініксіз.

Мұндай тәсіл іс жүзінде сәтсіздікке әкеледі. Халықаралық қоғамдастық өз талаптарын нақты әрі қабылданатындай етіп қоюы керек. Сонымен қатар әлдеқайда белсенді әрекет еткені жөн. Бұған кейбір экономикалық санкция­ларды жеңілдету не алып тастау немесе дамуға ұзақ мерзімді көмекті біртін­деп қайта енгізу кіреді. Оның орны­на халықаралық қоғамдастықты алаң­датып отырған мәселелерді орындауды, соның ішінде әйелдер мен қыздардың құқықтарын ілгерілетуді сұрай аламыз.

Бұл қадамдарды «таспен ұрғанды аспен ұрғандай» жомарт әрекет деп қарастыруға болмайды. Әлем Ауғанстан халқына қажетті қолдауды көрсетуі керек. Өйткені сәтсіздіктің салдарын – қиындықтың азабын олар жалғыз тартпауы тиіс.

 

Гордон БРАУН,

Ұлыбританияның бұрынғы

премьер-министрі, Біріккен Ұлттар Ұйымының Жаһандық білім беру жөніндегі арнайы өкілі және Жаһандық білім беру мүмкіндіктерін қаржыландыру жөніндегі халықаралық комиссияның төрағасы

Мартин ГРИФФИТС,

Біріккен Ұлттар Ұйымының гуманитарлық істерді үйлестіру кеңсесінің Төтенше жағдайда көмек көрсету жөніндегі үйлестірушісі және Бас хатшысының орынбасары

 

Copyright: Project Syndicate, 2022.

www.project-syndicate.org