Ерсайын Омаров деген бапкер екі көзі оттай жанған балақайды бірден байқаған-тын. Сол күннен бастап ұлы күрес өнері жас өренді сиқырдай арбап, басыбүтін баурап алған еді.
Ерсайын ағайының өзі самбо күресінен спорт шебері екен. Одан бөлек, бала сырын терең меңгерген сұңғыла маман болып шықты. Шалт қимылды ширақ баланың талпынған жүрегіне жол таба білді. Содан да болса керек, бала Рахат жаттығудың бір де біреуін жібермейтін болды.
Білікті бапкер шәкіртінің бойына қазақ күресінің, дзюдоның және самбоның әдіс-айласын сіңіре берді. Араласып, былығып кетеді-ау демеді. Ішіндегі ең керегін өзі таңдап алады-ау деген сенімі нық болса керек.
Арада жылдар зулап өте шықты. Орта мектепті бітіргеннен кейін Рахат Қарағандыға келіп, политехникалық колледжге оқуға түсті. Электр-механик мамандығын кұп көрген.
Балаң жігіт студенттік шақтың қызылды-жасылды қызығын емес, күрестің жанкешті еңбекке толы жаттығуын таңдады. Елдің баласы ермек қуып жүргенде, Рахат қаладағы «Еңбек» спорт кешеніне барып, сондағы «Жас сұңқар» күрес мектебіндегі Дәурен Адамбаев сынды бапкерді тауып алған.
Уақыт өте келе үш күресті бірдей алып жүру қиынға соқты. Оның үстіне дзюдоның да ережесі жиі өзгеріп, кілем үстіндегі қимылынан жаңылдыра берген. Мәселен, самбода аяқтан ұстауға болса, енді жапон күресінде ол әдіске тыйым салынды. Содан біржолата өзіне жақын самбоны таңдаған. Мұнысын самбодан Қарағанды облысының аға бапкері Дәурен Адамбаев та құп көрген еді.
Алысқа сапар шегіп, додаға түскен алғашқы ірі жарысы Кореяның Чхонджу қаласындағы әлем чемпионаты болды. Толыспаған тәжірибе бар, кемеліне келмеген бап бар, осының бәрі жиылып келіп тобықтан қаққан еді. Қола жүлдені қанағат етуге тура келген.
Иә, күрестегі жолы ауырлау болды. Жарақат жағадан алды, тұрмыс жағдайы да етектен тартты. Ерте үйленді, оның да жауапкершілігі зілдей еді. Бірінен соң бірі екі ұл дүниеге келген. Ал бұл болса, облыс орталығынан отыз шақырым жердегі Сұрыптау елді мекенінен Қарағандыдағы жаттығуына күнде автобуспен қатынап жүретін. Мұның қаншалықты мехнатты екенін енді өзіңіз бағамдай беріңіз: жұмысынан шыға салып, жаттығуға кетеді. Кешкі он-он бірдің кезінде сілесі құрып үйге келіп құлайды... Әйтеуір, жұмысындағы Жанұзақ Қабди, Серік секілді басшыларына рахмет, жарыстардан қалдырмай жіберіп тұрды...
Сын сағаттарында Жанат Омарбеков есімді нағашысының қолдауы мықты демеу болды. Жарақат алғанында, күйбең тірліктің тауқыметін тартқанында, тіпті күресті тастадым деген кездерінде осы нағашысы жанынан табылып, сүйеу бола білді.
Рахаттың арманы зор еді: үлгі тұтқан ағасы Бейімбет Қанжановтай әлем чемпионы болсам деп армандайтын. Сол арманына ол былтырғы жылдың соңына қарай Ташкентте өткен дүниежүзілік додада қол жеткізді.
Бұл чемпионатта Рахат Жаңаниет 64 кило салмақ дәрежесінде төрт белдесу өткізді. Алғашқы тартыста грек балуанымен сынға түскен. Осы додада топ жарады-ау дегендердің алдыңғы қатарында аталған мықтының бірі еді. Бірақ Эллада елінің ері біздің балуанның тегеурініне шыдас бере алмады. Одан кейін түрік балуанымен шықты. Есесі кеткен балуанның бірі осы еді: соның алдындағы Азия чемпионатында 1:1 есебімен тең түскенінде, төрешілердің шешімімен жеңілген-тұғын. Шап беріп ұстағаннан шыр айналдырды... Жартылай финалда мұны белорус балуаны Павел Гладких күтіп тұрды. Бабында болғаннан кейін бе екен, оны оп-оңай жеңді. Сөйтіп, финалға күш-қуатты шығын қылмай, тың шыққан.
