Үкімет • 21 Қаңтар, 2022

Ортақ стандарт енгізуге жол ашатын құжат

228 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Сенат Спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Палата отырысы өтті. Депутаттар «Заттар мен материалдардың құрамы мен қасиеттерінің стандартты үлгілерін жасау және қолдану жөніндегі ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасын қарап, қабылдады.

Ортақ стандарт енгізуге жол ашатын құжат

Бұл құжат қазақстандық тауарларды, жұмыстар мен қызметтерді жеткізушілерге осы Келісімге қатысушы елдерге экспорттау кезінде Тізілімге енгізілген мемлекеттік стандартты үлгілерді қосымша сынақтарсыз немесе зерттеулерсіз пайдалануға мүмкіндік береді. Мұндай тәсіл отандық кәсіпкерлерге өз ақшасы мен уақытын үнемдеуге жол ашады. «Осы келісімді ратификациялау арқылы келісімге қатысушы елдерде сынақтар бо­йынша қосымша рәсімдер жүргізілместен, Қазақстанда әзірленген стандартты үлгілерді тануға мүмкіндік береді. Яғни, Қазақстан Республикасында стандартты үлгі өндіріліп, сынақтардан және үлгінің типін бекітуден өтсе, келісімге қатысушы басқа ел, техникалық құжаттаманың сараптама нәтижелерін қосымша сынақтарсыз мойындайды», деді заң жобасы жөнінде баяндама жасаған Премьер-Министрдің орынбасары – Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов.

Ведомство басшысының айтуынша, мемлекетаралық мәртебесі бар осы келісімді ратификациялау, метрология саласындағы өлшеу нәтижелеріне деген сенімді арттырып, өнімнің сапасы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Министрдің айтуынша, мемлекетаралық стандартты үлгілер экономиканың түрлі салаларында сұранысқа ие және кеңінен қолданылады. Ұлттық тізілімде 634 стандартты үлгі тіркелген. Оның ішінде, 337 стандартты үлгі Мемлекетаралық стандартты үлгілер тізіліміне енгізілді. Биыл Стандарттау және метрология институты 163 стандарттық үлгілерді әзірлеген екен. Олар Мемлекетаралық стандартты үлгілер тізіліміне енгізілген.

Депутат Бауыржан Қаниевтің сөзіне сүйенсек, Келісім шеңберінде заттар мен материалдардың құрамы мен қасиеттерінің стандартты үлгілерін жасау және қолдану жөніндегі ынтымақтастық қамтамасыз етіледі. Ол метрология жөніндегі ұлттық органдармен келісілген бағдарламалар мен рәсімдердің негізінде жасалады. «Тараптар арасында Үлгілік тәртіпте қолданылуға сәйкес метрология саласындағы өлшеу техникалық құжаттаманың сараптама нәтижелері техникалық құжаттаманың уақыты орта есеппен 1,5 айға қысқартылады. Бұл өз кезегінде, Бизнес өкілдерінің қаржылық шығыстырын төмендетуге, әкімшілік жүктемелерін азайтуға мүмкіндік береді», деді депутат.

Сонымен қатар кәсіпкерлердің осы стандарттарға кең қолжетім­ді­лі­­гін қам­та­масыз ету жасанды сер­ти­­фи­кат­­тар­дан арылудың бір элементі ретін­де қа­рас­тырылмақ. «Заттар мен мате­риал­дар­дың құрамы мен қасиеттерінің стандартты үлгілерін жасаудың және қолданудың экономикамыз үшін маңызы зор. Бүгін қабылданған келісім – қатысу­шы мемлекеттер арасында осы бағыттағы келісілген жұмыстарды жүргізуді көздейді. Алдағы уақытта бұл құжат бизнестегі әкімшілік жүктемелерді қысқартуға қызмет етеді. Сондай-ақ Келісімге қатысушы – ТМД елдері арасында экономикалық және ғылыми-техникалық ынтымақтастық үшін кедергілерді азайтады деп сенеміз», деді заң жобасы жөнінде пікір білдірген Мәулен Әшімбаев.

Жалпы отырыста депутаттар Бейбіт Исабаевты Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің төрағасы етіп сайлады. Бұған дейін осы Комитеттің төрағасы болған Мұрат Бақтиярұлы Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі болып сайланды. Мәулен Әшімбаев Мұрат Бақтиярұлына Комитет төрағасы ретінде атқарған еңбегі, заңнамалық жұмысқа және азаматтарды алаңдатқан өзекті мәселелерді шешуге қосқан үлесі үшін алғыс білдірді.

Сонымен қатар отырыс кезінде сенаторлар өздерінің депутаттық сауалдарын жолдап, «Қасіретті қаңтар» оқиғасының себептері мен салдарын талдау және Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев берген тапсырмалардың іске асырылуын бақылау аса маңызды екенін айтты.

Сенатор Ләззат Сүлеймен бейбіт адамдар әділетсіздіктің құрбаны болмас үшін «Қасіретті қаңтар» оқиғасы кезіндегі барлық деректер мұқият зерттеліп, тексерілуі керек екенін айтты. Сондай-ақ ол құқық қорғау органдарына жеткізілген және ұсталған адамдардың қорғауға және білікті заңгерлік көмек алуға қатысты конституциялық құқығын қамтамасыз ету маңызды екенін тілге тиек етті.

