Экономика • 20 Қаңтар, 2022

Несие пайызын қалай шектейміз?

1929 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін

Ұлттық банк пен Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігін тұрмысы төмен тұрғындардың несие алу мүмкіндігін шектеу емес, несие пайызын шектеу мәселесі ойландыруы тиіс еді. Бірақ бұл жолы да олай болмай шықты. Қаржы секторын­дағы қос институт ішкі нарықтағы халықты несиелендіру жұмысын жүйе­лендіруге кірісіп кетті.

Несие пайызын қалай шектейміз?

Коллажды жасаған Зәуреш СМАҒҰЛ, «EQ»

Тәбетін тежей алмай отыр

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің басшысы Мәдина Әбілқа­сы­мо­ва қаңтар айының басындағы Үкімет отырысында Қазақстанда тұтыну­шы­лық несиелендіруді реттеу бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы айтты. Бұл жолы да төлем қабілеті төмен азаматтардың несие алу мүмкіндігін шектеуге басымдық берілмек. Бұл бап МҚҰ-ларға да қатысты. Енді екінші деңгейлі банктер мақұлдамаған азаматтарға мик­ро­­қаржы ұйымдарының да есігі жабық. Са­рапшылар бұл мүмкіндікке МҚҰ-лар­­дың тәбетін тежеу арқылы ғана қол жет­ке­нін айтады. Егер жүйелі үйлес­тір­сек, бұл да сәтімен келген шешім бол­ға­лы тұр.

Бұл мәселе мемлекеттік деңгейде 2019 жылы көтерілді. Халықтың ЕДБ ал­дын­да­ғы деңгейі «қызыл сызықтан» асып бара жатқан соң мемлекеттік деңгейде не­сиелік амнистия жарияланды. Бұдан ке­йін, 2020 жылдан бастап табысы төмен азаматтарға кепілсіз кредит беруге тыйым салынды. Бұл тыйым соңғы 3-12 айдағы отбасы мүшелеріне шаққандағы табысы күнкөріс шегінен төмен азаматтар санатына қатысты болып келді (2021 жылы – 42 500 теңге). Алайда бұл талаптың орындалуы қиын екенін сарапшылардың бәрі айтты. Құзырлы орындар талап қойғанымен көпшілік несиеге деген тәбетін тежей алмады. МҚҰ мен екінші деңгейлі банктер кепілдік тапқандарға несие беруін тоқтатқан жоқ. Бірінші несие бюросының мәліметінше, 2011 жылы жеке тұлғаларға берілген кредит көлемі 2,29 трлн теңгені құрады. Оның 990 млрд теңгесі – кепілсіз тұтынушылық несие. Бұл көрсеткіш тек өсе берген: 2017 жылы – 4,49 трлн, 2018 жылы – 5,18 трлн, 2019 жылы – 6,38 трлн, 2020 жылы – 7,16 трлн теңге. 2021 жылдың 10 айында қазақстандықтардың алған несиесінің жалпы көлемі 9,93 трлн теңгеге жетті. Соның 5,77 трлн теңгесі тұтынушылық мақсатта ресімделген. Бұл статистикадан Қазақстан халқының жартысына жуығы қарызбен өмір сүретінін, бұған Үкімет пен Ұлттық банк те мойынсұнып қалғанын байқауға болады. Себебі 2019 жылдан бергі уақыттағы тұтынушылық бағытта берген несиенің қанша пайызының қайтқаны туралы мәліметті еш жерден таппадық. Сарапшылар мұның себебі қайтпай қалған қарыздың статистика ба­за­сына енбегенінде дейді. Себебі оны нақтылап отыратын ортақ жүйе жоқ.

