Қазақстан • 20 Қаңтар, 2022

Билік және ұлт менталитеті

845 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Адамзат баласы қанша ғасыр өмір сүрсе, соншама уақыт билік туралы айтып келе жатқаны мәлім. Со­лардың бірі биліктің моральдық, демо­кратиялық сипаты, оның мерзімді жағ­дайда ротациялануы және үнемі халық бақылауында болуы.

Билік және ұлт менталитеті

Суретті түсірген Ерлан ОМАР, «ЕQ»

Билік пен халықтың қарым-қатынасы

Жасы­ратын ештеңесі жоқ, бұл аталған қағи­далар біздің жағдайы­мызда қатаң сақталмағаны белгілі. Биліктің ұзақ жылдар бойы бір адамның қолын­да шоғырлануы қоғамның белгілі бір даму кезеңінде шынайы тұрақ­тылықтың кепілі бола алмайтынына көз жеткіздік. Билік халық мұқтажынан алшақтаған күнде авторитаризмге, сыбайлас жемқорлыққа жол берілетінін, жеке басқа табыну орын алатынын, олигархиялық топтар мүддесін халық мүддесінен жоғары қоятынын, моральдық тұрғыдан азғындай бастайтынын да байқадық. Тіпті мұндай жағдайда билік пирамидасында қарама-қарсы күштердің, деструктивтік сипаттағы күштердің пайда болатыны да белгілі болды. Оны кешегі елде болған жағдай көрсетті. Десек те, қазақстандықтар Пре­зи­дентпен бірге екенін, оның саясатын қолдайтынын, Мемлекет басшысына сенетінін ашық айтты. Өз кезегінде билік те икемділік танытып, тез және тиімді халықтың әлеу­меттік-экономикалық талап­тарын қанағаттандыруға ұмтыл­ды. Де­структивтік күштер мен терро­ристердің зымиян­дығы мен қара­ниет­тілігі әшкер­еленді. Бұдан шығар қоры­тын­ды біреу, ол – болашақта жоғар­ғы биліктің шектеулілігін, жария­лы­лығын, ашықтығын заң жүзінде қамта­масыз ете отырып, саяси рефор­маны тереңдете түсу. Елімізде қаң­тар­да орын алған жағдай осындай қоры­тынды жасауға итермелейді.

Екіншіден, бүгінгі билік барлық жауапкершілікті өз мойынына алып отыр. Енді жарияланған үндеулер декларация, ұран күйінде қалмауы тиіс. Билік эгобеллетристикамен айналыспауы керек. Керісінше, оның іс-қимылы пәрменді, тиянақты, тиімді және шешімді, табанды да талапты болуға тиіс. Олай болмаған жағдайда билікке деген сенім азаюы мүмкін. Қазіргі биліктің басында мұндай қауіптің бар екенін де жасыра алмаймыз. Мұндай жағдайға түспеудің бір-ақ жолы бар, ол бәрін заң арқылы реттеу. Билік заңға сүйенуі қажет. Заң биліктен жоғары және күшті екенін ескерген дұрыс. Бұны билеуші үнемі есте ұстауы керек. Ол өзінің әрбір саяси-экономикалық қадамдарын заңмен өрнектеп отыруға тиіс.

 Кадр мәселесін қайта қарау қажет

Үшіншіден, билік алды-артын байқағыш, көреген болған дұрыс. Қысқаша айтқанда, реализм, яғ­ни салқын және дәл, нақты саяси үр­дістерге баға бере отырып, халық­тың қажеттілігі мен мүддесіне сәйкес өмір сүру. Оны Президент Қ.Тоқаев «Ха­лық­тың үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы деп атағаны белгілі. Билік жағымпаздар мен жылпостардан, атаққұмарлардан, жемқорлар мен өз қара басының қамын ойлай­тын және оны ұлт мүддесінен жоғары қоя­тындардан тазаруға тиіс. Кешегі оқиға билік басындағылардың мем­ле­­кет­шілдігінің төмен екенін көр­сетті. Халықпен сөйлесе алмайтын, коммуникациялық және ритори­калық біліктілігі мен қабілеті жетіл­меген, моральдық-этикалық тұрғыдан ұстанымы әлсіз әкім-қаралардың тірлігін көргенде, биліктің шынайы кел­бетінің қандай екенін байқадық. Де­мек, билікке кәсіби және моральдық тұр­ғыдан дайындықтан өткен, мәде­ние­ті жоғары, сыни тұрғыдан ойлай ала­тын тұлғалық қасиеті дамыған өмір­лік тәжірибесі бар адамдар келуі керек. Басқалай айтқанда, әңгіме кадр мәсе­лесін түбегейлі қайта қарауға келіп тіреледі.

