Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»
Инвестжобалардың игілігі
Екібастұздағы стансалардан бөлек, облыс аумағында тағы бір ірі энергетикалық кешен бар. Бұл – Ақсу қаласындағы Еуразиялық энергетикалық корпорацияның стансасы.
ГРЭС-1 кәсіпорнының бір ғана энергоблогының тәуліктік өндірісі (9,7 млн кВт/сағ) Көкшетау қаласын 24 сағат бойы жарықпен қамтамасыз етуге жетеді екен. Стансалардың қаншалықты маңызды екенін осыдан-ақ аңғара беріңіз. Ал мұнда әрқайсысының қуаттылығы 500 МВт болатын 8 энергоблок (әзірге жетеуі қатарда) жұмыс істейді. Осыдан кейін павлодарлық кәсіпорындар электр энергиясының доноры екеніне ешкім шүбә келтіре қоймас. Мұның шарапатын көрші мемлекеттер де сезініп отырғанын атап өткен жөн.
Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Асхат Жақыповтың айтуынша, әр кәсіпорынның инвестициялық жобалар жоспары бар. Соған сәйкес, қондырғылар жаңартылады. Ондағы мақсат – энергия өндіру ісінде олқылықтарға жол бермеу. 2021-2022 жылдары облыстағы электр стансаларында 30-ға жуық негізгі қондырғы жөндеуден өткізу жоспарланған болатын. Мұнда ұсақ шаруа деген болмайды. Әр құрылғының қалыпты жұмыс істеуі қашанда маңызға ие.
– Облыс аумағында жалпы қуаты 8 502 МВт болатын 7 электр стансасы тіркелген. Оның үшеуі – ұлттық маңызы жоғары стансалар. Өткен жылдың қорытындысына көз жүгіртсек, кәсіпорындар 49,4 млрд кВт/сағат электр энергиясын өндірді. Бұл 2020 жылғы көрсеткіштен 11,4 пайызға артық. Сұранысқа сай өндіру көлемі де артып отыратынын ескеру керек. Мәселен, Павлодар облысының тәуліктік сұранысы шамамен 60 млн 406 мың кВт/сағатқа тең. Сұраныс күн сайын өзгереді. Электр энергиясы облыс аумағына, еліміздің бірнеше өңіріне үлестіріледі. Өзбекстанға да экспортталады, – дейді А.Жақыпов.
Екібастұз қаласын әлеуметтік-экономикалық дамытудың 2025 жылға дейінгі кешенді жоспары әзірленіп, ел Үкіметінің араласуымен қомақты инвестиция тартылғаны белгілі. Шаһарды гүлдендіру һәм түрлендіру үшін салалардың барлығы қамтылған. Оның ішінде энергетика алдыңғы қатарда тұр. Энергетика бағытында кәсіпорындардың жеке қаражаты есебінен 2 инвестициялық жоба жүзеге асады деп күтілуде. Бұл нендей жобалар? Тиімділігі қандай? Аз-кем тоқталып көрелік.
Алғашқы жоба – ГРЭС-1-дегі №1 энергоблогты қалпына келтіру. Осылайша, станса қуаты 500 МВт-қа ұлғайтылып, еліміздің біртұтас энергетикалық жүйесіндегі тұтынудың болжамды өсуін қамтамасыз етуге мүмкіндік бермек. Инвестиция көлемі 66,5 млрд теңгеге тең. Қазіргі уақытта жобаның дайындығы 41,8 пайызды құрап отыр. Жоба 2023 жылдың соңында аяқталады деп жоспарлануда.
Естеріңізге салсақ, былтыр 19 қарашада мұндағы №5 энергоблок апатты түрде тоқтап қалған болатын. Келесі күні №8 блок істен шықты. Ірі кәсіпорындағы негізгі қондырғылардың істен шығуы көпшілікті алаңдатқаны рас. KEGOC компаниясының ресми өкілдері хабарлағандай, апаттың себебі генерация көлемінің 1000 МВт-қа төмендеуінен орын алған. Салдарынан ГРЭС-1-дегі электр энергиясының тапшылығы 1 500 МВт-қа дейін жеткен. Мәселені шешу үшін Энергетика министрлігінің араласуымен кейбір тұтынушыларға берілетін электр энергиясын шектеу туралы шешім қабылданды. Әйтпесе, мемлекетаралық электр желілерінде жүйелік апат орын алуы мүмкін еді. Аталған кәсіпорынның өкілі Елена Кисилеваның айтуынша, бүгінде станса тәуліктік кестеге сай қалыпты режімде жұмыс істеуде.
Екінші жоба – ГРЭС-2 кәсіпорнында үшінші энергоблоктың салынуы. Оның қуаты 636 МВт-ты құрайды. Жоба 2025 жылы іске қосылмақ. Жалпы, мұнда әрқайсысының қуаты 500 МВт болатын екі энергоблок жұмыс істеп тұр. Аталған кәсіпорын Гиннестің рекордтар кітабына енгенін бірі білсе, бірі білмес. Биіктігі 419 метрді құрайтын ГРЭС-2 мұржасы әлемдегі ең ұзын түтін шығаратын құбыр саналады. Оның ең жоғарғы бөлігіне жаяу көтерілу үшін 4 сағат қажет.
