Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»
Қарағанды облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Гамаль Тоқсамбаевтың сөзіне сенсек, өңірде коронавирус инфекциясынан емдеу үшін барлық қажетті дәрі-дәрмек, жеке қорғаныс құралдары, сондай-ақ оттегі концентраторлары жеткілікті. Бұдан бөлек, облыста «жаман тұмауды» жедел анықтау үшін 8 ПТР-зертхана ашылып, 26 компьютерлік томография аппараты жұмыс істейді. Биыл тағы да осындай 4 кабинет ашылмақ.
Г.Тоқсамбаев өңірде күн сайын дерт жұқтырғандар санының артып келе жатқанын хабарлады.
– Бұл жағдай жедел жәрдемге және мобильді топтарға түсетін қоңыраулардың артуы бойынша нақтыланған. Бізде төсектік орындарды орналастыру кезеңдік жоспары бойынша жүргізіледі. Бүгінде резервте 2 300 төсек бар. Яғни жүйе дайын, дәрі-дәрмектер де жеткілікті, – деді ол.
Жоғарыда айтқан компьютерлік томография кабинеттері мемлекет-жекеменшік әріптестік бағдарламасы негізінде Жаңаарқа, Осакаров, Қарқаралы аудандарының ауруханаларында, сондай-ақ облыстық фтизиопульмонология орталығында ашылмақ.
Жалпы, облыста КВИ дертіне шалдыққандарға дәрігерлік көмек көрсету үшін заманауи медициналық құрал-сайманмен жабдықталған 44 стационар жұмыс істейді. Бұдан бөлек желілік жедел жәрдем машиналарымен қатар 128 реанимобиль тұрғындарға қызмет көрсетеді. Ал ауру бой бермей бара жатса, госпитальдарда 6 мыңнан астам дәрігер жұмыс істеуге дайын.
Өңірде оттегі баллондары жеткілікті. Қазіргі таңда оның 29 мың данасы бар. Сонымен қатар облыстағы медициналық ұйымдарға 1 160 орталықтандырылған оттегі жеткізу құрылғысы орнатылған. Барлық емханаларда тұрғындар телефон арқылы кеңес ала алатын сall-орталықтар жұмыс істейді.
Басқарма басшысы вакциналаудың инфекция мен аурудың асқынуын болдырмауға көмектесетінін тағы бір мәрте еске салды. Ал өңірде өткен жылдың қараша айынан бастап коронавирус инфекциясына қарсы тұрғындарды ревакциналау басталған болатын.
– Облыста 115 иммундау орталығы белсенді жұмыс істейді. Pfizer вакцинасын алу үшін мамандандырылған тоңазытқыш құралдарымен жабдықталған қосымша 27 орталық бар. Өңірде барлығы 566 мыңнан астам адам екпенің екінші компонентін алды, – дейді Г.Тоқсамбаев.
Қарағанды облысы