Кеше Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалық етуімен Парламент Сенаты бюросының отырысы болды. Бюро мүшелері палатаның 20 наурызда болатын отырысының күн тәртібін қарады, деп хабарлады Сенаттың баспасөз қызметі.
Отырыста Қазақстан мен Вьетнам арасындағы азаматтық істер бойынша өзара құқықтық көмек туралы келісімді; Ең төменгі жалақыны белгілеу ресімін жасау туралы конвенцияны (26-конвенция); Жалақыны қорғау туралы конвенцияны (95-конвенция) ратификациялау туралы заң жобаларын; «Азаматтық қорғау туралы» және азаматтық қорғау мәселелері бойынша ілеспе заң жобаларын бірінші оқылымда, заңнамаға ішкі істер органдарының қызметі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасын екінші оқылымда қарау жоспарланды.
Бюрода Мәжілісте мақұлданған заң жобаларына Сенаттың бас комитеттері белгіленді. Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетіне 1994 жылғы 28 наурыздағы Қазақстан мен Ресей арасындағы өнеркәсіптік авариялардың, апаттардың, дүлей зілзалалардың алдын алу және олардың зардаптарын жою саласындағы ынтымақтастық туралы келісімге авариялық-құтқару қызметтері мен құрылымдарының мемлекеттік шекараны кесіп өтуінің оңайлатылған тәртібі туралы үкіметаралық хаттаманы ратификациялау туралы заң жобасы берілді. Сондай-ақ, осы комитет Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы Төтенше жағдайлар және дүлей зілзалалардың қауіп-қатерін азайту жөніндегі орталықты құру туралы үкіметаралық келісімді ратификациялау туралы заң жобасына бас комитет болып белгіленді.
Одан басқа, бюрода Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Құрмет грамотасымен марапаттау мәселесі де қаралды.