Аймақтар • 24 Қаңтар, 2022

Еңбегін ел бағалаған бапкер дүниеден өтті

714 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Есімі Түркістан облысының спорт жанкүйерлеріне етене таныс бапкер Орынбасар Пашимов 70-тен асқан шағында дүниеден өтті, деп хабарлайды Egemen.kz.

Еңбегін ел бағалаған бапкер дүниеден өтті

Орынбасар Мерқұлұлы 1951 жылы Мақтаарал ауданы қазіргі Атакент ауылында дүниеге келген. Ес білгелі спортқа жақын болып өсті. Өсе келе ол өзін спортшы емес, волейбол бапкері ретінде сынап көрді. Ол балалармен тез тіл табысып, нәтижелі диалог орната білетін. Әрбір шәкіртінің жан дүниесіне терең үңілді. Мақтаарал ауданында волейбол спортын тынымсыз еңбегінің арқасында жаңа белеске шығарды. Оның жетекшілігімен ауданнан қазақ елін тамсандырған талай талантты волейболшы қыздар шықты. Үздік ойыншылары ұлттық құрама командасының сапында халықаралық дүбірлі додаларда Қазақстанның намысын қорғап, жасындай жарқылдады.а

Орынбасар Пашимовтың мүмкіндігі мен қабілетін жоғары бағалаған басшылық аудандық спорт мектебінің директоры етіп тағайындайды. Директор ретінде талай балалар мен жасөспірімдерді қанаттандырып, өмірден өз орнын табуға септігін тигізді. Тоқсаныншы жылдардың тоқырау заманында аудандағы спорт мектебінің жойылып кетпеуі үшін бар күш-жігерін жұмсады. Аудан, облыстағы тиісті мекемелердің, елордадағы министрліктердің табалдырығын тоздырып, айлап-жылдап жалақы алмаса да өз ісіне деген адалдығынан айнымаған ел ағасына өңір тұрғындары дән ризашылықтарын жасырған емес.

Туған жері мен еліне бергені көп ел ағасының қазасы көпшіліктің қабырғасын қайыстырды. Түркістан жұрты марқұмның орны толмас қазасына қайғырып, артында қалған отбасына көңіл айтуда.