Спорт • 23 Қаңтар, 2022

Футзал: Қазақстан Словениямен тең ойнады

41 рет көрсетілді

Футзалдан Қазақстан ұлттық құрамасы Нидерландтың Амстердам және Гронинген қалаларында өтіп жатқан Еуропа чемпионатын тең нәтижемен бастады. Жерлес­теріміз В тобының алғашқы турында еуропалық рейтингте 8-орында тұрған Словения құрамасымен кездесті.

Жасыратыны жоқ, Қазақ­стан құрамасы биылғы Еуропа чемпионатының алдында бір-қа­тар кадрлық қиындыққа тап болды. Алғаш елдегі сая­си жағдайға байланысты Украи­намен жоспарланған жолдастық кездесуді өткізе алмаса, турнирге бірнеше күн қалғанда бас бапкер Кака мен негізгі құрамның бірнеше ойыншысы коронавирус жұқтырып алып, чемпионаттың алғашқы ойы­нына қатыса алмады. Ал жара­қатына байланысты әлем біріншілігінде ұлттық құрамаға көмектесе алмаған Лео тағы да жат­тығу барысында жарақат алып, екі айға қатардан шығып қал­ды. Сөйтіп, жерлестеріміз Ни­­­дер­ландқа бас бапкерсіз және бір­­неше ойыншысыз аттан­ды.

Осы жағдайдың бәрі Сло­вениямен болған ойында кері әсерін тигізді. Жігіттерде ойын тә­жірибесі болмағандықтан матч барысында бір-бірін тү­сінбей, доп беру сәтінде жиі қа­телесті. Тіпті ко­ман­да капитаны Игита да өте нашар ойын көрсетті. Ал­ғашқы гол да қақпашының қателігінен кейін соғылды. Абы­рой болғанда жерлестеріміз Словения құрамасынан жеңіліп жатып, матч соңына дейін таразы басын теңестіріп үлгерді. Қорытынды есеп – 4:4. Бұл матч­та Қазақстан құрамасы сапынан Жомарт Тоқаев, Біржан Оразов және Дуглас (дубль) мер­гендігімен көзге түсті.

Ал топтағы екінші ойында Фин­ляндия мен Италия құ­ра­малары кездесіп, бұл матч­та да жеңімпаз команда анық­тал­мады – 3:3. В тобының фа­во­риті саналған «Скуадра ад­зур­ралықтар» күтпеген жерден скандинавиялықтармен ұпай бөлісуге мәжбүр болды. Төрт құрама да бір-бірімен тең ой­нағандықтан, турнир кестесінде әзірге Қазақстан құ­ра­масы бірінші орында келеді. Жерлестеріміз екін­­­ші турда Финляндиямен кез­де­седі. Бүгінге дейін екі құра­ма бір-бірімен мүлде жолық­паған. Қа­зіргі таңда сканди­навия­лықтар рей­тингте 13-орын­да тұр. Матч елор­да уақытымен бүгін 01:30-да бас­талады.

Өзге топтағы нәтижелерге тоқталар болсақ, А тобының бі­рінші турында Португалия Сер­биядан 4:2 есебімен басым түссе, жарыс қожайындары Ни­дерланд Украинаны 3:2 нә­ти­жесімен жеңді. Ал С тобында Ресей 7:1 есебімен Словакияның тас-талқанын шығарса, Хорватия Польшаны ұтты – 3:1. D тобында Грузия Әзербайжанды 3:2 есебімен жеңіп, чемпионаттың сенсация­сын тіркеді. Ал рейтингте көш бастап тұрған Испания Босния және Герцеговинаны 5:1 нәти­жесімен қапы қалдырды.

Соңғы жаңалықтар

Ұқсас жаңалықтар