Дәл қазіргі сәтте Қазақстан қорғаныс саласының шығыны бойынша барлық ЕАЭО елдерінен төмен тұр. Ішкі жалпы өнімнің тек 1 пайызы ғана ел қауіпсіздігіне бөлінеді екен. Бұл – әлемдегі ең төмен көрсеткіштердің бірі. Алматыда болған жаппай тәртіпсіздік пен тонау кезінде ел армиясы неліктен батыл қадамға бармады, неліктен өздерімен салыстырғанда ат төбеліндей болар топтың ентігін баса алмады деген сауал әлі де өзекті. Айналасы бір күнге жетпес уақыт ішінде бейбіт митингтің бағытын бұрып әкеткен бұзақы топ қала инфрақұрылымының быт-шытын шығарып, сауда орындарын астан-кестең етті, бизнеске орасан зор шығын келтірді.
«2021 жылдың он айында 14 трлн теңге көлеміндегі мемлекет бюджетінің жалпы шығынынан тек 542,4 млрд теңге немесе 3,9 пайызы ғана тиесілі болған. Егер көп жылдық динамиканы қарайтын болсақ, қорғаныс шығынының төмен үлесі өспеген, тек 4-5,5 пайыз деңгейінде құбылып келеді. 2020 жылы айтарлықтай төмендеп кеткен. Сала шығынының 4 пайыздан төмендеп кеткен кездері де бар.
Жеткіліксіз қаржыландыру фактісін инвестиция көлемі де растайды. 2021 жылдың 11 айында қорғаныс саласына небәрі 50 млрд теңге инвестиция салынған. 2020 жылдың дәл осындай кезеңімен салыстырғанда сома 21 пайызға азайған. Жалпы алғанда, 2011-2020 жылдар аралығында салаға 550,1 млрд теңге инвестиция салынды. Бұл өзге салалармен салыстырғанда ең төмен көрсеткіш. Мәселен, осы он жылда өнеркәсіпке – 45,6 трлн, жылжымайтын мүлік операцияларына – 10,3 трлн, транспорт және қаттауға – 12 трлн, ауыл шаруашылығына 2,8 трлн теңге бөлінген», деп жазады Finprom сарапшылары.
Әрине, қай саланың да күні қаржыға қарайтыны белгілі. Саяси және экономикалық тұрғыда да аса маңызды сала болып саналатын қорғаныстың назардан тыс қалуы, мемлекеттің бұл секторға аста-төк қаржының жұғынын ғана жалатып келуі – армияны қазіргі шарасыз күйге әкеп соқтырған секілді. Мұндай елдің әлемдік рейтингте де төрге озуы мүмкін емес. Қорғаныс шығыны жөнінен Қазақстан халықаралық тізілімнің 115-орнында тұр. Тіпті экономикалық одақтағы серіктес елдердің де алдын орай алмаппыз. Мысалы, Армения ІЖӨ-нің 4,9 пайызын армияға бөледі (әлемде 8-орын), Ресей – 4,3 пайызын (әлемде 10-орын), Қырғызстан – 1,8 пайызын (әлемде 62-орын), Беларусь 1,3 пайызын (әлемде 100-орын) бөледі. ТМД елдері арасында Әзербайжан (ІЖӨ-нің 5,4 пайызы), Украина (4,1 пайызы) және Грузия (1,8 пайызы) елдерінің позициясы мығым.
Президент Қ.Тоқаевтың айтуынша, тез арада ел армиясының техникалық және ұрыстық жабдықталуы жаңаруға тиіс.
«Әскерде әлі күнге қолданылғанына 30-50 жыл толған кеңестік кезеңнің қарулары мен оқ-дәрілерінің үлесі көп. Ескірген техниканың қызмет ету мерзімінің аяқталу қарқынын ескере отырып, қару-жарақ паркін толықтыру бойынша шұғыл шаралар қабылдау қажет. Қарулы күштер заманауи, жоғары технологиялы қарумен және әскери техникалармен жарақтануы керек. Бұл ретте жүйелі шаралар қабылдануы қажет. Қару-жарақ және әскери техниканы жөндеу, қызмет көрсету бойынша отандық өндірісті дамыту аса маңызды», деді Мемлекет басшысы.
Басқа елдерде ІЖӨ-нің қорғаныс саласына бөлген шығын көрсеткіші жыл санап өссе, Қазақстанда бұл өзгеріссіз күйде, нақтырақ айтсақ 1 пайыз төңірегінен аспайды. Дәл осы мәселені мемлекет енді ескерер, қуатты армия құру үшін қыруар қаржы керек екенін түсінер деп сенеміз.