Мәжілісте палата Төрағасының орынбасары Сергей Дьяченконың жетекшілігімен кезекті Үкімет сағаты «Қазақстан Республикасы Табиғи монополияларды реттеу агенттігінің 2013 жылғы жұмысының қорытындылары және 2014 жылға арналған міндеттері» деген тақырыпта өтті.
Елбасы Қазақстан халқына арнаған биылғы Жолдауында халықтың тұрмыс жағдайын жақсарту басты міндеттің бірі екенін атап көрсетті. Мұнда қарапайым адамның әлеуметтік көңіл-күйін басты назарда ұстау қажет екені белгілі. Және ол бізді басты мақсатқа жетелейтін маңызды индикатор болуы тиіс. Сондықтан, халықтың күнделікті өміріне қажетті жылу, энергия, су мәселесі, жолаушылар тасымалдау, байланыс және басқа да қызметтер үшін тарифтер белгілеу мәселелері әрқашан депутаттардың назарында, деген вице-спикер сөз кезегін Табиғи монополияларды реттеу агенттігінің төрағасы Мұрат Оспановқа берді.
Агенттік инфрақұрылымдық реттеуші ретінде 1186 табиғи монополия субъектісіне реттеу функциясын және 182 доминантқа қатысты баға белгілеу функциясын жүзеге асырады. 2013 жылы тарифтерді қарау жұмысының нәтижелері мынадай:
- табиғи монополиялар субъектілері ұсынған барлығы 1 073 өтінім қаралды, 406 өтінімнен бас тартылды, олардың 29 тарифі төмендетілді;
- доминант субъектілер тарифтерді көтеруге 129 хабарлама берді, 55 хабарлама бойынша бағаларды көтеруге тыйым салынды, оның ішінде 22 тариф төмендетілді. Тарифтер заңнама талаптарына сәйкес бекітіледі, деді сөзінің басында агенттік төрағасы.
Реттелетін коммуналдық қызметтердің тарифтері Үкімет ұсынған инфляцияның жоспарланған дәлізі шегінде өзгертіледі. 2013 жылы инфляцияға үлес 1,15% деңгейінде қамтамасыз етілді, жоспар 1,2% болған, деп жалғады сөзін М.Оспанов. Ағымдағы жылы бұл жұмыс жалғасады. Қазіргі кезде реттелетін қызметтердің тарифтерін өзгертуге 1 мамырға дейін мораторий жарияланған. Инвестициялық бағдарламаларды қалыптастыру және іске асыру агенттіктің тұрақты бақылауында. 2012 жылғы қорытынды бойынша инвестиция сомасы шамамен 209 млрд. теңгені құрады, 2013 жылы – 230 млрд. теңгеге жуық болды. Инвестициялар көлемін көбейтуге әрбір монополистің инвестициялық бағдарламаларды дайындау және іске асыру міндетін белгілеу арқылы қол жеткізіледі. Тарифтерді бекіту үшін инвестициялық бағдарлама міндетті шарт болып табылады.
Бұдан басқа, агенттік активтер тозуын, нормативтік шығындарды, отынның үлестік шығысын және жабдықтың энергия сыйымдылығын төмендету сияқты инвестициялық бағдарламалар индикаторын белгілейді. Белгіленген индикаторларға қол жеткізілген жағдайда ғана инвестициялық бағдарламалар қабылданады және орындалды деп саналады. Өткен жылы энергия тиімділігіне қатысты қабылданған шаралар тұтынушыларға 11,6 млрд. теңгеден асатын қаражатты үнемдеуге мүмкіндік берді. Инвестициялық бағдарламаларды іске асыру нәтижесінде нормативтік шығындар төмендетілді. 2006 жылдан бастап олардың деңгейі жартылай қысқарды. Жабдықты жөндеу мен жаңарту нәтижесінде жылу энергиясын өндіруге жұмсалған отын шығыны соңғы 10 жыл ішінде 2 еседен аса азайды. Осы мәселелер тұрақты бақыланады.
Агенттік төрағасы түсіндіру жұмыстарын жүйелі жүргізу бөлігінде былай деді:
«Тарифтердің өзгеру себептері бойынша ай сайын брифингтер ұйымдастырылады; агенттік сайтында «тұтынушы калькуляторы» енгізілген, барлық монополистердің инвестициялық бағдарламалары жөнінде ақпарат және олардың орындалуы туралы есептер орналастырылған. Агенттік жұмысын бұқаралық ақпарат құралдарында жариялау мақсатында монополистер объектілерінде 92 баспасөз туры өткізілді, 1000-нан астам материал шықты. Сондай-ақ, монополистер тұтынушылар алдында 655 есеп берді. Қазіргі уақытта барлық өңірлерде монополистер басшыларының есептері ұйымдастырылуда. Оларды өткізу кестесі агенттіктің веб-сайтында орналастырылған, монополистер хабарландыруды бұқаралық ақпарат құралдарында алдын ала жариялайды».
М.Оспанов келесі кезекте электр энергиясы нарығындағы делдал толық жойылып, энергиямен жабдықтаушы ұйымдарға 2,2 млрд. теңге айыппұл салынғанын атап көрсетті. Агенттік жұмысының басты бағыты тұтынушылармен және қоғамдық ұйымдармен өзара іс-қимыл жасау болып табылатынына назар аударды. Тұтынушылармен кері байланыс орнатылды, агенттік сайтына түскен өтініштерге 7 088 жауап, сұрақтарға 804 жауап, төраға блогына түскен өтініштерге 360 жауап берілді. Барлық сұрақтар бойынша жергілікті жерге барып шешімдер қабылдау қамтамасыз етілуде. Бірақ қоғамның рөлін күшейту қажет.
Сондықтан өзара іс-қимыл жасауға арналған қолданыстағы нысандар жетілдіріліп отыр. Мәселен, аккредиттеу рәсімі жеңілдетілуде, сараптамалық кеңестердің құрамдары кеңейтілуде, қоғамдық бақылауды дамыту үшін агенттік жанынан Қоғамдық кеңес құрылды. Оған барлық фракциялардың депутаттары мен белгілі қоғам қайраткерлері кірді, деді агенттік төрағасы. М.Оспанов тарифтік саясатты жетілдіру бойынша да сөз қозғап, агенттік алдында биыл қандай міндеттер тұрғанын да қысқаша айтып өтті. Олар:
- қоғамның тарифтік процестегі рөлін күшейту,
- инфляцияға үлес шеңберінде әділ тарифтерді белгілеу;
- бақылауды күшейту және ынталандырып реттеу әдістерін пайдалану.
Тақырыпқа қосымша баяндаманы палатаның Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің төрағасы Сейітсұлтан Әйімбетов жасады.
Мәжіліс Төрағасының орынбасары: «Агенттік қызметінің негізгі бағыттары туралы толық ақпарат берілді. Елбасы Жолдауында айтылған міндеттердің бірі – халықтың тұрмысын көтеру. Ол үшін инвестиция тарту тарифтерін ұйымдастыру керек. Жылу мен электр энергиясын, суды үнемдеу, бағаны тұрақты ұстап тұру, сондай-ақ, осы жұмыстарды жетілдіру агенттік құзырында екені белгілі. Ал халыққа жағдай жасау үшін әлі де жұмыстарды жалғастыру қажет. Бұл жөнінде депутаттар өз пікірлерін айтты. Бүгінгі отырыс бойынша, Үкіметке бірқатар ұсыныстар жобасы дайындалып, депутаттар айтқан ұсыныстар толық ескерілді», деп отырысты қорытты.
Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан».