Қоғам • 27 Қаңтар, 2022

Санда бар, санатта жоқ

1134 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

NEET санатындағы жастарға қамқорлық керек. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жыл басында өткен Парламент Мәжілісінің отырысында «Жұмыссыздықты, әсіресе жастар арасындағы жұмыссыздықты азайтуға ерекше көңіл бөлу керек. Жоғары оқу орындарын, колледждерді бітірушілер, әсіресе білімі жоқ жастардың тұрақты жұмысқа орналасу мүмкіндігі әрқашан бола бермейді. Біз мұны жақсы білеміз. Олар тапқан жұмысын істеп өмір сүреді. Кейбіреулер табыс іздеп, заң бұзуы мүмкін», деді. Президент осы сөзі арқылы жастарға қатысты мәселелердің кең ауқымын атап көрсетті. Шын мәнінде Үкімет тарапынан жұмыспен қамтуға қатысты бірқатар бағдарлама қабылданса да «жұмыс күтіп жүрмін», «жұмыс іздеудемін» деген жастар қатары кемімей тұр. Бұдан басқа да мәселелер жеткілікті.

Санда бар, санатта жоқ

Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Әлемнің қай елінде де болсын не жұмыс істемейтін, не оқымайтын, не қандай да бір іске қызығушылығы жоқ жастар тобы кездеседі. Бұл топқа бүгінде халықаралық қоғамдастық NEET (Not in Empoloyment. Education or Training) деген айдар тағып, атау берген. Басқасын қайдам, біздің елімізде бұл санаттағылардың қатары жыл сайын толыға түсуде. Қазақстан Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросының мәліметіне сүйенсек, елімізде 2021 жылғы үшінші тоқсан бо­йынша NEET жастар үлесі 6,7 пайызды құраған. Яғни елдегі 255 197 жас не жұмыс істемейді, не оқымайды. Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі 2020 жылға қарағанда бұл санаттағы жастардың 0,7 пайызға азайғанын мәлімдейді.

Статистикаға қарасақ, Қара­ғанды облысында жастардың 9,9 пайызы NEET санатына кіреді екен. Ақмола облысында бұл көр­сеткіш – 8,8 пайыз. Қызылорда жас­тарының 8 пайызы жұмыспен де, оқумен де қамтылмаған. Сол­түс­тік облыстарда көрсеткіш салыстырмалы түрде аз. Павлодар об­лысында NEET санатындағы жас­тардың үлесі 4,9 пайыз деп көр­сетілген. Ал Батыс Қазақстан об­лысында тіпті 2,7 па­йыз. Ресми ста­тис­тикаға сүйенсек, бәрі «қатып тұр».

Атқарушы билік тарапы жұмысы жоқ, оқуға құлықсыз жастардың санын азайту мәселесін, әлбетте, назардан тыс қалдырмайтынын айтады. Осы уақытқа дейін қабылданған түрлі құжат пен бағдарлама арасында аталған санаттағы жастардың санын қысқарту бағытын көздейтіндері де бар. Мәселен, «Ұлттық рухани жаңғыру» жобасы аясында жүзеге асатын «Тәуелсіздік ұрпақтары» бағы­ты 2025 жылға қарай NEET жас­тар көрсеткішін 5 пайызға дейін төмен­детуді көздейді.

Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Ведомствоаралық үйлес­тіру және өңірлік өзара іс-қимыл бас­­қармасының басшысы Асхат Ерға­былов 2021 жылы Республикалық жо­балық кеңсе құрылып, аймақтардағы жастар ресурстық орталықтарында NEET сана­тын­дағы жастармен жұмыс істейтін арнайы бөлімдер ашылғанын айтады. «11 аймақта жұмысын бастаған бұл бөлімдер көрсеткішті төмендетуге бел­сен­ді түрде кірісті», дейді ол. Бұл жоба гранттық негізде жүзеге асырылады. Бұған минис­трлік 39 млн 998 мың теңге бөлген. Министрлік өкілі респуб­ликалық жоба­лық кеңсе 2022 жылы да жұмысын жалғастыратынын мәлімдеді.

