Инфографиканы жасаған Зәуреш Смағұл, «ЕQ»
Таяуда ғана Үкіметтің қаулысымен Өндірушілердің (импорттаушылардың) кеңейтілген міндеттемелері (ӨКМ) операторының функциялары «Жасыл даму» АҚ-ға өтіп, бірыңғай оператордың құқықтары тоқтатылған еді.
«Осы қаулымен «Жасыл дамудың» халықаралық жасыл технологиялар және инвестициялық жобалар орталығына қосылуына қатысты Үкіметтің 2021 жылғы 15 сәуірдегі №241 қаулысының күші жойылды. Осылайша, «Жасыл даму» акционерлік қоғамы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің (ЭГТРМ) ведомстволық бағынышты ұйымы саналады және мемлекеттің қатысу үлесі 100%-ды құрайды», делінген болатын министрлік таратқан ақпаратта.
Жауапты ведомствоның мәліметіне сүйенсек, ӨКМ операторы тетігі 2015 жылы іске қосылып, содан бері кәдеге жарату төлемі түрінде түскен қаражаттың көлемі 691,9 млрд теңгеге жеткен. Министрлік бұл қаражат заңға сәйкес жұмсалғанын, атап айтқанда отандық автоөндірушілерге бұрын кәдеге жаратуға төленген 338,9 млрд теңгесі қайтарылғанын жеткізді. Экологиялық мәселелерді шешуге 102 млрд теңге және салық түрінде 49,1 млрд теңге аударылған. Бүгінде екінші деңгейлі банктерде жатқан қалған қаражаттың көлемі – 220,6 млрд теңге.
Енді қолданыстағы утиль алымының көрсеткіштеріне тоқталсақ. Кәдеге жарату алымы көлік қозғалтқышының көлеміне қарай есептеледі. Айталық, қозғалтқыш көлемінің коэффициенті 50 АЕК-ке (айлық есептік көрсеткіш) көбейтіліп, көлемі 1 литрден аспайтын көліктерде оның өлшемі 3-ке, 2 литрге дейінгі көлік құралдарында 7-ге, сондай-ақ 3 литрден асқан жағдайда 10-ға және одан да көлемді қозғалтқыштарда 23-ке тең. Бұл ретте биыл АЕК 3 063 теңгені құрайтынын, сәйкесінше базалық мөлшерлеменің сомасы 153 150 теңгенің көлемінде болатынын айта кеткен орынды.
Жеңіл автокөлік сегментінде гибридті техниканы қоспағанда, ең төмен утиль алымы электромобильдерге ғана қарастырылған. Басқа көліктерде қозғалтқыштың көлеміне қарай есептеледі. Нақты айтсақ, 1 мың текше сантиметрге дейін қозғалтқышта коэффициент 3-ке жететін ескерсек, алымның мөлшері – 459 450 теңге. 1 001-ден 2 000 текше сантиметрге дейінгі аралықта коэффициент – 7, яғни төлем 1 072 050 теңгені құрайды. 2 001-ден 3 000 текше сантиметрге дейінгі аралықта коэффициент – 10, демек төленетін ақша – 1 531 500 теңге. Қозғалтқышы 3 001 текше сантиметрден жоғары көліктерде коэффициент – 23, алым сомасы – 3 522 450 теңге.
«Жасыл дамуды» кімдер басқарып жүр?
«Жасыл даму» АҚ Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің Экологиялық реттеу және бақылау комитетіне қарайды. Оның негізгі миссиясы – қоршаған ортаны сақтау, қалпына келтіру және сапасын жақсартуға қолайлы жағдай жасау. Компанияның бас директоры – Азамат Әлімбаев. Директорлар кеңесінің құрамында онымен бірге Экология вице-министрі Ахметжан Пірімқұлов та бар.
Едәуір көлемдегі салық аударымдарын компания 2016-2021 жылдары жасаған. Осы аралықта «Жасыл даму» АҚ 59 млн теңге төлепті. Жыл басынан бері компания 10,3 млн теңге көлемінде салық аударған.
Утиль алымына мораторий енгізуді ұсынды
Қоғам белсендісі Санжар Боқаевтың айтуынша, әзірге жарты немесе бір жыл уақытқа утиль алымы жүйесін тоқтата тұру қажет. Өйткені бұл саладағы сыбайлас жемқорлық фактілері аз емес. Әйтсе де жеңіл көліктерге арналған кәдеге жарату тарифі 100 мың теңгеге дейін төмендетілуге тиіс деген ойда.