Жеке тұлғаларға берілетін несиенің артуы бағаның өсуіне және өндірістің даму мүмкіндігінің төмендеуіне соқ­ты­ратын үдеріс екені белгілі. Қаржы нарығы өкілдері бұл жолы тек ЕДБ ғана емес, МҚҰ-ны назарға алып, тәуекелі жоғары тұты­нушылық несие­­лерге қосымша шек­теулер енгізуді жос­­парлап отыр. Нәтижесінде, банк­тер­дің ғана емес, МҚҰ-ның да төлем қа­бі­леттілігі жеткіліксіз қа­рыз алу­шы­­ларға несие беруі шектеледі де­ген үміт бар. Сарапшылар банк секторы бұл қадамға дайындықпен келгенін ай­ту­да. 2021 жылдың 1 қазанынан бас­тап азаматтардың кредиттері бойынша мерзімі өткен берешекті реттеудің мін­дет­ті ортақ тәртібі заң жүзінде енгізіл­ді. «Енді банктер мен МҚҰ-лар проб­лемалы борышкерлердің қаржылық жағ­дайын жеке тәртіппен бағалауға және мер­зімі өткен берешекті қайта құры­лым­дау шарттарын айқындауға міндетті болады», деп ха­барлады Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі.

Үкімет бұл қадамға өзге амалдың жоқтығынан барып отыр. Ұлттық банк осы мәселеге қатысты шешім қабылдар кезде МҚҰ мәселесін де қаперге алу ке­ре­к­тігін жеткізді. Несие алуға үйреніп қал­ған ағайын бұл проблеманы МҚҰ арқылы шешіп келгені белгілі. 2019-2021 жылдар арасындағы тұтыну несиесіндегі МҚҰ үлесін зерттеу жеке талдауды қажет етеді. Салыстыру үшін айтсақ, ЕДБ-да несие пайызы – 19-25 пайыз болса, МҚҰ-дағы несие 56 пайызға дейін жетеді. Ұлттық банктің соңғы шешімдері МҚҰ мен ЕДБ несиесінің пайызын бір-бірімен деңгейлестіруге бағытталып отыр.

Қаржыгер Әнуар Үшбаев дамыған елдерде экономикалық белсенді халықтың кемі 50 пайызы несиемен өмір сүретінін, бұл шындықты біздің де қабылдауымыз керегін айтады. Сарапшының байламынша, елімізде экономиканы, халықты несиелендірудің қазақстандық үлгісімен алға жүре беру мүмкіндігі уақыт өткен са­йын шектеліп келеді.

 Банк құрылтайшыларын байытуға қызмет етеді

Қазақстандағы «Агропромбанк» бас­қар­масының төрағасы болған қар­жы­гер Бейсенбек Зиябеков табысы төмен азаматтарға несие беруді шектеу мәселені шеш­пейтінін айтты. Яғни елімізде несие­нің мөлшерлемесін есептеу амалы өзге елдерден өзгешерек. Нақты айтқанда, ха­лық­ты емес, банктің құрылтайшыларын байы­туға көбірек назар аударылды. Мә­се­лен, дамыған елдерде қарыздың не­гіз­гі бөлігі мен қарызын алғашқы жылдан бастап өтейді. Ал елімізде 5 жыл мерзімге несие алған азамат алғашқы 1,5 жылда пайыздық мөлшерлемені, содан кейін барып негізгі қарызды өтеуге көшеді. Бұл жерде банктер өз пайдасына басымдық беріп, заңды өздеріне икемдеп алған. Сәл ғана қаржылық сауаты бар адам несие тарихын зерделесе, банк алдындағы негізгі қарыз алғашқы 1,5 жылда өтелетінін, қалған 3,5 жылдағы несие банк құрылтайшыларының қал­та­сында қалатынын зерделеуге болады. Мұның жай-жапсарын түсінбеген тұтынушы банктен талап ете алмайды. Қаржылық сауаттылық кемшін, тұр­мыс­тық қажеттілікті несие арқылы қа­на­­­ғаттандыру алды-артын ойлауға мүм­­­кін­дік бермейді. Бұл – бізді дамыған елдер­дің қаржы жүйесі талабынан ал­шақ­та­тып тұрған фактор. Екінші мә­се­ле, банк құ­рыл­тайшыларының жа­уап­­кершілігі мен мін­деті туралы мәсе­ле бұл жолы да таса­да қалды.