Ведомство өкілі коронадағдарыс салдарынан NEET санатындағы жас­тар санының артуы әлем бойынша байқалып отырғанын жеткізді. «Мә­с­елен, Еуростат мәліметіне сүйен­сек, 2020 жылы Еуропалық одаққа мү­ше елдерде аталған санаттағы жас­­тар саны 1,2 пайызға артып, 17,6 пайызға жетті. Бразилия, Колумбия, Кос­та-­Рика, Италия, ОАР, Түркияда жас­тар­­­­дың 25 пайызы жұмыспен, оқу­мен қамтылмаған. Қазақстан – «жасыл ай­мақта». Елі­мізде бұл санаттағы жас­тар са­ны са­лыс­­тырмалы түрде аз. Жал­пы, ха­лық­­аралық тәжірибеде NEET сана­тын­­дағы жастардың үлесін анық­тау үшін екі формула бар. Бірі – Ха­лық­­ара­лық еңбек ұйымының формуласы, бұл тәсілді Қазақстан қолданады. Екін­шісі – Еуропа кеңесінің Статистика қыз­ме­ті­нің (Еуростат) формуласы», дейді А.Ерғабыл.

Министрлік ақпаратына сүйенсек, елімізде жастарды санатқа бөлуде, NEET санатындағы жастардың үлесін анықтауда әдістемелік мәселелер бар көрінеді. Ұлттық статистика бюросы Халықаралық еңбек ұйымы методологиясына сәйкес есеп жүргізсе, кейбір орталық және жергілікті атқа­ру органдары бұл санатқа өзін өзі жұ­­мыспен қамтыған азаматтарды, «фри­лансерлерді» қосуды жөн көреді. Ал бұл тәсіл Статистика бюросының методологиясын жоққа шығарады.

Министрлік өкілінің сөзіне назар салсақ, жүргізілген зерттеу нәти­жесінде еліміздегі не оқуын жалғас­тырмай, не жұмысқа тұрмай, жұмыс істей алса да еңбекке араласпайтын мүмкіндігі шектеулі азаматтар, үй ша­руасындағылар NEET санатына жат­­­қызылады. Осы ретте Astana IT University Әлеуметтік ғылымдар де­пар­та­менті Саясат ғылымдарының қауым­­­дастырылған профессоры Диа­на Тоимбектің пікірі төмендегіге саяды.

«Ұлттық статистика бюросы назар­ға ұсынған дерекке жүгінсек, жас­тар арасындағы жұмыссыздық 2001 жыл­дан бері 16,1%-дан 2020 жылы 3,8%-ға төмендеген. Бұл – жалпы әлемдік деңгеймен салыстырғанда жақ­­сы көрсеткіш. Бірақ білім деңгейі бойын­ша сараласақ, пайыздық ара сал­­ма­ғында жоғары білімді, орта кә­сіп­­тік (арнаулы) немесе жалпы орта білімді жастар арасындағы жұмыс­сыз­дардың айырмашылығы үлкен емес. Ересектердің сауатын зерттей­тін ха­лықаралық PIAAC зерттеуінде елі­міздегі сауаттылық көрсеткіші жоға­ры және төмен азаматтар арасында үлкен айырмашылық жоқ екені және еңбек нарығымен кері өзара байланыс (корреляция) орнатып жатқаны туралы айтылған. Оған қоса зерттеу­ге қатысқан басқа мемлекеттерге қара­ғанда, Қазақстандағы жоғары білім­ді ересектердің денсаулығы, әлеуметтік сенімділігі мен саяси тиімділігі жақсы нәтиже көрсетпейді.

Аталған көрсеткіштер білім беру саласының жалпылама төмен сапасын білдіргенімен, бұған жан-жақты, үлкен себептер барын ескеру керек. Яғни әлеуметтік, экономикалық, саяси, тарихи, психологиялық факторлар тоғысып, өзара тығыз байланысып жатқанын ұмытпау керек», дейді Диана Тоимбек.

Сарапшы соңғы жылдары Қазақ­стан­­дағы білім беру саласының жалпы бюджеті жыл сайын өсіп, білім беру меке­мелері халықаралық деңгейге сай өз жемісін беріп жатқанын жоққа шыға­руға болмайды деген пікірде. «Қазіргі қазақстандықтарды, жалпы ал­ған­да, ел тарихындағы ең білімді ұр­пақ деп санау артық болмас. Алайда қа­ла­лар мен шалғай аймақтағы білім беру мекемелеріндегі материалдық ресурс және адам капиталы арасындағы көрсеткіштердің алшақтығы жер мен көк­тей. Яғни сапалы білім алу мүмкін­діктерінің өзі ауқымды теңсіз­діктің өршуіне жол беруде. Оған қоса болашақ ұрпақты тәрбиелеу мен білім беру мәсе­лесі қозғалғанда, көбіне тек жоғары бі­лім­ге ғана мән беріледі», дейді сарапшы.