«Халық әлі де утиль алымының не үшін қажет екенін түсінбей жатыр. Экология кодексінің 386-бабында кәдеге жарату алымына байланысты нақты түсінік берілген. Бұл – қалдықты жинау, жеткізу, тасымалдау және жоюға төленетін сома. Осы ақша арқылы автоөнеркәсіпті ынталандыру неге жүзеге асырылатыны барлығымызға түсініксіз?! Ал автоөнеркәсіптің қандай күйде екені белгілі. Отандық автопарктің жағдайына байланысты да біраз сұрақ туындап отыр. Деректерге сүйенсек, еліміздегі жеңіл көліктердің орташа жасы 19,2-ден 19,7-ге дейін ұлғайған. Бұл – ойландыратын мәселе. Себебі ұлтымыздың денсаулығына қатысты болып тұр. Алымды жинаудың тетігі түсініксіз. Осы уақытқа дейін 692 млрд теңге жиналғанымен, оның тиімділігі мүлдем жоқ. Утиль алымының есептеу жүйесі шикі болғандықтан, жеңіл көлікке арналған төлемді талқылаудың мәні жоқ. Мейлі, 100 мың теңге болсын, 1 млн теңге жинайық, есептеу жүйесін өзгертпей көзделген мақсатқа қол жеткізе алмаймыз. Неге десеңіз, осы утиль алымын енгізерде бірде-бір қоғамдық тыңдау өткізілген жоқ. Тиісті сараптама жасалған жоқ. Салалық министрліктер ол сараптаманы көрсете алмайды. Біз қазір Парламенттің міндетін атқарып отырмыз. Бұл пікірталастың барлығы сол жерде орын алуға тиіс еді. Қазір қандай мөлшерлеме белгіленсе де төлемді жинау жүйесі шикі, жетілдірілмегенін ұмытпаған жөн. Екіншіден, Мемлекет басшысының тапсырмасы бар екенін жақсы түсінеміз. Бұл тапсырма әзірге ішінара орындалғанын байқап отырмыз. Атап айтқанда, ӨКМ операторының жұмысы тоқтатылып, функциясы мемлекетке қайтарылды. Егер де министрлік асығыс болса, осы қолданыстағы жетілдірілмеген утиль алымын есептеу жүйесімен амалсыз келісуге тура келеді. Бірақ жеңіл көлікке арналған төлем мөлшері 100 мың теңгеден аспауға тиіс. Ал арнайы және жүк көліктеріне кәдеге жарату алымын қолданудың еш қажеті жоқ деп есептейміз. Өйткені оның қолданылу мерзімі ұзақ және бөлшектері әрмен қарай пайдалануға жарамды келеді. Негізі осы алымды жинау жүйесін жағдайды ретке келтіріп алғанға дейін жарты немесе бір жылға шегере тұрған дұрыс. Десек те автокөлікке арналған төлем мөлшері 100 мың теңгеден аспауы керек екенін тағы еске салғым келеді», деді С.Боқаев.
Бұл пікірді өзге де қоғам белсенділері қуаттап отыр.
«ӨКМ операторының барлық қызметі бойынша толыққанды нәтижеге қол жеткізе алмағанымызға назар аударғым келеді. Аталған компания қаржыландырған барлық жоба, мысалы, қалалардағы қалдықтарды бөліп жинауға арналған жұмыстар өз жемісін берген жоқ. Мұның бәрін тексердік. Яғни ақша текке жұмсалды. Неліктен осы компанияның қызметін ешкім тексергісі келмей, құр қаражатты бір компаниядан екінші компанияға аудара салғысы келеді? Менің ұсынысым ӨКМ операторының қызметіне толық қаржылық тексеру жүргізіліп, одан ақша алғандарды қаражатты қайда және қалай пайдаланғанын анықтау қажет», деді ECO Network жобасының негізін қалаушы Евгении Мұхамеджанов.
Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин ӨКМ операторының активтері мен шығындарына толық тексеру аяқталғанға дейін кәдеге жарату алымына мораторий енгізуді ұсынды.
«Соңғы бес жыл ішінде автокөлік пен ауыл шаруашылығы техникасын сатып алу кезінде сатып алушы жеке операторға 400 мыңнан 13 млн теңгеге дейін берді. Мұндай алымдардың жоғары болуы Қазақстандағы көлік бағасының қымбаттауына әкелді. 2015 жылдан 2021 жылға дейін жаңа көлік бағасы екі есе өсті. Көрші елдермен баға айырмашылығы салдарынан шетелдік көліктер елге тіркеусіз әкеліне бастады.
Ашық дереккөздерден алынған мәліметтерге сәйкес автокөлік өнеркәсібі мен ауыл шаруашылығы техникасын өндірушілерді ынталандыруға 300 млрд теңге аударылып, ескі көліктерді тапсырған халыққа 30 млрд теңге төленді. 29 млрд ескі техниканы сатып алуға және кәдеге жаратуға бағытталды. Ал 181 млрд қайда кеткені белгісіз. Барлық жиналған қаражаттың 10 пайызы ғана кәдеге жаратуға бағытталады екен», деді Е.Жаңбыршин.