Төртіншіден, біздің биліктің әлсіз­дігі олигархтар мен қалталылардың ықпа­лында болуы, солардың мүдде­сіне қызмет етуіне байланысты бол­ғаны. Осы жағдайдан арылу үшін Президент Қ.Тоқаев «Самұрық-Қазына», Қазақстанның даму банкі және басқа да түйткілді мәселелерге байланысты Үкіметке нақты тапсырмалар берді. Сонымен бірге бүгінгі билік үшін ең маңыздысы елді жайлаған жемқорлыққа қарсы күресті күшейту, әлеуметтік әділетсіздікке жол бермеу, қоғамның әлеу­меттік тұрғыдан жіктелуіне тос­­қауыл қоя отырып, аймақтық теңсіз­­дік­терді реттеу, елдің әл-ауқа­тын, тұрмыстық жағдайын, жалақы жүйесін қайта қарау мәселелері тұрға­ны белгілі. Жаңа Қазақстанды құру не­гізінде осы және басқа да әлеу­мет­тік-эконо­микалық, саяси мәселе­­лерді түбегейлі шешуде халық билік­тің сөзден іске көшуін, оның модерни­за­циялық әлеуетін нақты іс-қимылдың өзегіне айналдыруды талап етіп отыр.

Билік сүйенетін негіздер

Биліктің жоғарыда аталған мәсе­лелерді дұрыс шешуде ұлттың мен­талитеті ерекше орын алатыны белгілі. Мәселен, ұлттың әлеу­меттік әділеттілік және теңдік туралы түсініктері, жерге, меншікке, бай­лыққа деген көзқарастары мен ұстанымдары, рухани-моральдық, мәдени құндылықтары биліктің сүйенер негізі болуға тиіс. Өкінішке қарай, әлеуметтік-экономикалық мәселелерді шешуде билік тек батыстық ұстанымдарды басшылыққа алумен шектеліп келеді. Әрине, уақыт талабы мен ұлт менталитеті арасында қайшылықтар болары сөзсіз. Бұл мәселелерді шешуде алға кеткен елдер де, басқаға үлгі болар елдер де баршылық. Бірақ олардың мәселені шешу үлгісі қашанда бізге дәл келеді немесе мәселені шешудің жалғыз жолы осы деп айту қиын. Сондықтан жергілікті жердің тарихи-мәдени ұстаным ерекшеліктерін де ескерген жөн. Тіпті өзгенің ақылына сенгіштік, бөтен­нің кеңесін қабылдағыштық, елік­тегіштік биліктің жасампаздық қабілетіне, өзіндік ойлау мен іс-әре­кеті­не кедергі болатыны, шектейтіні бел­гілі. Соның салдарынан, билік сыни ой­лаудан бұрын манипуляцияға бой алдырып, жалған ақпарат беруге, өмір­­­дің шынайылығына сай келмей­тін ста­тистикалық мағлұматтар мен ха­­­­­лық алдында формальды есеп бе­ру­­ге әуестенді. Нәтижесінде, билік пен ха­­лық арасында алшақтық пайда болды.

