Тежемесе, инфляция иілмейді
Қарағанды облысында инфляцияны ауыздықтау бойынша амал-әрекеттің алуан түрі іске асырылып жатыр. Бұл бағытта тұрақтандыру қорындағы өнімдердің интервенциясы, ішкі нарықты отандық азық-түлікпен қанықтыру аса маңызды рөл ойнайды. Мысалы, экономика басқармасының мәліметі бойынша, 2021 жылдың желтоқсан айында облыстағы тұтыну бағаларының индексі 108,5%-ды құраған. Ал ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Асқар Санаубаров тұрақтандыру қорында 291,6 тонна өнім, оның ішінде 41,2 тонна қарақұмық, 200,4 тонна қант және 50 мың литр күнбағыс майы бар екенін мәлім етті. Бұл өнімдерді және картоп, сәбіз, қырыққабат сияқты көкөніс түрлерін қосымша сатып алу жоспарда бар. Бұдан бөлек, «Сарыарқа» ӘКК-тің кәсіпкерлерге жеңілдікпен қарыз беруі арқылы көкөністер сауда нүктелеріне белгіленген бағамен жеткізілетін болады.
Облыс әкімі Жеңіс Қасымбек бағаның негізсіз өсуіне жол бермеу бойынша жұмыстың жалғасын табатынын айтады.
– Бізде инфляциялық процестерді тежеу жөніндегі кешенді жоспар жұмыс істейді. Ол Мемлекет басшысының жаңа тапсырмаларын ескере отырып, түзетуді және өзектендіруді қажет етеді. Ішкі нарықты отандық азық-түлік тауарларымен толықтыру жұмыстарын жалғастыру қажет, – дейді ол.
Жалпы, облыста бағаны тұрақтандыру бойынша меморандумдарға сәйкес ауылшаруашылық тауар өндірушілері тұрақтандыру қорына 5 100 тонна картоп және 1 800 тонна көкөніс түрін жеткізуге міндеттелген. Ал жергілікті құс фабрикалары меморандум бойынша жұмыртқаны белгіленген бағамен саудаға шығарады.
Әлеуметтік ұн мен нан бағасын тұрақтандыру үшін астықтың резервтік қоры пайдаланылады. Облыстық кәсіпкерлік басқармасының басшысы Татьяна Аблаева қоймаларда бакалея өнімдерінің бір айдан астам уақытқа жететін қоры бар екенін айтады.
Өңірде жанар-жағармай мен автогаз тапшылығы жоқ деп сенімді түрде айтуға болады. Сонымен қатар облыста баллон газын сататын фирмалармен бағаны төмендету туралы уағдаластыққа қол жеткізілген.
41 мың тұрғын жұмысқа тұрады
Биыл Қарағанды облысында Ұлттық жобалар аясында 25 148 жұмыс орны құрылып, өңірдің 41 мың тұрғыны еңбек етіп, нәпақа айыру мүмкіндігіне ие болады. Мысалы, «Жастар тәжірибесі» бағдарламасы бойынша 721 түлек жұмысқа орналасса, 2 959 адам қоғамдық жұмыстарға тартылады деген жоспар бар. Бұдан бөлек, өңірде халықтың осал топтары үшін, нақты айтқанда 300-ге тарта адамға арналған әлеуметтік жұмыс орындары құрылады. Алғашқы жұмыс орны 238 үміткерге ұсынылмақ.
Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Төлеу Мұхтар нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы бойынша «Ұрпақтар келісімшарты» жобасының да жұмыс істей бастайтынын атап өтті.
– Бұл – зейнеткерлік жасқа жетсе де, еңбек етіп жүрген қызметкерді кейіннен ауыстыра отырып, жұмысқа орналастыру. Осы жоба аясында өңірде биыл 34 адам жұмысқа орналасады. Зейнет жасына дейінгі адамдарды жұмысқа орналастыру үшін «Күміс жас» жобасын енгізу 534 адамды жұмыспен қамтуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ өңірде халықтың әлеуметтік осал топтарынан шыққан жастар арасында конкурстық негізде гранттар ойнатылды. Бұл бойынша барлығы 755 грант қарастырылған, – деп атап өтті Т.Мұхтар.
Кәсіпкерлік белсенділікті арттыру үшін 1 250 адамды бизнес негіздеріне оқыту жоспарланған. Оларға 433 микрокредит берілетін болады. Бүгінде электронды еңбек биржасында 4 188 бос жұмыс орны орналастырылған.
– Бос жұмыс орындарын таңдау үшін жұмыссыз адам өзі Enbek.kz порталына кіре алады. Сондай-ақ олардың қалалар мен аудандардың халықты жұмыспен қамту орталықтары арқылы немесе кенттер мен ауылдық округтердің әкімдіктерінен бос орындар туралы ақпарат алуына мүмкіндігі бар, – дейді Төлеу Мұхтар.
Қарағанды облысы