Білім • 25 Қаңтар, 2022

Тест пен түлектер «текетіресі»

383 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қарағанды облысында қысқы ҰБТ 25 қаңтар мен 22 ақпан аралығында Қарағанды, Балқаш және Жезқазған қалаларында өтеді. Мамандар тестілеудің барлық санитарлық-эпидемиялық шараларды сақтай отырып ұйымдастырылатынын айтып отыр.

Тест пен түлектер «текетіресі»

Мәселен, коронавирус ин­фекциясының таралу қау­пін азайту үшін тестілеу пункт­терінде түлектер міндетті түрде маска тағуы керек. Термометрия да жүзеге асырылады. Сонымен қатар тест сынағын өткізуге жауапты мамандар барлық пункт­тердің санитайзерлермен, шек­теу ленталарымен, дезин­фек­циялау кілемшелерімен жаб­дықталғанын айтады. Әрбір аудиторияда пайдаланылған маскаларға арналған қоқыс жәшіктері, рециркуляторлар және бактерицидті шамдар орнатылған.

Ұлттық тестілеу орталығы Қа­ра­ғанды филиалының басшысы Динара Баймағамбетова 2021 жылдан бастап ҰБТ «бір компьютер – бір камера – бір тест тапсырушы» қағидаты бойынша электронды фор­матта өткізіле бастағанын тағы бір мәрте еске салды.

Биыл тестілеу сынағында облыс бойынша 5 мыңға жуық талапкер бақ сынап көрмек. Тіркелу кезінде түлектерге ҰБТ тапсыру күнін, уақытын және орнын өздерінің таңдауына құқық берілген.

Динара Баймағамбетова тестілеу кезінде ҰБТ өткізу пунк­тінің аумағында ата-аналардың, мұғалімдердің және басқа да адам­дардың болуына жол беріл­мейтінін айтады.

– Аудиторияларға тест тапсырушыларды қашықтықты сақтай отырып, баррикадалық таспалар арқылы кезек-кезекпен өткізеді. Түлектер бір-бірінен кемінде бір метр қашықтықта отырғызылады. Әрбір тесті­лену­шінің ор­ганикалық шынымен қор­шал­ған өз орны болады, – дейді ол.

Жалпы, тест сынағында түлек­терге 120 сұрақ беріледі. Үміт­кер әрбір пән бойынша кемін­де бес балл жинауы тиіс. Олардың дұрыс жауап­тары 140 балл болып есептеледі. Яғ­ни мамандандырылған пән­дерде кейбір сұрақтар 0-ден 2 баллға дейін, ал қалған сұрақтар бір баллмен бағаланады.

Білім беру грантын беру жөнін­­дегі конкурсқа қатысу үшін немесе ақылы негізде оқуға қабыл­дану үшін түлектерге қажетті шекті балдар белгіленген. Мы­салы, «Педагогикалық ғы­лым­дар» үшін кемінде 75 балл болуы керек. «Денсаулық сақтау және әлеуметтік қамтамасыз ету (меди­цина)» саласына тырнақ ілік­тіруге кемінде 65 балл керек. «Ауыл шаруашылығы және биоресурстар» және «Ветеринария» мамандықтарын таңдағандарға кемінде 60 балл жинағаны жөн. Ал ұлттық жоғары оқу орындарына, сондай-ақ басқа жоғары оқу орындарының студенті аталуы үшін түлектер, сәйкесінше, кемінде 65 балл және 50 балл алуы керек.

 

Қарағанды облысы