Экономика • 25 Қаңтар, 2022

Кедей елдерге көмек

1332 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Әлемдегі күйі кеткен кедей елдердің өмірін қалыпқа келтіру үшін халықаралық қоғамдастықтар жиі-жиі бастама көтеріп тұрады. 2021 жылдың соңында Дүниежүзілік банк COVID-19 пандемиясынан зардап шеккен елдерге қолдау көрсету үшін 93 млрд доллар көлемінде қаржы бөлді.

Кедей елдерге көмек

Көмекке мұқтаж елдердің кәдесіне жарайтын 90 млрд доллардан астам қар­жы алдымен Халықаралық даму қауым­дастығының шотына түседі. Сосын, қаржы тек пандемия зардаптарын жою үшін емес, орнықты һәм экологиялық келешек құруға бағытталады. Айтылған қаражаттың ішін­де табысы орта және жоғары саналатын 48 елдің 23,5 млрд доллар көлеміндегі жарнасы, капитал нарығынан түскен табыс, несиелерді өтеуден түсетін түсімдер және Дүниежүзілік банктің жеке қаражаты бар.

Қаржыландыру пакетін ұйымдастыру Жапонияның төрағалығымен өткен екі күндік жиын кезінде шешімін тапқан. Бұл Халықаралық даму қауымдастығының тарихындағы ең ірі қаржы толықтыру ісі болмақ.

«Біздің серіктестеріміз жария етіп отырған бұл маңызды міндеттеме кедей елдердің дағдарысты еңсеруін қолдауға бағытталған байыпты қадам» деді Дүние­жүзілік банктің президенті Дэвид Малпасс.

Жиналған қаржы 74 кедей елге үлес­тірілмек. Өйткені оқыста пайда болған пандемия табысы төмен елдердің түйткілін тереңдетіп, экономика мен орнықты даму саясатына қауіп бұлтын үйіріп тұр. Ондай елдерді мемлекеттік кіріс көлемінің азаюы, халықтың қарыз жүктемесінің өсімі, орнықсыздық тәуекелінің күш алуы, сауатсыздық, келіспеушілік пен тұрақ­сыздық жайлап тұр. Әсіресе азық-түлік дағдарысы ондай елдерге ауыр тиюде. Бұл ретте Халықаралық даму қауымдастығы қаражаттың 70 пайызы Африка елдеріне жолданатынын айтады. 1960 жылы құрылған қауымдастық қазіргі кезде әлемнің 74 кедей елінің қолдаушысы саналады. Оның 39-ы – Африкада, 14-і – Шығыс Азияда, 6-ы – Оңтүстік Азияда, 4-еуі – Еуропа мен Орталық Азияда, 8-і – Латын Америкасы мен Кариб бассейнінде, 3-еуі – Таяу Шығыс пен Солтүстік Афри­када орналасқан. Қауымдастық бөлген ресурстың нәтижесінде, 1,3 млрд адамның ахуалы түзеледі деген болжам бар.

COVID-19 пандемиясы басталғалы бері Дүниежүзілік банк індеттің медициналық, экономикалық және әлеуметтік зардабын жою үшін 157 млрд доллардан астам қаржы бөлген. Бұл оның тарихындағы ең жедел және ауқымды дағдарысқа қарсы бағдарлама болды. Қаржыландыру дүние жүзіндегі 100-ден астам елге пандемияға дайындықты арттыруға, кедейлер мен жұмыс орындарын қорғауға және климатқа қолайлы экономиканы тез қалпына келтіруге көмектеседі. Сонымен қатар банк Африкада тұратын 50-ден астам табысы төмен және орташа елдерге COVID-19 вакциналарын сатып алуға және пайдалануға көмектеседі және 2022 жылға дейін 20 млрд доллар қаржы бөледі.

Дүниежүзілік банк назарынан Қазақ­стан да тысқары қалған емес. Банктің Еуропа және Орталық Азия өңірі бойынша вице-президенті Анна Бьерде COVID-19 соңғы 25 жылда Қазақстан экономикасын аса қатты құлдырауға ұшыратқан фактор болғанын жеткізді.

«Қазақстан 2020 жылдың көктеміне қарағанда қазір біршама динамикалы түрде дамып жатыр. 2022 жылы оның ІЖӨ өсімі 3,7 пайызды құрауы мүмкін. Дегенмен экономикалық өсімді ынталандыратын және оны орнықты, «жасыл» және инклюзивті даму жолына бағыттайтын жедел шаралар керек. Бәрінен бұрын Қазақстан індетке қарсы вакциналау қарқынын арттыруға ерекше көңіл бөлуге тиіс. Көп елдерді вакцинаға қарсы күмәнді ойлар шарпып жатқанын білеміз, сондықтан бұл бағытта көп күш жұмсау қажет болады. Тұрақты экономикалық белсенділік және мектеп, кәсіпорындардың үздіксіз жұмыс істеуі үшін вакциналаудың маңызы өте жоғары. Қазақстан үшін қолға алынуға тиіс тағы бір басымдық – «жасыл» экономикаға көшу. Көмірсутегіне әбден тәуелді болған елдер үшін бұл аса жауапты әрі күрделі процесс. Сол себепті осы бағыттағы шаралар тізбегі мен орындалу мерзімі көрсетілген нақтылы жоспар қажет» дейді.