Аймақтар • 25 Қаңтар, 2022

Ор қазу оңтайлы шешім бе?!

483 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Целиноград ауданына қарасты Опан ауылының маңында жалпы көлемі 5 379 гектарды құрайтын алқаптың орланып, қоршалғаны туралы хабар жеткен. Мәселенің мән-жайын білсек, расында да солай екен.

Ор қазу оңтайлы шешім бе?!

Ауыл тұрғындары серіктестіктің егін алқаптарын бейсауат малдың тұяғынан қорғау үшін терең ор қазып қоршап таста­ғанын айтып дабыл қағуда. Төрт түлік мал үшін ғана емес, аң-құсқа да қауіпті екенін бейнебаянмен және суреттермен дәлелдеп отыр. Целиноград аудандық жер қатынастары бөлімінің ақпаратына қара­ғанда, «Антоновка» ЖШС өзіне тие­сілі жер телімінде егістік алқабын қор­ғау мақсатында алқапты айналдыра оты­рып, ені 1,5 метр, тереңдігі 2,5 метр, жалпы ұзындығы 46 шақырым болатын 5 379 гектар алқапты айналдыра қазған. Қолданыстағы заңнамаға сүйенсек, ор қазу арқылы жерді қоршау заң бұзуға жатады. Топырақтың үстіңгі құнарлы қабатына залал келтіргені өзі алдына, егістік жер серіктестікке уақытша пайдаланып, егін егу үшін берілген, ор қазу үшін емес.

Әрине, серіктестік басшылары маңдай термен өсірген егінін қорғауы керек. Бұл үшін егін көктеп шыққан соң қорықшы қойған ләзім. Бұрыннан бар тәжірибе. Бей­сауат мал егінге түсіп, зиян келтіретін болса, қолданыстағы тәртіп бойынша зия­нын өтейді. Ал ор қазу – шектен шыққан әрекет. Мал былай тұрсын, адам үшін де қауіпті. Егер алда-жалда өрт қаупі туа қалса, өрт сөндірушілер де алқапқа өте алмайды ғой. Аң-құсқа қаншалықты зияны барын білмек болып облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясына сауал жолдадық. Инспекциядан келген жауаптың түйіні мынадай. 2021 жылғы қыр­күйектің 28-29-ы күндері инспекцияның бас мамандары Қ.Мұсағалиев, Д.Ахметов «Жасыл аймақ» мекемесінің мамандары А.Бай­захов, Н.Әлшінбаевпен бірге Це­линоград ауданының Приреченский ауыл­дық окру­гін­дегі Антоновка ауылына (қа­зіргі Опан ауылы) барды. Тексеру барысында «Ан­тоновка» ЖШС-ға тиесілі 5 379 гектар жер телімінде ені 1,5 метр, тереңдігі 2,5 метр және ұзындығы 46 ша­қырым болатын ор экскаватормен қа­зыл­ғаны анықталды. Серіктестіктің мемле­кеттік орман қоры жерлеріне қатысы жоқ.

Инспекция басшысы Лашынтай Дүй­сеновтің айтуына қарағанда, әзірше аң-құсқа төніп тұрған қатер жоқ. Ал облыстық жердің пайдалануы мен қорғалуын бақылау басқармасы біздің сауалымызға мынадай жауап жолдады. Сауалды қарастыру барысында кадастрлық нөмірі 01-011-048-098, жалпы ауданы 5 379 гектарды құрайтын жер учаскесі Целиноград ауданы әкімдігінің 2003 жылғы №366, 2004 жылғы №342 қаулыларымен «Анто­нов­ка» серіктестігіне тауарлы ауыл ша­руа­шылығы өндірісін жүргізуге уақыт­ша өтеу­лі ұзақмерзімді пайдалануға беріл­ген­дігі анықталды. Жауапхатта ор­­дың қа­зыл­ғандығы анық көрсе­тілген. 2022 жыл­дың 1 қаңтарынан бастап жер­гі­лікті атқарушы органдардан жерді пай­да­ла­ну мен қорғаудың мемлекеттік бақы­лау функцияларын облыстарда, рес­пуб­ли­калық маңызы бар қалаларда және ас­танада аумақтық бөлімшелер құра отырып, орталық уәкілетті органның ведомствосына қайтару көзделген. Бүгінгі күні Қазақстан Республикасының Заңнамасы шеңберінде қайта ұйымдастыру (тарату) рәсімі аяқталғанға дейін жердің пайдалануы мен қорғалуына мемлекеттік бақылау жүргізуге мүмкіндік жоқ.

Басқарманың жауабы осындай. Бірақ ор бүгін қазылып отырған жоқ қой. Облыс­тық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы 2021 жыл­дың қыркүйек айының соңында тек­серіс жүргізген. Демек ор оның алдын­да қазылған. Ол уақытта облыстық жердің пайдалануы мен қорғалуын бақылау басқармасының құзыреті өзінде. Ендеше, неге уақытында шара қолданылмағаны түсініксіз.

 

Ақмола облысы,

Целиноград ауданы