Әдебиет • 21 Қаңтар, 2022

Оқырмандар марафоны

758 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қостанайда Л.Н.Толстой атын­дағы облыстық кітапхананың ұйымдас­тыруымен «Оқырмандар марафоны» деп аталатын әдеби-таным­дық шара басталды. Кітап­хана қызметкерлері кітапсүйер қауымды әлем әдебиетінің таңдау­лы үлгілерін оқып, өзі оқыған шығарма хақында көпшілікпен ой бөлісуге шақыруда.

Оқырмандар марафоны

– Мұндай шараны біз алғаш былтыр көктемде өткізіп көргенбіз. Бірақ ол жолы әдеби марафонға жасөспірімдер ғана қатысты. Балалар Пауло Коэльоның, Джэром Сэлинджердің, Ма­­риам Петросянның шығармаларын оқы­ды. Былтыр шараға қатысушылар саны көп болмады. Өйткені біз тікелей эфир арқылы әлеуметтік желілерге шығып, марафонды онлайн түрінде де өткіздік. Биылғы оқырмандар марафонына кез келген жастағы тұрғын­дар қатыса алады. Бұл жолы сәл өзгешелеу түрде өткізгіміз келеді. Егер эпи­де­миялық ахуал мүмкіндік берсе, шара­ның соңын ауқымды пікір алысу жиы­нымен қорытындыламақ ойдамыз. Жиында айтылған ой-пікірлердің бәрі кітапхананың сайтында жарияланатын болады, – дейді кітапхана қызметкері Татьяна Тихомирова.

Оқуға ұсынылатын көркем шығар­малар романтизмнен бастап постмо­дернизмге дейінгі әр алуан әдеби дә­уірлерді қамтиды. Тақырып тұрғы­сынан да, жанры жағынан да әр алуан. Мәселен, биылғы марафонда оқы­латын кітаптардың ішінде Эрнест Хэмингуэйдің «Шал мен теңізі», Франц Кафканың «Процесс» романы, Михаил Булгаковтың «Жас дәрігердің жазбалары», Виктор Пелевиннің «Омон Ра» романы, Сергей Довлатовтың «Чемо­дан» әңгімелер жинағы бар. Оқыр­мандар кітапханаға келіп, аталған кітап­тардың ішінен біреуін таңдап алған соң, шығарманы бір айдың ішінде оқып шығуы тиіс.

Кітапхана ұжымы аталған шара­ларды жиі ұйымдастыру арқылы көп­ші­ліктің көркем әдебиетке деген қызы­ғу­шылығын оятып, кітапхана қабыр­ғасында оқырмандар клубын жандандырғысы келеді. Марафон бір айға созылады. Татьяна Тихомированың айтуынша, қазірдің өзінде кітапханадан оқырмандар марафонына қатысамын деп келген отыз шақты адам кітап алып кеткен.

 

Қостанай облысы