Пікір • 23 Қаңтар, 2022

Біржақты байлам һәм батыл бағдар

11956 рет көрсетілді

Өткен аптада еліміз үшін елеулі екі оқи­ға болды, оның бірі Еуропарламенттің Қазақстандағы жағдайға қатысты қарары болса, екіншісі Президент Қ.Тоқаевтың ірі бизнес өкілдерімен кездесуі еді.

Бейсенбі күні Еуропалық Парламенттің елі­міздегі «Қаралы қаңтар» оқиғалары тура­лы Қазақстанға қатысты біржақты, үстірт қарар қабылдағаны белгілі. Жиын барысында әріптестерін байыптылыққа шақырғандар да болды. Бұл ретте Еуропарламенттің шешімдері ұсыныс ретінде қарастырылатынын айта кеткен жөн. Еуропалық Парламент әдетте бейсенбі күндері Страсбургтегі пленарлық сес­сияларда «шұғыл шешімдер» деген атау­мен айына екі рет қарар қабылдайды. Бұл жолы оның қырына Гонконг (ҚХР) пен Судан да ілікті.

Батыс БАҚ-тары бұл туралы мардымды ештеңе жазбаса да, бұл оқиғаның еліміздің беделіне нұқсан келтіретіні белгілі. Бұл айып­тау­лардың Қазақстандағы демократиялық институттарды дамыту мен адам құқықтарын сақтау мәселесі алға жылжыған тұста айтыл­ғаны да әділетсіз екені анық. Бұл орайда бейбіт шерулер мен жиындарды хабарлама арқылы өткізуге көшу (қаңтардың басында Қазақстанның батыс өңіріндегі бейбіт шерулер осы тәртіпке сай өтті), ауыл әкімдерін сайлау, саяси партиялардың Парламентке өту шегінің төмендеуі және оларды тіркеуге қойылатын талаптардың жеңілдеуі, Қазақстанның БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі комитетіне сайлануын және өзге де өзгерістерді атап айтуға болады.

Сол қайғылы күндерде әлемдік қауым­дас­тыққа, Еуропарламент пен халықара­лық құқық қорғау ұйымдарына жедел ақпарат беріп, оққа ұшқан сарбаздар туралы кеңірек мәліметтер ұсынылса, бәлкім, аталған қарар қабылданбаған болар ма еді, кім білсін. Десе де, Қазақстанда жүргізіліп жатқан жан-жақты тергеудің аяқталуын күтпестен, қарардың осылай қабылдануы – құжат авторларының басынан бері біржақты пікірде болғанын айғақтайды. Олардың бұл әрекеттеріне «қос стандарт» дегеннен басқа теңеу табу қиын.

Бұл ретте АҚШ-та Капитолийді басып алғандарға қарсы оқ атылған шабуылды еске алсақ жеткілікті. Осыған қарап Қазақстанға тағылған айыптардың түпкі себебі қарулы топқа оқ атқанында емес, көмек сұрап ҰҚШҰ-ға жүгінгенінде болып тұрғанын болжау қиынға түспейді. АҚШ-тың Мемлекеттік департаментінің басшысы Энтони Блинкеннің дәл осы мәселені белсенді түрде «нақтылауға тырысқаны» да кездейсоқ емес, әрине. Еуроодақтың кейбір елде­рі­нің тарихи тәжірибесін ескере отырып, бұл оқиғаға қатысты ойларын түсіністікпен қарауға болады. Алайда ҰҚШҰ – «Ресейдің синонимі» емес, оның халықаралық құрылым екенін де ескеру қажет. Ол міндетін атқарып, ел аумағынан шығып кетті. Осыған байланысты біз Батыстың байсалды бәтуа жасап, Қазақстанға қатысты достыққа сай келмейтін қадамдарға бармауына, сөйтіп қарарды қайта қарауына үміттенеміз.

Осы асығыс, біржақты шешім қабылданған күн­нің ертесіне Президент Қ.Тоқаев елдегі ірі бизнес өкілдерімен кездесті, біздіңше, еуро­палық әріптестеріміз сонда айтылған жайттарға көбірек назар аударғаны жөн. Жұмадағы жүздесу Мемлекет басшысының Парламент Мәжілісіндегі бағдарламалық сөзінде айтылған «жаңа қоғамдық келісім» туралы тезистің жалғасы болды. Мемлекет мүддесінің бәрінен жоғары тұратынын қаперге салған Президенттің экономиканы сауықтыру, сыбайлас жемқорлыққа қарсы аяусыз күрес жүргізу, қоғамдағы экономикалық теңсіздік пен әлеуметтік әділетсіздікті жою, әлеуметтік лифтілердің «тығынын ашу», төменгі жалақыны көтеру, қарапайым адамның өмір сүру деңгейін жақсарту сияқты тақырыптарды алпауыттар алдында талап ретінде қойып, оны орындау үшін нақты мерзім белгілеуі үлкен өзгерістердің хабаршысы іспетті. Соңғы толқулар мен шерулердің әлеуметтік әділетсіздік пен кедей­шілікке, бағаны біржақты көтеруге, қоғамды жегідей жеген жемқорлыққа қарсылық ретінде туындағанын ескерсек, бұл – маңызды қадам. Жалпы, қоғамдық-саяси өмірді жаңарту, әлеуметтік әділетсіздік пен жемқорлыққа қарсы күресуді өзінің сайлауалды бағдарламасына енгізген Президенттің бұдан былай да адам құқықтары мен заң үстемдігіне басымдық беретіні анық.

Расында, қазір еліміз тарихи жол айы­ры­ғын­­да тұр. Алдағы жылдар қоғам үшін сындарлы сынақ болмақ. Үлкен өзгерістер енді ғана бас­талып жатыр, алда бізді мемлекеттің, эко­номика мен қоғамның терең трансформациясы күтіп тұр. Жаңа Қазақстан сенімді қадамдармен қалыптаса бастады. Бұл жолда Батыс біржақты байламнан бас тартып, батыл бағдарымызды қолдайды деген ойдамыз.

Соңғы жаңалықтар

Ұқсас жаңалықтар