Д.Тоимбек NEET санатындағы жастардың көбеюіне саяси және эконо­микалық мүмкіндіктердің шектеулі болуын тағы бір себеп ретінде көрсетеді. «Білімді жастардың шетелге кетуі, көбіне өз елінде оңтайлы мүмкіндік жасалмағанынан деп есептеймін. Ал елде қалған жастардың көпшілігі ман­сап­тық жағынан өсуге адал жету мүм­кін­дігіне бей-жай қарайды. Бұл жерде Үкімет ешқандай шара қолданбайды деп кесіп айтуға болмайды. Алайда он жерден халықаралық білім беру мекемелерін ашып, сонша реформа қабылданса да, «жалпы қолайлы орта» деген түсінікті естен шығармау керек. Яғни орталықтандырылған сая­­си-экономикалық институттар, демо­­кратия­лық принциптердің ашық жүр­­меуі, сыбайлас жемқорлықтың жап­пай орын алуы, жүйелі оппо­зи­ция­ның жоқтығы, непотизм секілді тәжірибелер жастар үшін тұйық шең­бер. Әрине, бұл бір күнде жөнделе салатын дүние емес. Десек те қазірден нақты қадамдар жасалатын болса, адам құндылықтарын жоғары қойған нағыз даму жолына түсеміз», дейді Диана Тоимбек.

Сарапшының пікірінше, көп жағ­дайда жастар арасындағы жұмыс­сыздық пен олардың болашағы туралы сөз қозғалғанда ел ағалары жиналып «дұрыс-бұрысын» саралап, «оң» жолды сызып бермекке тырысады. Оған қоса жастардың мүдделерін білдіру мен қолдауға шақырылған мемлекеттік қызметтегі жастар сол мүдделерді өз­дері көре алмағанынан жастар тарапынан үлкен сынға ұшырайды.

«Менің ойымша, саяси, әлеуметтік және экономикалық мүмкіндіктер жа­сал­ған соң, жастарға құлақ асып, еркін­дік беріп, сенім білдіру керек. Жастар арасындағы жұмыссыздық, өкінішке қарай, қай заманда да болатын дүние. Ол әлемнің ең дамыған елдерінде де қалыптасқан үрдіс. Бұл жердегі бас­ты мәселе – адал еңбегінің жемісін көруге ұмтылған жастарға барынша жақсы орта құру және мүмкіндігінше білім беру мекемелерінде өнегелік қағи­даларға баулудан бастау керек», деп түйіндеді Д. Тоимбек.

Түрлі зерттеулер көрсеткендей, көбіне әлеуметтік қажеттіліктері реттелмеген отбасында өскен балалар атал­ған санат қатарын толықтырады. Ең­бекке ерте араласуға мәжбүр болу, оқуын жалғастыруға мүмкіндігі болмау, мемлекеттік бағдарламалар туралы білмеу немесе мүлде қызығушылық танытпау салдарынан не оқымайтын, не жұмыс істемейтін жасқа айналады. Яғни жоғарыда айтылғандай, мәселеге тек бір қырынан қарауға бол­май­­ды. Мұнда отбасылардың әлеу­меттік жағдайы, ата-ананың бала тәрбиесіндегі жауапкершілігі, оның білім алуына жағдай жасауы, жас­тардың кәсіпте жетістікке жете алатынына сенуі сын­ды «көрінбейтін» себеп­тер бар. Жұмыс­сызға жұмыс тауып, оқымағанды оқуға түсіру арқылы мәсе­ленің шешіле қоймайтыны анық.

Президенттің жақында өткен Пар­ла­мент Мәжілісі отырысында ұсынған бірқатар бастамасы да осы кешенді жұмыстарды қамтиды. Яғни бюрократия жойылмай, сапалы білім қол­жетімді болмай, әлеуметтік әділдік мәселелері жолға қойылмай жұмыс істемейтін жастардың, ең жаманы еңбекке зауқы жоқтардың санын азайту қиын. Жаңа жылда жаңа құраммен іске кіріскен Үкімет мәселеге жан-жақты қарап, алдына қойылған мақсатқа жеткізер тиімді шешім қабылдайды деп сенеміз.