Дайынның өзі уайым
Екібастұздай шағын шаһарды араласаңыз, қаланың энергетикалық әлеуетін одан әрі арттыруға арналған отын-энергетика кешеніне кадр даярлау орталығы көзге оттай басылады. Қаланың бағы емес, соры болған «сақалды құрылыстың» қазір сәні кіргендей. Кешеннің 15 ғимараты алыстан менмұндалайды. Тек, құрылысы аяқталса да, дайын орталық әлі күнге дейін қаңырап бос тұр.
Орталықтың тарихына аз-кем тоқталсақ. Ғимараттың құрылысы 2009 жылдың қазан айында басталған болатын. Құрылыс жұмыстарымен «Нико» ЖШС айналысты. Алайда аталған серіктестік банкрот деп танылып, құрылыс жұмыстары 2010 жылы тоқтап қалды. 2011 жылдың қазан айында Білім және ғылым министрлігі S&ER company ЖШС-мен келісімшартқа отырды. Осылайша, 2011 жылдың қараша айында құрылыс-монтаж жұмыстары қайта жалғасты. Бұдан кейін Павлодар облыстық қала құрылысы және жерді бақылау басқармасы аталған кешенде техникалық зерттеу жұмыстарын жүргізіп, өрескел кемшіліктерді анықтады. Соның негізінде 2012 жылдың қарашасында құрылыс жұмыстары екінші мәрте тоқтатылды. Белгілі болғандай, кешен сор, батпақты жерге салынған. Еріген қар суы, жаңбыр суы осы жерге жиналады. Ал мұндай жерге құрылыс салуға болмайды немесе су сору жүйесін тарту керек.
Сөйтіп, 2017 жылы Екібастұз қаласының әкімдігі 100 млн теңге қарастырып, су сору жүйесін жүргізді. Тек, содан кейін ғана орталықтың жұмысы алға басты. Алдымен, 2017 жылы «Кәсіпқор» холдингі «сақалды құрылыстың» жобалық-сметалық құжаттарын қайта әзірлеп шықты. Жобаны 2018-2020 жылдары аяқтауға жергілікті бюджеттен 4 млрд теңгеден астам қаржы жұмсалды. Жалпы, құрылыс жұмыстары үш кезеңнен тұрды. Оны «Портал-ПВ» ЖШС соңына дейін аяқтап, тапсырды. Бірақ осы бір орталыққа жұмсалған қаржыны есептесеңіз, шашыңыз ағарады. Сала мамандарының дерегіне сүйенсек, құрылыс жұмыстарына шамамен 10 млрд теңге жұмсалған. Енді дайын тұрған нысанның жұмысын жандандыруға тағы қанша қаржы қажет екен?
Жоғарыда атап өткеніміздей, оқу орталығында отын-энергетика кешеніне қызмет көрсететін мамандар оқытылады деп күтілген-ді. Атап айтсақ, пайдалы қазба орындарын әзірлеу, электрмен жабдықтау, дәнекерлеу, электр стансалары мен желілерін электрмен қамту, темір жону және металды өңдеу, өндірістік машиналар мен құрал-жабдықтарды іске қосу секілді мамандықтар бойынша кадр даярлануы тиіс-тін. Қысқасы, шаһардағы ірі кәсіпорындардағы кадр мәселесін оң шешеді деп көзделіп еді. Алайда әзірге мұның бәрі сөз күйінде ғана қалып отыр.
2019 жылдың желтоқсанында оқу орталығы облыстық құрылыс басқармасының балансына берілді. Бүгінде оны білім басқармасының балансына беру үшін тиісті құжаттар әзірленіп жатқанға ұқсайды. Екібастұз қаласы әкімінің орынбасары Мәриям Мәлікова оған жергілікті 6 колледжді орналастыру идеясын алға тартуда. Бір жағынан студенттер толығымен жатақханамен қамтылушы еді. Ал облыстық білім беру басқармасының басшысы Дінислам Болатханұлы бұл ұсынысты құптамайтынын айтты.
– Әзірге нысанды иелігімізге алу үшін құжаттандыру жұмыстары жалғасуда. Әу баста орталық қандай мақсатпен салынды, сол бағытта жұмыс істеуін қолға аламыз. Шаруаларға жер жалға берілетіні сияқты білім саласындағы жекеменшік ұйымдарға табыстау ұсынысы да қарастырылуда. Оның өзі заңға сай болуы қажет. Себебі нысан мемлекет қаржысына салынғандықтан жекеменшік мекемелерге берудің де өз тәртібі бар. Оқу орталығының тағдыры жайлы алдағы уақытта жеке хабарлаймыз, – дейді Д.Болатханұлы.