Шешуші белдесуде бұған қарсы Азияның бес дүркін чемпионы, Әлем кубогының екі мәрте жеңімпазы, 2018 жылы Бухарестте өткен әлем чемпионатының алтын жүлде иегері Хушкадам Хусравов шықты. Тәжік балуаны мұның алдында елордада өткен Қанат Байшолақов атындағы халықаралық турнирде Рахаттан 0:9 болып тас-талқан жеңілген еді. Сонда да жығылғанын мойындағысы келмей, әлем чемпионатында көрермін сенің әуселеңді дегендей тісін қайрап кеткен-тін...
Біздің жігіттің шешуші сында ақ алмастай жарқылдағаны рас еді. Жағадан ұстаған бетте өзінің сүйікті әдісі – «кері диірменді» келістіріп тұрып орындаған. Қарсыласы аяғы аспаннан келіп, боз кілемнің үстіне айналып келіп топ ете түсті. Осының алдындағы тағы бір жасаған әдісі бар, таблодағы есеп 8:0 болып жарқ еткен! Төрешілер әрі қарай күресті жалғастырудың мәні жоқ болған соң, бірауыздан шешім қабылдап, белдесуді тоқтатқан еді.
Сөйтіп, жиырма бестен жаңа асқан жампоз жігіт жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтерілді де, Ташкенттің төрінде оның құрметіне еліміздің әнұраны шырқалды.
Ташкенттен топ жарып келген чемпионды Қарағанды облысы спортының басшысы күтіп алып, қолындағы бар мүмкіндігімен сый-сияпатын жасады. Чемпионның облыс әкімі Жеңіс Қасымбектің өкімімен жоғары жетістігі бар спортшылар үшін арнайы тағайындалған 300 мың теңге көлеміндегі ай сайынғы стипендияны ала бастайтынын да естідік.
Ал енді Рахат Жаңаниет еңбек ететін алпауыт кәсіпорын – Қазақстан темір жолының басшылығы осындайда мырза көңілмен жомарттық танытса дейсің. Әлем чемпионы болып, қазақтың атын күллі әлемге танытқан аймаңдай ұлдың үйсіз-күйсіз жүргенін ескеріп, қолтығынан демеп жіберсе, темір жол сынды ірі компанияның ырысы ортайып қалмас еді-ау.
Иә, сол Ташкенттегі дүниежүзілік додада қыздар арасындағы сында топ жарған Гүлдана Әлмұханбетованы Ақтау халқы аяғын жерге тигізбей күтіп алды деп естігенбіз. Намысты қолдан бермеген аруды арғымаққа да мінгізген, жаңа үйге де кіргізген екен.
Өңір спортының тарихына үңілсек, Рахат Жаңаниет самбо бойынша Қарағанды облысынан шыққан үшінші әлем чемпионы екен. Біріншісі – Жаңаарқаның көгінде жанған жарық жұлдыз Қанат Байшолақов. Әйгілі балуан алтын жүлдеге 1984 жылы Мадрид қаласында қол жеткізді. Айта кеткен жөн болар, Қанат Байшолақов – самбо күресі бойынша қазақтан шыққан тұңғыш әлем чемпионы. Одан кейін арада 31 жыл өткенде Бейімбет Қанжанов олжа салды. Ақсу-Аюлының ақсұңқар ұлы 2015 жылы Марокконың Касабланка қаласында өткен әлем чемпионатында 52 кило салмақ дәрежесінде алтыннан алқа таққан еді.
Енді, міне, болат жолдың бойындағы Ақадыр атты бекеттен шыққан ақжолтай жас әлемдік доданың ең биік шыңын бағындырды. Ал алдағы Олимпиаданың бағдарламасына самбоның енуі мүмкін деген ақпарды есепке алсаңыз, бұл жеңістің құны тіпті де шарықтай түспек. Тегі мұндай сүйінішті оқиға, толайым табыс күнде бола бермейді. Шүмектеп төккен тер, шыдас берген төзім жемісін берген жеңістің лайықты бағасы ерте ме, кеш пе, түбі берілетініне, әрі шойын жолдың екі тізгін, бір шылбырын қолына ұстаған азаматтардың «Алтынның қолда барда қадірі жоқ» дегізбейтініне күмәнсіз сенгіміз келеді!