 Құқықтық мәдениет

Бүгінде ұлт менталитетінің осал жерінің бірі, ол – құқықтық мәдениет, оның құқықтық құндылықтармен байланыстылығы. Мәселен, билік кешегі Кеңес өкіметі тұсында да, одан қалды посткеңестік кезеңде де, тіпті тәуелсіздік дәуірінде де ұлт менталитетінде құқық қорғау орган­дарына деген жағымды көзқа­расты, оларға құрметпен қарауды қалып­тастыра алмады. Оның әртүрлі себептері бар екені түсінікті. Ең бас­ты себептердің бірі ретінде мынаны атауға болады: олардың репрес­сиялық сипатының басым болуы, сы­байлас жемқорлық, құқық пен мораль­дың, заң мен әділеттіліктің бір-бірі­нен алшақ болуы, т.б. Осының барлығы айналып келгенде заңды сыйламаушылыққа, заңға бағынбау­шылыққа алып келді. Билік ұлт мен­талитетінде құқықтық нигилизмге қарсы құқықтық мәде­ниетті қалыптастыруы керек. Қысқаша айт­қанда, жаңа Қазақстанның болашағы, оның өсіп-өркендеуі, өркениетті елдер қатарына қосылуы, оның заңға бағынуында, құқықтық кеңістікте қарым-қатынас орнатуында екенін түсіну билік үшін де, қоғам үшін де маңызды істердің бірі болуы қажет.

Бірлік идеясы – Тәуелсіздік

Ұлт менталитетіндегі маңызды құндылықтардың бірі – бірлік идеясы. Әрине, ел ішінің бірлігі, қоғамның бірігуі, азаматтық келісім қандай да қоғам үшін маңызды. Биліктің тұ­рақ­тылығы мен өміршеңдігі, қоғам­ның өркениетті сипатта сапалы түрде дамуы да осы бірлік идеясына байланысты. Осы бір қарапайым құндылықтың маңыздылығын кешегі қақтығыс кезінде тереңірек сезіндік. Тарихи санамыз оянып, сонау қилы заманда Түрік қағанаты, қазақ хандары құрған мемлекеттілігімізден қалай айы­рылып қалғанымыздың себептеріне назар аударғандаймыз. «Мәңгілік ел» ұлттық идеясының тарихи астарына да үңіле бастадық. Соның барлығы, ел басқарушылардың би­лікке тала­сының, хан мен сұлтан­дардың ауызбіршілігінің жоқтығының нәтижесі еді. Бізді алатын жау сыртта емес, іште, өз ортамызда екендігіне де көз жеткіздік. Міне, Ұлы даланың тарихы.

Сонымен не нәрсеге немесе қан­дай құндылықтарға бірлік болуы керек? Біз үшін ең маңыздысы – Пре­зидент Қ.Тоқаев айтқандай, тәуел­сіздік жолында бірігу керек. Демек, тәуелсіздікке, мемлекетке, ұлттың тұтастығына, жеріне, оның асыл құндылықтарына, тілі мен дініне деген бірлік керек. Бұл жай ғана сыртқы саяси сипаттағы бірлік емес, ішкі «ментальдық бірлік». Басқаша айтқанда, ақпараттық соғыс жағдайында бүгінгі биліктің әрбір қадамы ментальдық бірлікті нығайтуға бағытталуға тиіс. Біздіңше, оның бас­ты құралының бірі идеология болып қала бермек. Ұлттың идеологиясын өмір­дің шынайылығына жақындата оты­рып, оны спекулятивтік, иллю­зор­лық, догматикалық және аполо­ге­­тикалық сипаттарынан арылтуымыз керек. Оны тәуелсіздікті қорғаудың тиім­­ді құралына айналдыру заман тала­бы екенін түсіну қажеттігі байқа­лады.

