Қазақстан • 22 Қаңтар, 2022

45 қылмыстық іс терроризм актілерімен тергелуде

420 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Бас прокуратура жыл басында елімізде болған лаңкестік әрекеттер кезінде зардап шеккен адамдар мен бизнес объектілеріне қатысты оқиғаларды тергеуге ерекше назар аударуда, деп хабарлайды Egemen.kz.

45 қылмыстық іс терроризм актілерімен тергелуде

Қазіргі уақытта жедел тергеу топтарымен 819 қылмыстық іс тергелуде. Оның ішінде 45-і терроризм актілерімен, 36-ы жаппай тәртіпсіздікпен, 15-і адам өлтіру деректерімен тергеліп жатыр. 

Олардың арасында ұрлық, тонау, қаруды жымқыру, билік өкіліне қатысты күш қолдану фактілері де бар.

Бұл істер бойынша 970 күдіктілер қамауға алынып, олардың ішінде 182-сі соттың санкциясымен күзетпен ұстауға алынған. 29-на қатысты үйқамақта ұстау түріндегі бұлтартпау шаралары қолданылған.

«464 адамдар терроризм және жаппай тәртіпсіздік істері бойынша ұсталынды. Бұдан басқа, 226 азамат ұрлық, 60-сы қаруды заңсыз сақтау, 39-ы қаруларды жымқыру, 25-і бұзақылық, 21 тонау деректерімен қамауға алынды», деді ҚР Бас прокуратурасы бірінші қызмет басшысының орынбасары Елдос Қилымжанов.

Басқа да қылмыстық істер бойынша ұсталынған адамдар бар.

«Осы жерде түсіндіріп өткен жөн болар, бір қылмыстық іс бойынша бірнеше адам, яғни сыбайлас қатысушылар болуы мүмкін. Бұл деректер әлі де түпкілікті емес. Олар прокуратурамен ұстау негіздерін тексеру және соттарда қамауға алу істерінің қаралу нәтижесіне байланысты. Атап айтқанда, 29 ұсталған тұлғалар бойынша соттармен қамауға алуға бас тартылған, олар қазір босатылды. Прокурорлар қамауға алынғандардың ұстау мекемелерін күнделікті тексеруде. Біз,  адамдарды ұстауға негіздер болмауына байланысты 96 адамды уақытша ұстау изоляторларынан босаттық», деді ол.