Елордадағы Ұлттық академиялық кітапханада Қазақстан Республикасы Президентінің мұрағаты, Мәдениет министрлігі мен Ұлттық академиялық кітапхана бірлесе дайындаған «Тыңға – 60 жыл» атты деректі-кітаптық көрменің тұсаукесері өтті.
«Тың» деген сөз аға буын өкілдерінің жадында еңбек батырлығы, жігерлілік, патриоттық және жоғары азаматтық деген ұғымдармен сипатталады. Қазақ жеріне Кеңес Одағының әр бұрышынан келген жүздеген тың игерушілер адам төзбейтін жұмыстар жасап, Қазақстанда қысқа уақыт аралығында үлкен нан өнімі өндірілді, жүздеген жаңа совхоздар салынып, олар бұл еңбек сынағынан абыроймен өте алды.
Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Астана қаласында 2004 жылдың ақпанында тың және тыңайған жерді игерудің 50 жылдығына арналған салтанатты жиында сөйлеген сөзінде «Сол жылдар, Қазақстанды үлкен аграрлық өлке, астық қоймасына айналдырды. Берекелік пен молшылықтың сарқылмас көзіне айналған алтын масақ – біздің абыройлы өмірбаянымыз болып табылады», деп атап өтті. Бүгінгі таңда сол ерлік уақыттар тарихқа ұласуда. Бұл жайлы енді тек қана мұрағаттардан және қатары азайып бара жатқан алғашқы тың игерушілердің естеліктерінен ғана біле аламыз.
Тың туралы құжаттар тек қана «батырлықты», жоғары өнім туралы партия комитеттерінің қуанарлықтай есептері емес. Бұл тың аймақтарындағы экологиялық апаттылықтың шегіне жетуі, ландшафты даланың жойылуы, егінжайдың ластануы, топырақтың жел эрозиясына шалдығуы, агротехниканың сақталмауы, тың дәуірнамасын ұйымдастырудағы салмақты қателіктер мен жаңылыс есептеулердің жіберілгенінің куәсі.
Тың және тыңайған жерлерді игеру бірнеше ұрпақтың өмір тіршілігінде аса зор рөл атқарды және Қазақстан тарихында айрықша әсерлі болды.
Алты бөлімнен тұратын көрмеде Қазақстан Президенті мұрағатында сақталған Қазақстандағы тың және тыңайған жерлерді игерудің негізгі кезеңдерін бейнелейтін анағұрлым қызықты мұрағат материалдары мен құжаттары ұсынылды. Оқырмандар бұл материалдардың көбін алғаш рет көрмекші. Көрмеде құжаттармен бірге Ұлттық академиялық кітапхана қорынан алынған осы тақырыпты қамтитын кітаптар, газет-журналдармен де танысуға болады. Тұсаукесерде Президент Мұрағатының директоры, техника ғылымдарының докторы, профессор Борис Жапаров пен ҚР ҰАК бас директорының орынбасары Ж.Шаймұханбетова сөз сөйледі. Аудитория тыңның бас қаһармандары – алғашқы тың игерушілер В.Маложавый, В.Казак, М.Гольберх, А.Карелина, В.Молчанова, Ф.Шкурко, В.Черненок және тыңға кітапханашы ретінде келген И.Дараганды құттықтап қарсы алды. Алғашқы тың игерушілер өздерінің дағдылы жұмыс күндерін, жастық шақтарын еске алып, өз өмірлеріндегі кітаптың үлкен рөлін атап айтты. «Біз тыңға жол тартқан шағын шамаданда кітап әрқашанда болды. Біз кітап оқуды сүйетін едік. Әдебиет тыңға тасқын боп құйылды. Бізге белгілі жазушылар Сәбит Мұқанов, Мұхтар Әуезов арнайы келген еді», деп әңгімеледі М.Гольберх. Қорытындысында 1955 жылы түсірілген тың туралы деректі фильм көрсетілді.
Сондай-ақ, тұсаукесерге Президент Әкімшілігінің қызметкерлері, Парламент депутаттары, министрліктер мен ведомстволар өкілдері, белгілі қоғам және мемлекет қайраткерлері, еңбек және соғыс ардагерлері, алғашқы тың игерушілер, ғалымдар, тарихшылар, мұрағат, мұражай және кітапхана қызметінің басшылары қатысты.
Берік САДЫР,
«Егемен Қазақстан».
Суретті түсірген
Ерлан ОМАРОВ,
«Егемен Қазақстан».