– Бейбіт уақытта біздің жауынгерлеріміздің өлімі барлығымыз үшін үлкен қайғы болды. Біз Отан қорғаушыларының, өмірінің соңына дейін Заңға және Қазақстан халқына қызмет еткендердің барлығының есімдерін әрдайым есте сақтайтын боламыз. Біз үшін Айбат пен Мадияр мәңгі ерлік пен абыройдың үлгісі болып қала береді. Олардың есімдері Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының ерлік шежіресіне өшпестей жазылады, – деді рәсім барысында өңір басшысы.
Сонымен бірге облыс әкімі Жеңіс Қасымбек, Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары генерал-майор Әлібек Серәлиев және Ұлттық ұланның «Орталық» өңірлік қолбасшылығының қолбасшысы полковник Сәкентай Шекарбеков лайықты ұрпақ тәрбиелегені үшін қаза тапқан сарбаздардың ата-аналарына алғыс сезімін жеткізді.
Наградадан бөлек Ұлттық ұланның «Орталық» өңірлік қолбасшылығының әскери қызметшілері атынан қаза тапқан сарбаздың туыстарына 7 млн теңгеден табыс етілді.
Еске сала кетер болсақ, қаза тапқан сарбаздардың бірі Айбат Аманов Жаңаарқа ауданындағы Атасу кентінде дүниеге келген. Он сегіз жастағы ұлан Талдықорған қаласындағы №5514 әскери бөлімде қызмет етті. Ал Қарағанды қаласының тумасы Мадияр Қайсаров Қызылорда қаласында «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығына қарасты №5547 әскери бөлімде әскери борышын өтеп жүрген болатын.
Қарағанды облысы