Аймақтар • 21 Қаңтар, 2022

Тұмау індетті ушықтырып жіберді

456 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Солтүстік Қазақстан облысында індет кіргелі 35 517 адам науқастанып, соның 33 246-сы жазылып шықты. Бүгінгі таңда 221 адам емделіп жатыр, ал 861 адам амбулаториялық бақылауда.

Тұмау індетті ушықтырып жіберді

Бұдан бұрын жазға­ны­мыздай, қарашаның ортасынан желтоқсанның аяғына дейін індетке шал­­­­дыққан адамдар саны бір­шама азай­ған. Инфек­циялық ауру­ханадағы тө­сектік орынның 17%-ы ғана қамтылды. Алайда мамандар 10 қаңтардан бастап сырқаттанушылар санының күрт өскенін байқап отыр. Өткен аптада ауруханаға түсушілер саны 160-тан 221-ге көбейген. Соның ішінде 11 адамның халі өте ауыр.

Кейінгі аптада науқас жандардың саны алдыңғы аптадан 2 есе, яғни 167-ден 341-ге артқан. Аудандар арасында Айыртау ауда­нындағы ахуал тіпті күр­делі, осы кезеңде онда ау­ру жұқтырғандар саны 7 есе артты. Облыстағы нау­қастардың жас шамаларына қарасақ, ауырғандардың арасында 60 жастан ас­қан­дар – 20%, 50-59 жас аралы­ғындағылар – 17%, 40-49 жас аралығындағылар – 15% және 19-29 жас ара­лы­ғындағылар 18%-ды құрап отыр.

Қаңтар айында індет жұқтырған аяғы ауыр әйел­дер саны да артқан. Күн сайын орта есеппен осындай 8 әйелдің бойынан КВИ анықталып жатыр. Облыста сырқаттанған жүкті әйелдердің жалпы саны 684 болған еді, соның 661-і емделіп шыққан.

Қаңтардың басында балалар арасында сырқат­танғандар саны 40%-ға дейін азайған еді. 18 қаңтар­дан бері олардың саны күрт көтеріліп, қазір 135-ке жетіп отыр. Бүгінде тәулігіне 28 балаға дейін індетке ұшырауда.

Өкінішке қарай, осы күнге дейін облыста 456 адам індеттен көз жұмды. Соның 5%-ы вакцинаның толық компонентін алған. Қазір облыста індеттің «Дель­­та» мен «Омикрон» штамдары қатар жүріп жатыр.

Облыстағы эпидемиялық жағдайды маусымдық тұмау да қоздырып тұр. Осы қыста 17 814 адам тұмауратты. Бұл – әрбір 100 мың адамға 3 105 адамнан келеді деген сөз. Өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда бұл 34%-ға жоғары.

Індетке қарсы негізгі қа­ру – вакцина. Бүгінге дейін облыс халқының 76,22%-ы немесе 282 576 адам вак­цина алды. Соның ішінде 260 788 адам вакцинаның екінші компонентін де салдырды. Бұл тұрғыдан облыс республиканың басқа өңірлерімен салыстырғанда 8-орында тұр. Дегенмен облыстың барлық ауданында вакцина салу қарқыны төмен жағдайда деп айту­ға болады. Мысалы, Шал ақын, Ғ.Мүсірепов, Тайын­ша аудан­дарында бұл көрсеткіш 12-16 пайыз­дан аспайды. Халық вакцинаның пайдасын әлі толық мойындамай отыр.

Қазір облысқа Comir­nati (Pfizer) вакцинасының 72 540 дозасы жеткізілген. Оның бірінші компоненті
7 836 адамға салынды. Со­ның ішінде 6 016 балаға, 242 аяғы ауыр әйелге және
1 578 босанған әйелге салынды. Ал екі компонен­­­тін де салдырғандар саны – 5 195 адам. Соның ішінде 4 057-сі – балалар.

Облыстың Уәлиханов, Ғ.Мүсірепов және Қызылжар аудандары «қызыл аймақта» тұр. Сондай-ақ №3 емхана, жекеменшік «Денсаулық» емдеу орны – «қызыл аймақта». Ал бұрын «қызыл аймақта» болған Тайынша, Айыртау аудандарында вакцина салу қарқыны артып, шектеу шаралары да жеңілдеді. Қазір Шал ақын, М.Жұмабаев және Тайынша аудандарында халықты вакцинамен қамту жоғары қарқынмен артып келеді. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Нұрлан Аймановтың айтуынша, вакцина салдыру ауқымы төмен аудандарда ауруханаға түсу коэффициенті де жоғары.

Облыстағы індетпен күре­сіп жатқан дәрігерлер саны – 131, медбикелер – 337, төменгі санаттағы жұмыскерлер саны – 305 адам. Инфекциялық стационарлар бүгінгі таңда екі айлық дәрі-дәрмек қорымен қамтамасыз етілген.

 

Солтүстік Қазақстан облысы