«Бізде Ұлттық банк те, Қаржы нары­ғын дамыту және реттеу агенттігі де опе­­ра­­тор қызметімен шектеліп отыр. Басқа­ша айтқанда, Ұлттық банктің екінші деңгейлі банктерден айырмашылығы аздау болып тұр. Халықаралық талап бойынша, банк капиталының 10 пайызы акционерлердің қаржысынан, 90 пайызы депозит салымдарынан тұруы тиіс. Бізде бұл талап сақталмайды. Банк капиталында акционерлер үлесінің қан­дай екені бүгінге дейін құпия. Бұл құпия­лы­лық банктер банкротқа ұшыраса, қай­та­рыл­маған қарызды проблемалы несиелер санатына жіберуге жол ашып тұр», дейді Б.Зиябеков.

Иә, тұтынушылық несиелендіру көле­мі өсуінің себебі осы. Банк секторы­на қа­тыс­ты заң талаптарын қатайтпай жағ­­дай түзелмейді.

«2000 жылдардың басында банк пен мемлекет бір-бірінен ажырады. Әу баста Үкіметте «банктер жекеменшікке айналса, капиталы құрылтайшыларының жеке қаржысы есебінен көбейеді, Үкі­мет­ке қол жаймайды. Бұл несие па­йы­зының төмендеуіне алып келеді», деген үміт болды. Бірақ Үкімет тарапынан қатаң талап болмағандықтан, жағдай керісінше болды. Банк құрылтайшылары үкіметтен демеуқаржыны үстемелете сұрап, табысын офшор арқылы шетелге жіберді. Сол кезде біраз қателіктерге жол беріп алдық. Банктерге иелік еткісі кел­ген құ­рыл­­тайшыларға жеке қаржысын банк капи­­талын көбейтуге жұмсауға міндет­теуіміз керек еді. Бірақ біз ол талапты қоя алмадық. Тәуелсіздік тарихында жеке кап­и­талын банктің жұмысын жақ­сар­туы­на жұм­саған банк жайлы есті­меп­пін», дейді Б.Зиябеков.

Банк жүйесі сенімсіздік синдро­мының құрбанына айналып келді. Себебі елдегі ірі компаниялар шетел­дік банктерге жүгінсе, ШОБ екінші дең­гейлі банктердің есігін айнал­соқ­тап келді. Б.Зиябеков осы ретте «Агро­пром­банкты» ашатын кезде тә­жірибе алмасу үшін Германия, Аустрияның ЕДБ-да тәжірибеден өтке­нін, бұл елдердегі жекеменшік банк­тер­дің мемлекеттен тәуелсіз екенін, несие па­­йызы құрылтайшыларының қаржысы ар­қылы жүретінін еске түсірді. Жеке құ­­рыл­тайшылар мен банк арасындағы мұн­дай байланыс нарықта ашық бәсеке ор­науына мүмкіндік береді.

«Елдегі ірі компанияларда шетелдік ком­паниялардан төмен пайызбен несие алу мүмкіндігі бар. Ал ШОБ, қарапайым халық ЕДБ-ның 25 пайыз несиесіне тәуелді», дейді ол.

 «Қазан-табақ» экономикасынан аса алмадық

Қаржыгер елде несие пайызын төмен­де­туге болатынын жеткізді. Бұл үшін банк құрылтайшыларының жауапкершілігін күшейту керек. Сонымен бір мезгілде Ұлттық банк пен Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің азулы бо­­­л­уы біраз мәселені шешуге сеп бола­ры анық. Қазіргі жағдайда, Ұлттық банк­ті қарапайым халықтың несие алу мүм­кін­дігін шектеу емес, оны барынша қол­жетімді ету мәселесі толғандыруы тиіс. Сарапшы айтып өткендей, банк капиталына жеке құрылтайшылардың қаржысын тарту еліміздің тәжірибесінде жоқ үрдіс. Ұлттық банктің қаржы ұйымдарына беретін мөлшері – шамамен 12 пайыз. Мұны қаржы тілімен айтқанда «Ұлттық банктің маржасы» дейді. Бұл көрсеткіш елдегі инфляция деңгейіне байланысты өзгеріп отырады. Ұлттық банктен 12 пайызбен несие алған ЕДБ 15 пайызбен несие берсе де шығынға батады. Ал Ұлттық банкте инфляция деңгейінен төмен пайызбен несие беруге мүмкіндік жоқ.

