Қазақстан • 26 Қаңтар, 2022

Бюрократиядан арылмай, алға жылжу жоқ

1465 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Парламент Мәжілісі отырысында «Қасіретті қаңтар» сабағы: Қоғам тұтастығы – Тә­уел­сіздік кепілі» атты та­қы­­рыпта сөйлеген бағдар­ла­ма­лық сөзінде нақты әрі орынды пі­кірлер қамтылды. Мемлекет басшысы елдің ішінде аяқтан шалып, Үкіметтің де, жеке адам­­дар­дың да, тіпті бизнестің де аяғына тұсау болып келе жат­­қан бюрократизмді жоюдың ма­ңыз­дылығына айрықша тоқ­тал­ды.

Бюрократиядан арылмай, алға жылжу жоқ

Коллажды жасаған Амангелді Қияс, «EQ»

«Ол азаматтардың санасында мемлекеттік аппарат туралы баяу жұмыс істейтін немқұрайды машина деген әділ түсінік қалыптастырады. Бюрократия – реформалардың сапасыз орындалуының негізгі себептерінің бірі. Мұндай аурудан бәрімізге емделу керек», деді Президент.

Күнделікті өмірде, халық көңіл аудара бермейді, осы бюрократия, қағазбастылық – бізді ілгерілетпей, аяқтан шалып тұрған түйткілдердің қайнар көзі. Бюрократия иіріміне терең батқан шенеуніктер алдына келген жанды адам екен деп санамайды, тек талап етілген қағаздарды әкелуші, соларды санап өткізуші деп қана біледі. Алдындағы адамның жеке қасиеті, іскерлігі пен біліктілігі оған есеп емес, тіпті адамгершілікті де аяққа басуға дайын. Мәселен, бір білікті адам өзіне лайық қызметке тұрмақ болып құжаттарын өткізіп жатыр делік. Туған жері, туған уақыты, тегі, әкесінің аты бәрі келіп тұр­са да есімінің не басқасының бір әрпі дұрыс болмаса бітті – оның құ­жат­тары қабылданбайды. Бюрократ қабылдаушы шоршып түскендей болып, алдында тұрған жанды құжатта көрсетілген адам емес деп шорт кеседі. Барлық құжат кері қайтарылады. Осының өзі қандай надандық десеңізші. Қабылдап алып, құжатындағы бір әріпті түзетерсің десе болады ғой. Жоқ, ондай кеңшілік жасау бюрократтың татпаған дәмі ғой. Оның ойынша, бір әріп түзетуге болмайтын, зор кемшілік сияқты көрінеді. Міне, осындай істер бюрократ шенеуніктердің халыққа көрсететін күнделікті құқайлары. Адам бір әріпті түзету үшін сотқа барып, арыз беруі, одан шешімді күтіп қаншама уақыт тосуы керек. Ал бұл уақытта қабылдау конкурсының мерзімі де өтіп кетеді. Ондайға қабылдаушы бюрократ пысқырмайды да, оған маман болмаса да, іскер болмаса да қызметке құжаты дұрыс адам тұрса болды...

Ал білікті маман болмашы ғана себептен өзіне лайық, дөңгелетіп әкете алатын қызметке тұра алмайды. Сайып келгенде бұл істің нәтижелілігін де төмендетеді.

Осы бюрократизмді Кеңес өкіметі жылдарында да халық қатты сынады. Атақты сатирик Аркадий Райкин бюро­кратизмді көп әжуалады. Одан басқа ақын-жазу­шы­лар да, ғалымдар мен журналистер де, тіпті ірі лауазымды тұлғалар да оны әшкерелеп, жоюдың қажеттілігін талай көтерді, жолдарын айтты. Бірақ бюрократия да өлермендікпен түрін, тегін өзгертіп жаңа замандарға көшіп, өз «міндетін» мүлтіксіз атқарып келеді. Онымен ұшыраспаймын деген адамның өзі қақпанына қалай түсіп қалғанын білмейді. Өз басымыз да жуырда ғана мізбақпас, безбүйрек бюрократизмнің мазағын бастан кештік.

Облыстық мәслихатта Қоғамдық кеңес деген бар. Оның құрамына дұрыс сұрақ қойып, мәселе көтере алатын адамдардың өткені жөн және мүшелікке енетін адам өздігінен емес, бір қоғамдық ұйымның ұсынуымен бара алады. Ойымызда ешнәрсе жоқ жүрген едік, облыстық кәсіподақтар одағы бізді осы Қоғамдық кеңестің қатарына мүшелікке ұсыныпты. «Е, сенім артса бармай несі бар?» деп, «хабарласарсыз» деген соң мәслихаттың қызметкеріне телефон шалып, қандай құжаттар тапсыруым керектігін сұ­ра­дым. Кәсіподақ сияқты сенімді ұйым ұсынып отырған соң еліміздің ең үлкен газеті «Егеменнің» тілшісін сөзсіз қабылдайтын шығар деген дәмем де жоқ емес. Тіпті өтініш жазып, оны электронды поштадан жібере салармыз деп те ойлағанмын. Сөйтсек, оның да бюрократиялық машақаты же­тер­лік екен. Өтінішті барып жазуым, нар­ко­ло­гиялық, психиатриялық және т.б. меке­мелерде есепке тұрмайтыным тура­лы анықтамалар әкеліп беруім ке­рек екен. Бұл анықтамаларды алу үшін кем дегенде бір күніңді жоқ қыласың. «Мен елдің бас газетінің қызметкерімін, әлгі мекемелерге ешқандай қатысым жоқ екені белгілі ғой» десем, безбүйрек шенеунік «болмайды, анықтама әкелуіңіз керек» дейді. Сонсоң басымды соған қатырып жүремін бе деп, бас тарттым. Қолы бос емес адамдардың көбі сөйтетіні анық.

