Бірақ Ғазымбек аталған университетте сол кезеңдегі саяси жағдайларға байланысты оқи алмаған. Бұл кезең оның Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы сынды алаш көсемдерімен бірге жүрген кезі болса керек.
– Сүйінші хабарды Мәскеу қаласынан Ғазымбектің туған інісі Нұрхан Қорғанбекұлының жалғыз қызынан тараған ұрпақ Лейла Нариманқызы жеткізді. Мұның алдында Алматы қаласындағы Орталық мемлекеттік архивте болдық. Сол кезде 1909-1917 жылы аралығында Ғазымбектің Орынбор реалды училищесінде оқығаны туралы құжаттар таптық. Солардың арасынан 1909 жылы Ғазымбек стипендия иеленгенін білдік. Бұған қол жеткізуге ағасы, 1-2 Мемлекеттік думаның депутаты Ахмет Бірімжан себепші болған. Сол кісі бір жарым беттік өтініш жазыпты. Ал стипендияға үміткер болып, бір орынға таласқан екінші адам – Ахметтің қайнысы, әйелі Гүлжауһар Сейдалинаның туған інісі Сүйінгерей Сейдалин екен. 1917 жылы 21 қарашада «Қазақ» газетінде «Алаш» партиясының бағдарламалық жобасы жарияланды. Бағдарламаны жазған жеті тұлғаның бірі осы Ғазымбек-тін. Бейнетқорлықпен еңбек етті, тағдыры да азапты болды. Алашордашылармен бірге тұтқындалды, жер аударылды. 1937 жылы 41 жасында ату жазасына кесілді. Аяулы арыстың артына қалдырған мұрасын түгендеу – бүгінгі ұрпақтың парызы, – дейді қайраткердің еңбектерін жеке жинақ етіп құрастырып, ғұмырнамасын зерделеп жүрген жас ғалым Данияр Ихсан.
Қостанай облысы