Әлемдік тәжірибеде мемлекеттің бас қаржы институты екінші деңгейлі банк­терді қаржыландыруға міндетті емес. Ұлттық банк экономиканы қаржы­лан­дыруды бір орталықтан үйлестіріп оты­ру үшін осындай қадамға барып отыр. Осы ретте сарапшы 2008-2009 жыл­дар­дағы қаржы дағдарысы кезінде банк­­­терді сауықтыруға 4 млрд доллар бөлін­ге­нін еске салды. Сол кезде тәуелсіз сарап­шылар «банктің артында тұрған құрыл­тайшылар қаржы нарығында ашық бәсе­ке­лес­тікті қалыптастыру үшін қандай құр­бандықтарға барды?» де­ген сауалды ашық қойды. Бірақ оған жауап болмады. 2017 жылы 410 млрд теңге берілді. Бұл қаржы нарығын сауықтыруға жанама әсер ете алмады. 2018 жылдан бергі мезгілде банк пайызының төмендегені байқалды. Бұл төмендеу несие ресімдеген кездегі комиссия шығынын шегеріп та­с­тау­мен ғана шектелді.

«Дәл қазіргі 19-25 пайыздың өзі қалта­ны қарып өтеді. Дәл қазір ха­лықтың несие алу құқығын шектеудің орнына несие пайызын төмендетудің мүмкіндігін қарастыру керек. Банк қалталы адамдар үшін табысты бизнес болғандықтан, оған қаржы салуға кез келген инвестор мүд­делі. Қазақтың өз ішінен шыққан қал­талы азаматтардың банктерді жекешелендіріп алуына, жеке қаржысын банк жұмысын жақсартуына жағдай жасайық. Қазіргі жағдайда банктің құрылтайшылары табысын экономикаға салуға ықыласты емес. Олар табысты Қазақстанда тауып, ше­телде жұмсауға басымдық береді. Ал ІЖӨ-нің генераторына айналуы тиіс ШОБ-қа пайызы төмен және ұзақ мер­зім­ге берілген несие керек. Дәл қазір банк­­­­­терге экономиканы несиелендіру емес, 5-6 айлық тұтынушылық несие әлдеқайда тиімді. Бұл бағыт жалғаса берсе, біз нарықтық экономика емес, қазан-табақ экономикасына басымдық берген елге айналамыз», деп сөзін аяқтады Б.Зиябеков.

Тәуелсіз сарапшы Андрей Чеботарев те осы пікірді қолдайды. ДСҰ арқылы банк не­сиесін төмендетуге болады деген үміт ақталмады. Ішкі нарықтағы жүйесіздік банктік ландшафтың өзге­руі­не ықпал ете алмады. Қаржылық капиталы мол банк­тер елге келуге ықылас танытпады. Елге келгендерінің өзі келген ізі суы­май қай­тып кетіп жатыр. Бұл құбылыс біздің елге абырой әпермейді.

«Қазақстандық банктердің несие көлемі Ұлттық банк белгілеген базалық мөлшерлемеге тәуелді. Бірде-бір банктің одан төмендеуіне мүмкіндігі жоқ. Содан кейінгі несие пайызына әсер ететін фактор – тәуекел. Қайтарылмай қалған несиенің бір бөлігі банк тәуекелін жабу­ға жұмсалатын пайыз есебімен жа­бы­лады. Содан кейінгі пайыз мөл­ше­рі банк депозитінің пайызына, инфа­құ­ры­лы­мына, қызметкерлерінің жала­қы­сы­на жұмсалатын шығынды жабуға бағыт­­талған. Мұның бәрі сайып келгенде банк жүйесіне құрылымдық өзге­ріс­тер қа­жеттігін көрсетіп тұр. Банк сала­сына қатысты шешімдерді банк құрыл­тайшыларының пайдасына емес, салым­шы­лардың мүддесіне басымдық беретін кез келді. Сол кезде ғана табысы төмен азамат­тардың несие алу мүмкіндігін шек­теу мәселесі өзектілігін жояды», деді А.Чеботарев.

 

АЛМАТЫ