Осы бюрократия, біздіңше, безбүйрек шенеуніктерге пайдалы. Өйткені олар осыны пайдаланып, екі қолы алдына сыймай жүрген жұмыссыз немесе зейнеткер адамдардың мүше болғанын қалайды. Мұндайлар артық сұрақ та бермейді, сөз де айтпайды, тек безбүйрек шенеуніктің әмірін сөзсіз орындап «қазан бұзбайды». Анаған керегі де сол сияқты... Сөйтіп, басқаларды бюрократиялық кедергілер қою арқылы сүріндіретін безбүйрек өздеріне қажетті иісалмас, жуас адамдардан кеңес командасын жасақтап алады. Сосын өзінің тапсырмасын орындатып қана отырады... Міне, бұл қолдан жасалған бюрократияның халыққа емес, шенеунікке тигізіп отырған пайдасының бір көрінісі.

Осы бюрократиядан қазір мұға­лім­дер де, тәрбиешілер де, дәрігер­лер де, т.б. зар жылайды. Түкке де керегі жоқ бір қағаздарды толтырып отыратын осы мамандар бар­лық алтын уақытын мамандығын же­тіл­дірудің орнына осыған сарп етеді. Бір сабаққа дайындалу үшін бір жарым сағат бойы анықтамалар толтырамыз дейді мұғалімдер. Нәти­же­сінде, білім, тәрбие беруге тиіс­ті негізгі қызметі екінші қатарға қала­ды. Қазір мұғалімнің жұмыс сапасы шәкірттерінің озық білімімен емес, керексіз анықтамаларды қалай толтырғанымен бағаланады. Бұдан, түптің түбінде, толыққанды білім ала алмаған оқушылар, тәрбиені кемшін көрген жеткіншектер зардап шегеді. Дәрігерлердің де көрген күні сол, жа­ңа­дан шығып жатқан медициналық әдебиеттерді, журналдарды қарап, білік­тілігін жетілдірудің орнына қай­дағы бір керексіз қағаздарды толтырып, уақытын босқа сарп қылады. Ал бұлардың үстінен бақылайтын мемлекеттік органдар керексіз қағаздар толтырылмаса маманның мазасын алумен болады, тіпті жұмыстан шығарып, қаңғыртып жіберуге бар.

Президент: «Есеп үшін есеп беру, бақылау үшін бақылау жүргізу тə­сілдері өткеннің еншісінде қалуға тиіс. Түпкі нəтиже процестен маңыздырақ. Өзін өзі ақтамайтындайы күрделендірілген жəне нақты шешімді баяулататын үдерістің бəрі жойылуы керек. Бүгінде мемлекеттік органдар тапсырмалардың мазмұнды іске асырылуына емес, бюрократиялық орындалуына бағдарланған. Формасы бо­йынша үлгілі, бірақ мазмұны жағынан нашар құжаттар əзірленіп жатыр. Не­гіз­гі интеграциялық жүйелердің бар болғанына қарамастан, меморган­дар макулатураны қаптатып, мəн­сіз хат алмасуын қояр емес», деді. Міне, бұл нақты айтылған сын. Енді мем­ле­кет­тік органдар осыдан қоры­тын­ды шы­ға­ру­ керек.

Бюрократияның негізі – қоғам өміріндегі адамның бағасын түсіріп, оны сыйламай, көзге ілмей қарайтын немқұрайлықта. Адам құқының аяққа басылуы деген де осы жерден шығады. Қазір адамға деген сенім жоқ, тек қалтасында анықтамасы болса ғана оған деген сенім туады. Осының өзі сайып келгенде жалпы қоғамның мә­дениет­сіздігінде. Адамға сенім көр­­сетпеу арқылы оның ар-намысын қор­лап тұрғанын безбүйрек шенеунік түсінбейді. Ал мәдениеті жоғары шетелдерде ешқандай анықтамасыз адамның сөзіне сеніп, құрмет көр­сетіп, қызмет жасайды. Бізде адам­ды мемлекеттік құрылымның бір бөлігі ғана деп қалыптастырған ұзақ жылдар бойғы кеңестік ұғым әлі де өзгермей келеді. Өркениеттің өріне шыққысы келетін қоғам алдымен адамды бағалауы керек. Оған деген құрмет, қапысыз қызмет болған жерде ғана жасампаздық болады. «Азаматтардың əл-ауқаты жəне əлеуметтік көңіл күйі мемлекеттің басты назарында болуы керек. Цифрлармен ойнауды қойып, нақты істерге көшетін кез келді», деді Президент Қ.Тоқаев өзінің сөзінде.

Шын мәнінде, адамды басты байлық санап, оның мұң-мұқтажын алдымен шешкен ел ғана озады. Сондай елдің ғана болашағы зор. Ол үшін әрбір жеке адамның қас жауы болып келе жатқан бюрократияны түпкілікті жою керек. Әйтпесе адамды көзге ілмей, оны бір бұранда деп келген бюрократиялық елде ешқандай болашақ болмайды.

 

Солтүстік Қазақстан облысы