Екібастұз қаласының әкімі Ардақ Қаңтарбаевтың айтуынша, бүгінде шаһардағы ірі стансалардың әрқайсысында 1 300 – 1 500 адам еңбек етуде. Бір ғана энергоблоктың қалыпты жұмыс істеуін күн сайын 100-ге жуық жұмыскер қадағалайды. Энергетика саласының мамандары әзірге жергілікті оқу орындарында – С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінде және Қ.Сәтбаев атындағы Екібастұз инженерлік-техникалық институтында даярлануда.
Жақында ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев техникалық мамандықтарды оқытуға басымдық беру керектігін айтқан болатын. Бұл ретте, отын-энергетика кешеніне қажетті кадрларды даярлайтын орталықтың бойына қан жүгіріп, жергілікті стансаларды білікті кадрлармен қамтамасыз етеді деген сенім мол.
Криптовалюта – табыс көзі
Кембридж университетінің зерттеуіне сәйкес, қазір әлемдегі криптовалютаның 46 пайызы Қытайда, 16,8 пайызы АҚШ-та, 8,2 пайызы Қазақстанда өндіріледі. Осы үш ел майнер-мемлекеттер тізімінде көш бастап тұр. Сондықтан елімізде майнинг орталықтары көптеп құрыла бастады. Оларға қызмет көрсетуші ұйымдар да пайда болды. Солардың бірі екібастұздық ВТС KZ ЖШС-і. Аталған серіктестіктің құрылтайшысы Дінмұхаммед Маткеновтің айтуынша, криптовалютаның болашағы зор. Тек елімізде әлі күнге дейін бұл салаға сенімсіздік басым. Бұл ретте энергетикалық орталық – Екібастұздың мүмкіндігін тиімді пайдалану керек. Өйткені мұнда электр энергиясы әлдеқайда арзан әрі мол.
– Тас дәуірі тас бітті екен деп аяқталған жоқ. Жаңа технологиялар пайда болған сайын қоғамның алға жылжуы заңдылық. Көптеген мемлекеттер криптовалюта арқылы экономиканы жандандыруға болатынын аңғарып, қазірден бастап нақты шараларды қолға алуда. Бұл сала Жапонияда 4 жыл бұрын ресми түрде мойындалған. АҚШ-та да негізгі бағыттардың бірі болып саналады. Бізде ше? Соңғы уақытта майнинг-фермаларға электр энергиясын тарату жиі шектелуде. Яғни саланың дамуына қолайлы жағдай жоқ. Әйтпесе, Екібастұз өңірін өндірістік алаңға айналдыруға мүмкіндік зор, – дейді Д.Маткенов.
Мамандардың есебінше, қазір Қазақстандағы биткоин өндірушілер 1 кВт/сағат үшін 3 цент төлеп отыр. Елдің ортақ электр қуаты 22 гВт-ты құрайды. Одан артық Қазақстанда қуат генерациясы жоқ. Әрбір қуат резервтелген. Сондықтан «жасыл энергетиканы» іске қоспаса, Қазақстанның майнинг қарқынын бұдан әрі көбейтуге еш мүмкіндігі болмайды, дейді мамандар. Яғни майнингке жұмсалатын электр энергиясын көмір мен мазуттан емес, күн, жел және су қуатынан алуға тиіспіз.
Тапшылық тақырға отырғыза ма?
Еліміздегі электр энергиясының тапшылығы 250 млн кВт/сағатты құрайды. Ол Ресей Федерациясының энергия көздері есебінен өтеледі. Сол себепті экономиканың электр энергиясына деген қажеттілігін жабу үшін жұмыс істеп тұрған электр стансаларын жаңғырту, реті келсе жаңа электр стансаларын салу маңызды. Бұл ретте 2030 жылға қарай электр энергиясын өндіруді 141,2 млрд кВт/сағатқа дейін ұлғайту жоспарланып отыр. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес біртұтас энергия жүйесінің оңтүстік аймағында 2026 жылға дейін жалпы жиынтық қуаты 3 050 МВт болатын жаңа маневрлік генерацияны енгізу бойынша 7 жобаны іске асыру көзделген. Жобалардың жалпы құны – 1,5 трлн теңге.
«Энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету – басты міндеттің бірі. Қазақстанда энергияны тұтыну қарқыны жылдан жылға артып келеді. Бірақ іске қосылып жатқан жаңа қуат көздері оған сай емес. Сұраныстан артық өндірілген электр қуаты таяу арада сарқылуы мүмкін. Шын мәнінде, еліміздің дамуы энергетика саласының тұрақтылығына тікелей байланысты», деген еді Президент Қасым-Жомарт Тоқаев.
Қорыта айтсақ, энергетика саласында жетілдіре түсетін тұстар аз емес. Жарқын жобалар елдің дамуына кепіл болатынын ескерсек, салаға серпін беретін жұмыстардың жедел әрі сапалы атқарылғаны абзал. Әсіресе, еліміздің энергетикалық орталығы саналатын Екібастұз өңіріндегі жобалар нәтижелі болатынына сенім мол.
Оралхан ҚОЖАНОВ,
журналист
Павлодар облысы