Өз кезегінде Айгүл Қапбарова қайғылы оқиға еңбек саласында сапалы өзгеріс қажет екенін көрсетіп бергенін айтып, қазіргі жұмыспен қамту және жастарды жұмысқа орналастыру бағдарламаларын қайта қарау қажеттігіне назар аударды. Премьер-Министрдің атына жолдаған депутаттық сауалында депутат статистикалық дерек­тердің сенімсіздігін алға тартты. Мәселен, 2020 жылы жұмыссыздық деңгейі 4,9 пайызды құрады. Ресми статистика көр­сеткендей, жұмыссыздық деңгейі бүгінгі күні өзгеріссіз қалады. «Көптеген дамыған елде эпидемиялық жағдайға байланысты еңбек нарығындағы жағдай күрт өзгерді, жұмыссыздық деңгейі кем дегенде 10 пайызды құрады. Ал Қазақстандағы өзгерістер – 0,2 пайыз. Бұл сандар қоғамға да, экономикалық сарапшыларға да сенім ұялатпайды», деді депутат.

Мұхтар Жұмағазиев әлемдік тәжірибеге сүйене отырып, ауыл шаруашылығы техникаларына қатысты утильдік алым мөлшерлемесін азайту маңызды екенін айтты. Қазіргі жағдайда ауыл шаруашылығы техникасы 80 пайызға дейін тозғанда утильдік алымның қолданыстағы нормалары отандық фермерлерге және жалпы ауыл шаруашылығына елеулі залал келтіреді. Мұның салдары азық-түлік бағасының өсуіне әкеледі.

Премьер-Министрге сауал жолдаған Нұртөре Жүсіп өскелең ұрпақты отаншылдық рухта тәрбиелеу мәселесін көтеріп, ұлттық құндылықтарды сақтау және дәріптеудің маңызына тоқталды. Оның айтуынша, ұлттық идеология мен ұлттық тәрбиені дамытуда айтарлықтай алшақтық болды. Сенаторлар бұл мәселені Үкімет алдында бірнеше рет көтеріп, тіпті осы саладағы жағдайды жақсарту бойынша нақты ұсыныстар жіберген. Мәселен, өткен жылы Сенатта ұлттық құндылықтарды сақтау және одан әрі ілгерілету мәселе­леріне арналған парламенттік тыңдау өтті. Тыңдауға қатысушылар көптеген мәселе көтеріп, жұмыс қорытындысы бойынша Үкіметке ұсыныстар берген. «Сізден сол ұсынымдарға қайта назар аударуды, парламенттік тыңдау материалдарын Үкімет мүшелерінің бәріне таныс­тыруды және соларды жүзеге асыру үшін шұғыл әрекет етуді талап етемін. Сенат бес құндылықты – атап айтқанда, тәуелсіздік және тарихи таным, ел мен жер, тіл мен имандылық, ұлттық дәстүр және отбасылық тәрбие, білім мен біліктілік мәселесін қазақ қоғамының басты қағидаттары ретінде күн тәртібіне шығарды. Соның бірде-біреуі назарға алынбады. Айтылған сөз айтылған жерде қалды», деді Н.Жүсіп.

Депутат сондай-ақ қоғамды толған­дыратын мәселелердің бірі ретінде теле­арналардың негізгі бағдарын атады. Елдегі жетекші арналардың көпшілігі мемлекеттік тапсырыс есебінен бюджеттен қаржыландырылады. «Оларға «рейтинг» не үшін керек?» деп сұрақ қойған депутат, «Ел Арна» және «Тәлім ТВ» арналарын жасөспірімдер арнасына айналдыруды ұсынды. Мұндай контентті жасау қажеттілігінің маңыздылығын екі ай бұрын ел Президенті атап өткен. Сондай-ақ депутат білім беру, жастарды рухани тәрбиелеу, жасөспірімдер үшін цифр­лы жобалар жасау және жұмыссыздық мәселелерін шешу салаларында бірқатар нақты мәселені көтерді. «Үкімет басшысынан осы айтылғандарды және Сенат қабылдаған ұлттық құндылықтар туралы ұсынымдар мен әлеуметтік желідегі пайдалы ұсыныстарды тезірек елекке салып, нақты іс-қимыл жоспарын жасауды сұраймын. Ешкім бізге жаңа мемлекет құрып бермейді! Бізге іргесі берік қоғам керек! Жаңарған Қазақ елі керек! Осыны күн сайын есте ұстау керек!», деді сенатор.

Сенатор Андрей Лукин Үкімет басшысына жолдаған депутаттық сауалында түрмелердегі діни экстремизмге қарсы іс-қимыл және оның қылмысқа араласуына жол бермеу туралы ұсыныстарын айтты. Мемлекет басшысы биылғы жылдың 11 қаңтарында Парламентте сөйлеген сөзінде осындай тапсырма берген. «Радикалдану Қазақстанның ұлттық қауіпсіздігіне, әсіре­се қылмыстық-атқару жүйесіне төнетін қатер­лердің бірі екенін ұмытпаған жөн. Осы жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойын­ша жалпы елімізде қылмыстық-атқару жүйе­сінде діни және террористік ұйымдар­дың 500-ден астам көшбасшылары мен қаты­су­шылары бар екені есте болсын», деді А.Лукин.

Нұржан Нұрсипатов қызметтік борышын орындау кезінде қаза тапқан немесе мертіккен жағдайда құқықтық тәртіп қызметкерлерін әлеуметтік қамтамасыз ету және олардың отбасыларын қолдау шараларын жүйелеудің маңыздылығын айтты.

Сенатор әскери қызметшілер, арнаулы мемлекеттік органдар қызметкерлері мен полиция қызметкерлері арасындағы әлеуметтік қамсыздандыру мәселелеріндегі теңсіздікке назар аударуды сұрады. Сонымен қатар депутат «Қасіретті қаң­тар» оқиғасы әскери және арнайы қызмет қызметкерлерінің де, қарапайым полицей­лер­дің де қаза табу немесе жарақат алу қаупі бірдей екенін тағы бір рет көрсеткенін еске салды.