Тәуелсіздік жылдары ұлт мента­литетінің прагматикалық сипаты артқаны белгілі. Ол патернализм, ма­сылдық, жайбасарлық сияқты психо­логиялық құбылыстардан арылуға мүмкіндік берді. Ұлт менталитетінде «пайда», «байлық», «табыс», «тиім­ділік» сияқты прагматикалық құн­­ды­лықтар орнықты, тұрақты ұста­ным қалыптасты. Ұлттың бәсе­кеге деген қабілеті артты. Де­сек те, аталған прагматикалық құнды­лықтарды игеру және дұрыс басқару, оны қоғамның жасампаздық күшіне айналдыру көп жағдайда тығы­рыққа тіреліп отырды. Осы тұрғы­дан келгенде, ат төбеліндей олигар­хиялық топқа қызмет етіп келген ұлттық экономикаға халықтық сипат берудің уақыты жеткен тәрізді. Ол үшін бүгінгі билік халықтың ішкі белсенділігі мен өзгерістерге бейім тұрған ментальдық энергиясына жол ашуға тиіс. Орта және шағын бизнестің дамуына қолайлы орта жасай отырып, экономикалық реформаны тереңдете түсуі қажет.

Жас ұрпақ қандай болуы керек?

Жаңа Қазақстанның қозғаушы күші болып саналатын жастардың рухани негізіне де сын көзбен қараған аса маңызды. 30 жылда жа­ңа сипаттағы ұрпақ өмірге келді. Олардың дүние­та­нымы мен құнды­лықтарды қалауы да, жалпы рухани әлемі де өзгер­ді. Енді осы топтың әлеуметтік-психо­логиялық ерек­шеліктеріне назар ау­дарайық. Әрине, жастар белсенді, білімді, мобильді, жаңашыл, бейімшіл. Де­сек те, бізді толғандыратын мәселелер жеткілікті, солардың бірі – жастар бойындағы жалған имиджге деген құштарлық. Кейде жалған имиджді малсынып, өздерінің шынайылығынан алшақтағандай көрінеді. Көп жағдайда олардың ментальдық болмысы тобырлық мәдениет жетістіктерімен әрленген, толықтырылған ба дерсің. Нәтижесі – жаттанды қайталаудан шыққан іс-әрекет, түпнұсқалық сипаттан ада қарым-қатынас, көзқарас пен ұстаным. Осындай жағдайда тәуелсіздікті қорғайтын, оның қадір-қасиетін дұрыс бағалай алатын жас ұрпақ қандай болуы керек деген де ой мазалайды. Бүгінде жасандылық, жасанды көріністер қоғамның барлық саласын жайлап алған. Кешегі елде болған оқиғаның түп төркіні де осы жасандылықтың нәтижесі. Қысқасы, қай жерде жасандылық, сол жерде дағдарыс, шиеленіс бой көтереді. Жасандылық – мағынасыз тіршіліктің, деформацияланған сананың көрінісі. Сол себепті бүгінгі билік қолдан жасалған, шындыққа жанаспайтын мифтік, утопиялық, иллюзиялық армандар мен жетістіктерден жастардың санасын тазартуы керек. Бұл жолда билік үшін ең маңызды нәрсе, ол шындықты дер кезінде, өз уақытында жариялау болмақ. Өз уақытында айтқан шындық халық санасында билікке деген сенімді нығайтады, ал уақыт оздырып барып айтқан шын­дықтың қажеті де болмауы мүмкін. Сол себепті өткен күннің шын­ды­ғы­на жан-жақты баға беруде де билік­тен асқан ұқыптылық пен парасат­ты­лықты талап етіледі.

Билік ұлт менталитетінің жасам­паздық сипатына ерекше назар аударып, оның негізгі құндылықтары болып табылатын – ашықтық, өзара сый­ластық, өзара түсінік, шынайылық, әділеттілік және мәмілелік тәрізді құн­ды­лықтарды өз іс-әрекетінде бас­шы­­лыққа алуда. Сонымен бірге бұл атал­ған құндылықтар ұлт мен­та­лите­тінің жасампаздық сипатын анық­тай­тын және ашық, демо­кра­тиялық, құ­қықтық қоғам құрудың негізі екені сөзсіз.

Төлеуғали БӨРІБАЕВ,

философия ғылымдарының докторы,  

Ләйла ЖАҚАЕВА,

заң ғылымдарының докторы, Қазақстан Республикасы Жоғарғы соты жанындағы
Сот төрелігі академиясының профессорлары